Accessibility links

Көктемге қарай кеншілер тиын санап қалуы мүмкін, кәсіподақ болса қауқарсыз


«АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының бас директоры Франк Паннир жұмысшылардың сыйақысын 30 пайыз деңгейінен асырмай есептеу туралы қаулы қабылдады. Ал кәсіподақ өкілдері кеншілердің айлығын көтеруді талап етуде.

– Компанияда жұмыс істейтін шахтерлердің айлығы осы уақытқа дейін 30-60 пайыздық сыйақымен бірге есептелініп келді. Ал бірқатар категориядағы жұмысшыларға 80 пайыздық сыйақы тағайындалған. Енді компания басшысының жаңа қаулысына сәйкес, барлық сыйақылардың деңгейі 30 пайыздан аспайтын болды. Әрине, біз бұған қарсымыз.
Сыйақыны шектеу – жалақыны азайтады. Ал атқарылатын жұмыс көлемі артып отыр. Әсіресе, штаттық ақысы төмен жұмысшылар жаңа өзгерістерден соң тиын санап қалатын болды. Бұған дейін айлық мөлшері сыйақылардың есебінен біршама жоғарылау болған еді, - дейді көміршілер кәсіподағының бөлім меңгерушісі Сергей Сивков.

Сергей Сивковтың айтуынша, мұндай шешімді компания басшылығы өндіріс көлемінің азаюымен түсіндірген. Бірақ кәсіподақ өкілдері басшылықтың осылай ақталуын орынсыз деп есептейді.

- Теңге девальвацияға ұшырап жатқан уақытта да «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының өнімдері шетел валютасымен сатылып жатыр. Яғни, теңгенің құнсыздануынан-ақ олар 25-30 пайыз ұтты, - дейді Сергей Сивков.

Сонымен жаңа өзгерістерге жұмысшылардың барлығы наразы. Сол себепті кәсіподақ компания басшылығына өз талаптарын ұсынған және оны орындату үшін заң аясында күресетіндігін мәлімдеп отыр.

- Қазіргі таңда еңбекақысын есептеудің бұрынғы жүйесін қалдыру керек деп есептейміз. Оған қоса біз айлық мөлшерін 2008 жылғы инфляция деңгейінде өсіруді талап етіп отырмыз. Бұл жағы ұжымдық келісімшартта қамтылған, сондай-ақ, «Еңбек туралы кодексте» де арнайы пункт бар, - деді кәсіподақ өкілі.

Бірақ, компания әзірге кәсіподақ талаптарына қатысты ешқандай жауап бермеген. Сөз болып отырған мәселеге орай «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы Азаттық радиосының сұрақтарын да жауапсыз қалдырды.

"АрселорМиттал Темиртау" – әлемдегі ең бай адамдар қатарындағы миллиардер Лакшми Миттал қожалық ететін трансұлттық ArcelorMittal құрамындағы жылына 5,5 миллион тонна өнім өндіретін ірі компания. Ол Қазақстандағы 15 көмір шахтасына және темір кеніштеріне ие. Компанияда 23 мыңға жуық адам жұмыс істейді.
XS
SM
MD
LG