Accessibility links

Ақпарат министрлігі ме, әлде «шындық мекемесі» ме?


Дәурен Абаевтың президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы кезіндегі суреті.
Дәурен Абаевтың президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы кезіндегі суреті.

Қазақстанда «жер наразылығынан» соң құрылған ақпарат және коммуникация министрлігі басшылығына ел президентінің бұрынғы баспасөз хатшысы тағайындалды. Кей сарапшылар министрлік қудалаумен айналысады деп қауіптенеді.

Қазақстанда бұрын-соңды болмаған жаппай наразылықтан соң жер кодексіне енгізілген даулы түзетулерге кеше мораторий жариялаған кезде президент Нұрсұлтан Назарбаев құруға пәрмен берген ақпарат және коммуникация министрлігі басшылығына өзінің баспасөз-хатшысы Дәурен Абаевты қойды. Ол жаңа қызметке Назарбаев тап болған күрделі кезеңде тағайындалып отыр, Қазақстанның жаңа тарихында мұндай наразылық акциясы болмағалы қашан. Назарбаев елдегі жаппай қарсылық акциялары артында «арандатушылар» тұр дегенімен ешкімнің аты-жөнін атамады.

Мамырдың 5-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елде екі апта бойы қызу талқының тақырыбына айналып, «жер сатуға қарсы» қарсылық шерулеріне түрткі болған жер кодексіне соңғы енгізілген түзетулерге мораторий жариялады. Бұған қоса Назарбаев жаңадан ақпарат және коммуникация министрлігі құрылатынын мәлімдеді. Мекеме «ақпараттық қиындықтарды жеңуге қатысты» барлық мәселелерді міндетіне алмақ. Басқаша айтқанда, ақпарат және коммуникация министрлігі «жер мәселесі» сияқты өткір проблемаларға жедел жауап қату үшін БАҚ және әлеуметтік желілерге (оның ішінде жеке аккаунттар да бар) мониторинг жасаумен айналысатын болады.

– Барлық түрдегі БАҚ [меншік] иелері Қазақстан дамуының қазіргі кезеңінде өз жауапкершілігін түсінуі тиіс. Қазір ымырашылдықпен айналысатын уақыт емес, елді сақтап қалуымыз керек. Қазір оңай заман емес, қазақстандықтар Украинадағы жағдайдың бізде болғанын қаламайды, мен мұны білемін, басқалар да естісін. Ал сондай жағдайларды елімізге әкелгісі келетіндер болса – ең қатаң шаралар қолданатынымыз естеріңде болсын, айтпады демеңдер, -деп мәлімдеді Назарбаев Астанада өткен жиында.

Атыраудағы қарсылық шеруі. 24 сәуір 2016 жыл.
Атыраудағы қарсылық шеруі. 24 сәуір 2016 жыл.

Бұқаралық ақпарат саласына «жетекшілік ету» үкіметте бір министрліктен екіншісіне жиі ауысады. Кеше ғана ақпараттық саясатқа инвестиция және даму жөніндегі министрлік жауапты еді, оның ішінде байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті БАҚ-пен байланыс жасайтын маңызды мекеме болатын. Енді ол міндетті жаңа мекемеге жүктеген кезде Назарбаев инвестиция және даму жөніндегі министр Әсет Исекешовтың ол шаруаға «шамасы келмей жатыр, ол басқа міндеттерін атқарып алсын» деген уәж айтты. Министрлік мемлекеттің ақпараттық саясатын түзіп, қазақстандық БАҚ-тағы барлық мемлекеттік тапсырыстың қалай орындалатынын қадағаламақшы.

– Ақша қайда кетіп жатыр? Біз тапсырыс беріп, ақша төлейміз, ал олар (БАҚ) біз қалағандай жұмыс істемейді. Мемлекеттен ақша алады, бірақ, қалай болса солай жұмыс істейді, - деді Назарбаев министрлерге қарата айтқан сөзінде.

САРАПШЫЛАР ПІКІРІ

Жаңа министрлік құрылатыны жарияланған алғашқы сәтте оны қолдағандар көп болған жоқ. Қазақстанда барлық әлеуметтік желілерді уақытша өшіру туралы ұсынысымен қоғам назарына ілінген заңгер Жангелді Сүлейманов Facebook желісінде бұл шешімді құптайтынын білдірді.

«Жаңа министрлік әлеуметтік желілерді бақылайтын болады – демек мұндай бақылауды реттейтін заң да шығады. Демек, әлеуметтік желілерді реттейтін заң қабылдау қажеттігі туралы айтқаным дұрыс болып шықты ғой. Президенттің бұл шешімін толық қолдаймын», - деп жазды Жангелді Сүлейманов өз парақшасына.

Блогер және бұрынғы ауылшаруашылық министрінің орынбасары Марат Толыбаев Азаттыққа берген пікірінде бұл министрліктің неліктен құрылып жатқанын түсінетінін айтты, бірақ онсыз да жүре беруге болар еді деген ойын да жеткізді.

– Егер батыс елдері және АҚШ-ты алып қарасақ, оларда мұндай министрлік атымен жоқ. Алайда бұл өзі жерді беру сияқты: негізінде жер шетелдіктерге де сатылуы тиіс, бірақ дәл қазір емес. Сондықтан әзірше министрліктен де бас тартуға болмайды. Мұндай министрліктің бұған дейінгі тәжірибесіне сүйенер болсақ, негізінен екі міндетке баса мән беріледі: мемлекеттік саясатты насихаттау және қоғамдық пікірді бақылау ұстап, оны қажетті бағытқа бұру, - дейді Марат Толыбаев.

