Accessibility links

Еңбек мүгедектері «Қазақмысты» тағы сотқа берді


"Қазақмыстың" бас директоры Олег Новачук. Қытай, Гонконг, 28 маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

"Қазақмыстың" бас директоры Олег Новачук. Қытай, Гонконг, 28 маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

«Қазақмыстың» Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы мүгедек жұмысшылары өтемақыны ұлғайтуды тағы талап етті. Ал корпорация мұнымен келіспейді.

Екінші топтағы мүгедек, 52 жастағы Жұмабек - «Қазақмыс» корпорациясын сотқа бергендердің бірі. 2008 жылға дейін шахтада үңгуші болып жұмыс істеген ол кәсіби ауруға шалдыққан соң жұмыстан шығуға мәжбүр болған.

22 АДАМНЫҢ ШАҒЫМЫ

Жұмабек кәсіпорында жұмыс істеп, денсаулығынан айырылған мүгедектердің алатын өтемақысын мардымсыз деп есептейді. Енді ол өзі сияқты 22 талапкермен бірге сот арқылы өтемақыны ұлғайтуға тырысып көреді. Олардың талабы – «әділетсіз ұжымдық шартты» заңсыз деп тану.
"Қазақмыс" корпорациясының жұмысшылары жалақыны өсіру талабымен ереуілге шықты. Жезқазған, "Анненский" кеніші, 6 мамыр 2012 жыл.

"Қазақмыс" корпорациясының жұмысшылары жалақыны өсіру талабымен ереуілге шықты. Жезқазған, "Анненский" кеніші, 6 мамыр 2012 жыл.


— Менің ойымша, кәсіби ауруға шалдыққандар мен өндірістік жарақат алғандарды алалау бар. Біреулер төлемақы мен жеңілдіктерді көп алады. Ал енді біреулерге, мысалы мен сияқты кәсіби ауруға шалдыққан жандарға, сол кәсіпорында жұмыс істеп, денсаулығымыздан айырылып, мүгедек болсақ та аз төленеді. Менің омыртқам зақымданған, ал өкпем шахтаның шаң-тозаңынан беріш болып қатып қалған. Енді, міне, үйде отыруға мәжбүрмін, ал зейнет демалысына шығуға әлі ерте. Дұрыс ем қабылдауға жағдай жоқ. Шипажайға жолдама алу да қиын. Қазір өз басым кәсіби сырқатым үшін 100 мың теңге көлемінде төлемақы аламын, бірақ бұл сомадан көп алуға тиіспін деп есептеймін. Егер жұмыс істесем, 500 мың теңге алар едім, - деді Жұмабек Азаттық тілшісіне.

Журналистпен ашық әңгімелескені үшін шипажайға жолдама ала алмай қалуы мүмкін екенін ескерткен ол толық аты-жөнін айтпауды өтінді.

Талап-арыз жазған тағы бір адам Иван Лазарешин - үшінші топтағы мүгедек. Ол да кәсіби ауруға шалдыққан. Кәсіпорында әлі жұмыс істейтінін, бірақ жеңіл жұмысқа ауысқанын айтты. Ол шахта үстінде слесарь-сантехник болып істейді екен.
Талап-арыз берушілердің бірі Иван Лазарешин. Қарағанды, 11 қаңтар 2012 жыл.

Талап-арыз берушілердің бірі Иван Лазарешин. Қарағанды, 11 қаңтар 2012 жыл.


– Комбинат бізге, екінші топ мүгедектеріне, алты жыл жұмысы үшін, ал үшінші топтағы мүгедектерге екі жыл үшін бір рет берілетін жәрдемақы төлеуі тиіс. Жұмыс істегендіктен, сотқа қатыса алмаймын. Сотта біздің мүддемізді заңгер Әбілда Әбдікәрімов қорғайды, - дейді Иван Лазарешин.

Қарағандылық заңгер Әбілда Әбдікәрімов Азаттық тілшісіне «Қазақмыс» корпорациясы мен кәсіподақ комитетінің арасында бекітілген ұжымдық шартты заңсыз деп тану туралы талап-арыздың Қарағанды қаласындағы Қазыбек би атындағы №2 аудандық сотында қаралып жатқанын хабарлады.

– Біздегі ақпарат бойынша, ұжымдық шартта мүгедек қызметкерлер жұмыс кезінде мертігіп, жарақат алған бірінші-үшінші топ мүгедектері болып екі топқа бөлінген. Оларға өтемақы кідіріссіз төленеді. Кәсіби ауру салдарынан мүгедектік мәртебесін алған бірінші-үшінші топ мүгедектері деген тағы бір топ бар. Мүгедектердің бұл тобына медициналық сақтандыруды ресімдеу арқылы өтемақы төлеу қарастырылған. Бірақ сақтандыру бойынша өтемақы алу қиындау, - деп түсіндірді талапкер тараптың өкілі Әбілда Әбдікәрімов.
Заңгер Әбілда Әбдікәрімов. Теміртау, 28 мамыр 2012 жыл.

Заңгер Әбілда Әбдікәрімов. Теміртау, 28 мамыр 2012 жыл.


Ол ұжымдық шарттың нормалары конституция талаптарына, атап айтқанда, 14-бапқа қайшы екенін айтты. Бұл бап бойынша, «заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең» және «тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни сенімі мен нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді қандай да бір кемсітуге жол берілмейді».

– Ұжымдық шартта жұмыс кезінде алған жарақат пен кәсіби ауру зардаптары ескерілмеген. Ұжымдық шартта бірінші, екінші және үшінші топ мүгедектері деп танылған жандарға Қазақстан республикасының азаматтық кодексінің 937-бабына сәйкес, орташа еңбекақы төленетіні көрсетілген, - дейді талапкерлердің қорғаушысы.

Оның айтуынша, азамат жарақат алса немесе денсаулығына басқа да зақым келсе, зардап шегушінің жоғалтқан табысы (кiрiсі), денсаулығына зақым келуден туындаған шығындар, егер зардап шегуші көмек пен күтiмнiң осындай түрлерiне (емделу, қосымша тамақтану, дәрi-дәрмек сатып алу, протез салғызу, бағып-күту, санаторий-курортта емделу, арнайы көлiк құралдарын сатып алу, басқа мамандық алу және т.б. шығындар) мұқтаж және оларды тегiн алмайды деп танылса, мұндай шығын өтелуі керек.
"Қазақмыс" кәсіпорны. "Глобал Витнесс" ұйымының фотосы.

"Қазақмыс" кәсіпорны. "Глобал Витнесс" ұйымының фотосы.


Бұл мәселенің басқа қырлары да бар:

– Жоғалтқан табысты (кiрiстi) анықтау кезiнде жарақаттануына немесе денсаулығына өзгедей зақым келуiне байланысты зардап шегушіге мүгедектiк бойынша тағайындалатын жәрдемақы, денсаулығына зақым келгенге дейiн де, одан кейiн де тағайындалған басқа да жәрдемақы түрлерi, одан бөлек, зейнетақы төлемдерi де өтемақы есебiне қосылмайды. Зиянды өтеу есебiне зардап шегушінің денсаулығы зақымданғаннан кейiн алатын табысы да кірмейді, – деді Әбілда Әбдікәрімов.

Талапкерлердің өкілі ретінде ол соттан ұжымдық шартты заңсыз деп танып, оны мүлде бұзуды өтініп отыр.

«ҚАЗАҚМЫСТЫҢ» ТҮСІНІКТЕМЕСІ

«Қазақмыс» корпорациясындағылар талапкерлердің бұл дәйектерімен келіспейді. Азаттықтың сауалына корпорациядағылар жұмыс беруші мен «Қазақмыс» қызметкерлерінің арасындағы 2011-2013 жылдарға арналған ұжымдық шартта онсыз да заң жүзінде белгіленген деңгейден жоғары мөлшерде өндірістегі жазатайым оқиға салдарынан және кәсіби ауруға шалдығып, еңбекке жарамдылық қабілетінен айырылған жандарға қосымша, бір рет төленетін төлемдер ерікті түрде қарастырылғанын айтты.
Мүгедек-шахтерлердің бастамашыл тобы "Қазақмыс" корпорациясымен қыстан бері соттасып келеді. Қарағанды, 11 қаңтар 2012 жыл.

Мүгедек-шахтерлердің бастамашыл тобы "Қазақмыс" корпорациясымен қыстан бері соттасып келеді. Қарағанды, 11 қаңтар 2012 жыл.


«Қазақмыс» тобының корпоративті байланыстар департаменті өндірістегі жазатайым оқиға салдарынан қаза болған адамның отбасы мүшелеріне оның жылдық орта табысының он еселенген мөлшерінде өтемақы төленетінін жазған. Бұдан әрі түсініктемеде жарақат алу күні мен жағдайларына, кәсіби ауруға шалдығу мерзімі мен мүгедектік тобына қарай қызметкерлердің әр түрлі категориясына тағайындалатын өтемақы түрлері бойынша түсінік берілген. Атап айтқанда:

- Өндірістегі жазатайым оқиға салдарынан (2008 жылдың 1 қаңтарынан кейін болған) еңбекке жарамдылық қабілетінен айырылған қызметкерлерге - бірінші немесе екінші топ мүгедектеріне, кәсіби ауруға шалдығып, еңбекке жарамдылық қабілетінен айырылып, бірінші топ мүгедегі деп алғаш танылған (2008 жылдың 1 қаңтарынан бері) қызметкерлерге жылдық орта табысының бес еселенген көлемінде өтемақы төленеді.

- Кәсіби ауруға шалдығып, еңбекке жарамдылық қабілетінен айырылған, екінші топтағы мүгедектікке алғаш шығарылған (2008 жылдың 1 қаңтарынан бері) және «Қазақмыс» корпорациясындағы үзіліссіз жұмыс стажы 1997 жылдан бастап 10 және одан да көп жылды құрайтын қызметкерлерге төлемақы жылдық орташа еңбекақысының бес еселенген көлемінде есептеледі.
"Қазақмыс" корпорациясының бұрынғы басшысы Владимира Нидің қазасына арналған қаралы жиында осы корпорацияның президенті Владимир Ким сөйлеп тұр. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл.

"Қазақмыс" корпорациясының бұрынғы басшысы Владимира Нидің қазасына арналған қаралы жиында осы корпорацияның президенті Владимир Ким сөйлеп тұр. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл.


- 2008 жылдың 1 қаңтарынан кейін өндірісте болған жазатайым оқиға салдарынан (еңбек жарақатын алу) еңбекке жарамдылық қабілетін жоғалтып, мүгедектердің үшінші тобына алғаш шығарылған қызметкерлерге жылдық орташа табысының екі жылдық көлеміне дейінгі мөлшерде өтемақы төленеді.

- Кәсіби ауруға шалдығып, еңбекке жарамдылық қабілетінен айырылған, үшінші топтағы мүгедектікке алғаш шығарылған (2008 жылдың 1 қаңтарынан бері) және «Қазақмыс» корпорациясындағы үзіліссіз жұмыс стажы 1997 жылдан бастап 10 және одан да көп жылды құрайтын қызметкерлерге төлемақы жылдық орташа еңбекақысының екі еселенген көлемінде есептеледі.

Корпорацияның ресми хатында «Қазақмыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2011-2013 жылдарға арналған ұжымдық шартта тек кәсіби ауруға шалдығу салдарынан еңбекке жарамдылық қабілетінен айырылған екінші және үшінші топтағы мүгедек қызметкерлерге бір рет берілетін қосымша төлем зардап шеккен қызметкерлердің пайдасына ерікті түрдегі медициналық сақтандыру келісім шартын бекіту арқылы төленеді. Бұл ереже зардап шеккен қызметкерлерді оңалту және еңбекке қабілетін қалпына келтіру мақсатында қызметкерлердің өкілдерімен бірге қабылданды», - деп жазылған.

Сондай-ақ корпоративті байланыстар департаменті өтемақының заңда қарастырылған барлық алым-салықтарды ескере отырып және жазатайым оқиға немесе кәсіби ауруға шалдығу кезінде қызметкердің кінәсі жоқ болған жағдайда төленетінін көрсеткен.

«Қазақмыс» корпорациясы Азаттыққа берген түсініктемесінде «Төлемақыдан үміткердің отбасының әр мүшесіне төлем белгілеу және оның мөлшері туралы шешімді міндетті түрде екі тараптың өкілдерінен арнайы құрылған комиссия қабылдайды. Комиссия шешімінсіз ешқандай төлем жасалмайды» деп жазған.
  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG