Accessibility links

"Гефест" бірлестігіне қарасты шахталарда да еңбек қауіпсіздігінің ережелері сақталмайды


Қарағанды облысындағы “Гефест” көмір өндіруші кәсіпорындар қауымдастығына қарасты 4 шахтада еңбек заңының және техникалық қауіпсіздіктің сақталмауы жайттары анықталды. Осындай немқұрайдылықтар салдарынан осы кен орындарында өткен жылы 12 рет төтенше жағдай орын алыпты.

"Миттал Стил" АҚ мен "Қазақмыс" корпорацияларының кен орындарындағы апаттарға байланысты тексеріс атаулының барлығы сонда жүрген соң, "Гефестке" қарасты шахталар осы уақытқа дейін назардан тыс қалып келген дейді қауіпсіздік инспекторлары.
Жыл аяғына таман еңбек инспекторлары Байжанов атындағы және Киров атындағы, Батыр ЖШС-ы мен Западная шахталарында рейд жүргізді. Бұлардың төртеуі де "Гефест" бірлестігіне қарайтын кен орындары.

Рейд барысында шахталардағы бекіту құрылғыларының ескіргені және тозығы жеткен техникаларды қолдану мысалдары сияқты бірқатар кемшіліктер анықталды. Осы жағдайларға байланысты Батыр және "Западная" ЖШС- не қарасты шахталар екі күнге өз жұмыстарын тоқтатып, олар сол олқылықтардың көзін жойған.
Лавадағы техиканың уақтылы жаңартылуы кенші өмірінің кепілі. Қарағанды

Мәселен тексерісте анықталған жағдайға байланысты "Западная" шахтасында 7 ленталық конвейердің жұмысы тоқтаған. Екі шахтаның жұмысы екі күнге тоқтау дегеннен мекемеге қаншалықты шығын келгенін аңғару қиын емес. Дегенмен сол екі шахтадағы олқылықтардың барлығын екі ақ күнде жою рекордты көрсеткіш дейді мамандар.

"Басқа түссе баспақшыл" демекші, алқымға тақалғанда еңбек туралы заңды да, техникалық қауіпсіздікті де сақтауға болады екен. Айта кету керек өткен жылы осы шахталарда тиісті техникалық ережелердің сақталынбай, төтенше жағдайлардың орын алуынан көптеген адам ауыр жарақаттар алса, 2 кенші қаза болған екен.

Мамандардың айтуынша "Миттал Стил" АҚ қарасты шахталарға қарағанда жоғарыда аталып өткен кен орындары орналасқан жер астында жарылыстың бірінші себепкері болатын метан газының мөлшері анағұрлым аз келеді. Сондықтан бұл шахталарда анау айтқандай жарылыстар бола қоймаса да, тозығы жеткен техниканы жұмысқа салу мен техникалық қауіпсіздіктің сақталмауы өткен жылы "Қазақмыс" корпорациясының Сәтбаев кен орнында және "Миттал Стилдің" Абай атындағы шахтадасында болғандай апаттарға алып келуі әбден мүмкін деп ескертеді теника қауіпсіздігі қызметі.
2008 жылы 11 қаңтарда Абай атындағы шахтада болған апат кезінде 30-дан аса кенші қаза тапқан болатын, жақында құрбан болған шахтерлерге мемориалдық тақта орнатылды.
XS
SM
MD
LG