Полиция «жер мәселесі» жайлы баспасөз мәслихаты болады деп жоспарланған Ұлттық баспасөз клубы алдынан оппозициялық журналист Ермұрат Бәпиді ұстап әкетіп барады. Алматы, 29 сәуір 2016 жыл.
Полиция «жер мәселесі» жайлы баспасөз мәслихаты болады деп жоспарланған Ұлттық баспасөз клубы алдынан оппозициялық журналист Ермұрат Бәпиді ұстап әкетіп барады. Алматы, 29 сәуір 2016 жыл.

Марат Толыбаевтың пікірінше, жаңа министрлік билікпен «келіспейтін» БАҚ-ты жазалау міндетін атқармайды, себебі ондай шаруамен басқа мекемелер – ІІМ және прокуратура бұрыннан айналысып келеді. Өз кезегінде, оппозициялық журналист Сергей Дуванов жаңа министрлік үйреншікті «тыйым салу, қадағалау әдістерін» қолданып жұмыс істейтін болады дейді.

– Биліктің әрекеті жалғыз жасушалы жәндіктің ток соққан кезде қармауышын тартқанына ұқсайды, - дейді Дуванов салыстырмалы түрде. – Оның [наразылыққа] реакциясы – осындай министрліктер құру, билік қоғам кернеуін осылай басуға болады деп ойлайды. Билік мүддесіне қызмет еткізу мақсаты сол қалпы жалғаса береді, тек ол қосымша күшке ие болады.

Азаматтық белсенді Айдос Сарым жаңа министрлік құру – шерулерден қауіптенген биліктің «қорғанған» түрі деп санайды. Бұған қоса Сарым әңгіме қолданыста бар құрылымға институционалдық реңк беру туралы дегенге қосылады.

– Қазір ОКҚ [Орталық коммуникациялар қызметі] деп аталатын құрылым бар. Жүзден астам адам қызмет ететін ОКҚ қызметінің бірі – әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу. Сондықтан мұның еш жаңалығы жоқ: бұрын онымен мемлекеттік республикалық кәсіпорын айналысса, енді министрлік айналысатын болады, - деді Айдос Сарым Азаттыққа.

КҮМӘН МЕН ҚАУІП

Жаңа министрлік туралы жаңалық әлеуметтік желілердің қазақстандық сегментінде едәуір талқыланды. Министрліктің құрылуын Қазақстанда өткен қарсылық шерулерімен байланыстырған Facebook пайдаланушылар жаңа министрлікті Джордж Оруэлдің «1984» антиутопия кітабындағы «Шындық министрлігіне» (Шынмин) теңеді.

Еске сала кетейік, ол шығармада Шынмин түрлі тарихи ақпараттарды (статистикалық деректер, тарихи фактілер) өмірдің барлық саласында: БАҚ, кітаптар, білім, өнер және спортта үздіксіз бұрмалаумен айналысады. Желі қолданушыларының көпшілігі мемлекет тіпті әлеуметтік желідегі жеке аккаунттарға мониторинг жасап, «ойша қылмыс жасаушыларды» аулауға кіріспей ме деген қауіп айтады. Кейбір құқық қорғаушылар да бұл пікірге қосылады.

– Ресми түрде жаңа ақпарат және коммуникация министрлігінің ережесі қалай айтылса да, бұл мекеменің қандайда бір ішкі құпия, жартылай құпия, қызметтік құжаттары мен кадрлық құрамы бізде енді басқадай күш, басқа барлаушылар, қоғамдық пікірді бақылаушылардың көмегімен интернетте жаппай саяси аңду бастауға ықпал ете ме деп қорқамын. Азаматтардың ерік-жігерін шектеп, арандатушыларды тежеу және дер кезінде әшкерелеуді көздейді немесе шынымен де қоғамның мұң-мұқтажына дер кезінде назар аудару мақсаты қойылады, - дейді баспасөз құқығын қорғайтын «Әділ сөз»ұйымы жетекшісі Тамара Калеева.

Калееваның пікірінше, бұған дейін де болған, талай рет қайта құруды басынан өткерген министрлікке алғаш рет қоғамдық пікірді зерттеу міндеті қойылып отырғаны – «бекер емес».

«Правовой медиа-центр» қоғамдық қоры жетекшісі Диана Окремова да мұның «жақсылығы жоқ» деп біледі және жаңа министрліктің басты міндеті – БАҚ пен әлеуметтік желілерді бақылауды күшейту болады деп санайды.

– Әрине, БАҚ-пен көлік, ғарыш және т.б. басқаратын министрліктің айналыспағаны қисынды. Бірақ министрлік сипаттамасындағы міндеттерді саралай келе, негізгі күш әлеуметтік желілерді, сайттарды бақылауға салына ма деп қорқамын. Мақсат біреу – бақылауда ұстау. Бұл соңғы уақытта күшейіп келе жатқан тренд., - деді Диана Окремова Азаттыққа.

Бұған қоса Окремова жаңа министрлік құзыретіне берілген мемлекеттік тапсырысқа қатысты да айтарлықтай өзгеріс болмайды деп санайды.

– Тендерлер мен тікелей қаржыландыру осыған дейінгі болған қалпында қала береді. Тек қазір мемлекеттік тапсырыс бойынша [нақты] есеп береміз деп уәде етіп отыр. Онысы жақсы, - дейді «Правовой медиа-центр» жетекшісі.

Мамырдың 6-сы күні кешке ақпарат және коммуникация министрі болып Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Дәурен Абаев тағайындалғаны белгілі болды. Ол бұрынғы қызметін басқа біреуге тапсырып, жаңадан құрылған министрлік жұмысын аяққа тұрғызуға кіріспек.

(Орысшадан аударған – Динара Әлімжан.)

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG