Accessibility links

Сенаторлар ішкі істер министріне мектеп инспекторы деңгейіндегі сұрақтар қоюмен шектелді

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Серік Баймағанбетов, Қазақстан ішкі істер министрі. Астана, 2009 жыл. Ресми сайттағы сурет. http://www.mvd.kz

Серік Баймағанбетов, Қазақстан ішкі істер министрі. Астана, 2009 жыл. Ресми сайттағы сурет. http://www.mvd.kz

Қазақстан ішкі істер министрі Серік Баймағамбетов азаматтардың құқықтарының сақталуы мен бостандықтары мәселесі жөнінде Cенатта есеп берді. Министрдің сөзіне қарағанда, елде қылмыс деңгейі бірнеше есеге қысқарған. Ал сенаторлар министрге мектеп инспекторы деңгейінен асатын сұрақтар қоя алмады.

Ішкі істер министрі Серік Баймағамбетовтің баяндамасына құлақ түретін болсаңыз, елде барлық жасалынатын қылмыстардың деңгейі өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда қысқарған. Бұл министрдің сөздерімен айтатын болсақ, президенттің көрегендік саясатының арқасында, Жол картасы бағдарламасының іске асуына байланысты.

Дегенмен, қылмыстық істердің бел ортасы болып, Алматы қаласы саналады екен. Ішкі істер министрінің сөздерінен мысал келтірсек, мұнда Қазақстандағы қылмыстардың жетпіс пайызы орын алады.

Сонымен бірге Шығыс Қазақстан облысы, Ақтөбе, Қарағанды қалаларында да қылмыс өршіп тұр. Ал қылмыстың түпкі себебі, көбіне тұрмыстық зорлық-зомбылықта жатыр.

Дегенмен де, азаматтардың полиция тарапынан бостандықтары мен құқықтарының сақталуы жөнінде мүлде ауыз ашпаған министрмен қоса, сенаторлар да бұл сұрақты жылы жауып қойды. Олар мектеп инспекторы деңгейіндегі мәселден артыққа бармады.

Ал төрт жылға бас бостандығынан айрылған Евгений Жовтиске байланысты Адам құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық ұйымдардың Қазақстан билігіне жасаған мәлімдемесіне қатысты министр мырза былай деп қысқаша қайырды.

- Бұл іске қатысты сот шешімі шығады. Заңгер ретінде мен сот шешіміне түсініктеме бере алмаймын. Тергеу ісін де Бас прокуратура өз қолына алған. Мен бір нәрсені ғана айтқым келеді. Сот тәжірибесі көрсеткендей, елде жетпіс пайыздан астам осындай қылмыс жасаған адам бас бостандығынан айыру жазасына кесілген, - деді министр журналистердің сұрақтарына.

Қазақстандағы Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис қыркүйек айының басында жол жүру ережесін бұзу арқылы кісі өліміне себепкер болды деген айыппен төрт жылға бас бостандығынан айрылған болатын. Қазақстан сотының бұл үкіміне халықаралық ұйымдар наразылық танытқан еді.

Ал құқық қорғаушы Болатбек Біләлов болса, Қазақстанды полициялық мемлекет деп есептейді. Ол полиция тарапынан азаматтардың құқығы барлық жерде бұзылатындығын айтады.

- Арнайы форма киген полициялардың менталиеті өкінішке қарай, сол совет дәуіріндегі күш көрсету деңгейінде қалып қойған. Олар мемлекеттің өкілі екендіктерін ұмытып кетеді. Қарапайым ғана мысал, форма кигендер көшеде кетіп бара жатқан жас балаларға тиісіп, олардан ақша сұрап, темекі сұрап, әлімжеттік көрсетеді. Оларға қарсы шықсаң, қолыңды теріс айналдырып, арнайы мекемеге қамап қояды. Міне бүгінгі қазақ полициясының мәдениеті,- деңгейі дейді құқық қорғаушы Болатбек Біләлов.

Болатбек Біләлов өзінің де Астанада өткізілген митингілерде құқық қорғаушы ретінде мониторинг жүргізгені үшін тергеуге алынып, сотқа біраз сүйрелгенін айтады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG