Accessibility links

«Қорғау» кәсіподағы құқымызды қорғамайды дейді кеншілер


«Арселор Миттал» компаниясына қарасты Ленин атындағы шахтаның сыртқы көрінісі.

«Арселор Миттал» компаниясына қарасты Ленин атындағы шахтаның сыртқы көрінісі.

Шахтерлердің «Қорғау» кәсіподағынан кеткен бірнеше кенші азайып қалған айлық жалақыларын даулап, сотқа арызданған. Қазанның 8-інде Шахтинск қалалық сотында айлықтың қысқартылуына директордың бұйрығы мен кәсіподақ төрағасының хаты негіз болғаны анықталды.

Осы жаздың аяғында «Арселор Миттал» компаниясына қарасты Ленин атындағы шахтаның 10 кеншісі кәсіподақ қатарынан шығу туралы шешім қабылдап, арыз жазған болатын. Алайда, олар мұның соңы немен аяқталатындығын бағамдамаса керек. Әкімшілік тарапынан қысымға алынған 10-ның алтауы кәпіодаққа қайта қабылданған. Қалған төртеуі істі аяғына дейін жеткізетіндіктерін мәлімдеп отыр.

29 жасар Дмитрий Сенявскийдің айтуынша, бұл істе жұмыс берушінің заңсыз әрекеті көзге көрініп тұр, дегенмен соңғы сөз соттың шешімінде болмақ.

Кеншінің сөзіне қарағанда, бір ғана Ленин шахтасы емес, «Арселор Митталдың» барлық кәсіпорындарында жұмыс істейтін кеншілердің жалпы жағдайы мәз емес. Алайда олар жұмыстан айрылып қалу немесе айлықтан қағылу сияқты түрлі жайттардан қорыққандықтан үндемей жұмыстарын істеп жүре беруге әзір. Сондықтан да өздері соңғы бірнеше ай бойы айлықтарын толық алмаса да, шыдап баққан көрінеді.

Ал кеншілердің құқын қорғау масты міндеті болып табылатын «Қорғау» кәсіподағы кеншінің емес, жұмыс берушінің мүддесіне қызмет етеді дейді Азаттық радиосына сұхбат берген Дмитрий Сенявский.

- Біз кәсіпорын жұмысымен қанағаттанбағандықтан оның қатарынан шығып кеттік. Бүгінгі таңда кәсіподақтың тындырып жатқаны шамалы. Айлығымыз азайып барады, ал жұмыс жағдайы сол қалпы еш өзгеріссіз, - дейді кенші.

Дмитрий мен оның әріптестері құқықтарын «Кеншілер отбасы» қоғамдық бірлестігімен бірлесе қорғауда. Бірлестік жетекшісі Наталья Томилова кеншілердің кәсіподақтан шығып кетуі бұрын соңды кездеспеген жайт екендігін айтқан еді.

- Кеншілер құқтарын өздері қорғамақшы. Олар қай ұйымға мүше болғысы келеді, сол ұйымға мүше болуға құқылы. Бұл жағдайда кәсіподақ ешқандай негізсіз кеншілерді алалап отыр. Кәсіподақ мүшелеріне жеңілдіктер мен қосымша көмектер беріледі, басқаларына назар аударылмайды. Еңбек стажына қатысты ай сайын берілетін материалдық көмек пен басқа да жеңілдіктерді жұмыс беруші барлығына бірдей төлеуі тиіс қой, - дейді Наталья Томилова.

Кәсіподақ қатарынан шыққан 4 кенші «Арселор Миттал» компаниясының басшылығына қарсы сотқа талап-арыз түсірген. Кеншілер әрқайсысынан орта есеппен 20 мың теңге көлемінде жалақыларынан ұсталып қалған ақшаның қайтарылуын талап етіп отыр.

Дмитрий Сенявский кеншілердің арызын қараған Шахтинск қалалық сотының бейсенбі күнгі алғашқы мәжілісінде қызық жайттың анықталғандығын айтады.

- Біз барлық есеп-қисапты шахтаның әкімшілгі жасайды деп ойлағанбыз. Алайда бүгінгі сот отырысында біздің айлықтарымыздан белгілі сомаларды ұстап қалуға – бас директордың бұйрығы мен кәсіподақ төрағасының хаты негіз болғандығы анықталды, - дейді радиомызға сұхбат берген Дмитрий Сенявский.

Ал бұл іске қатысты, «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағына хабарласқанымызда, оның төрағасы Марат Миргоязов, бұл сөздерді жоққа шығарды. 20 мыңға жуық кенші тіркелген кәсіподақтан 4 адамның шығып кеткені біз үшін аса маңызды емес деген төраға, оларды біреулер үгіттеп жүрген болуы мүмкін деген ой айтты.

Сондай-ақ Марат Миргоязов, егер кеншілер кәсіподақ қатарына қайтып келсе, біз олардан бас тартпаймыз дейді.

Дегенмен бұл істі аяғына дейін жеткізуге бел буған 4 кенші, соттың қазанның 15-інде өтетін ендігі отырысына дайындалуда.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG