Accessibility links

Ем таба алмай дертіне, «Оян, қазақ!» деп жар салған Міржақып Дулатұлы


Алаштың үш арысы (солдан оңға): Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы.

Алаштың үш арысы (солдан оңға): Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы.

ХХ ғасырдың басында бойкүйездік басқан халқын отты өлеңімен оятып, өнер-білімге, еркіндікке үндеген Міржақып Дулатұлының туғанына биыл 125 жыл толады. Алашқа азаттық әперу жолында басын ажалға байлаған ақын осыдан 75 жыл бұрын айдауда жүріп өмірден өткен еді.


АЛАШТЫ ОЯТҚАН – «ОЯН, ҚАЗАҚ»

Тарихшылар Міржақып Дулатұлының қоғамдық-саяси қызметі 1905 жылы Қарқара жәрмеңкесінде қазақтардың Ресей патшасына тарихи құзырхат жазған кезінен басталғанын айтады. Осы құзырхатты ұйымдастырушылардың бірі Міржақып болған.

Тарихи деректер бойынша, Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» өлең кітабы 1909 жылы Қазан қаласындағы «Шарқ» баспасынан шыққан. Тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелдиевтің айтуынша, «Оян, қазақ» кітабы ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы түрлі топтардың бәрінің көңілінен шыққан.

– Ресей патшалық үкіметінің шымбайына тиген кітап болды бұл. Бір қызығы, «Оян, қазақ» сол кездегі қазақ зиялыларына да ұнады. Қазақ халқының да ойынан шықты. Сондай-ақ, дін адамдарының да көңілінен шықты. «Оян, қазақтың» елге ұнағаны соншалықты, кітапты мешіттер, молдалар елге таратты. Осыдан-ақ, бұл кітаптың мән-мағынасын, маңызын байқауға болады. Патша өкіметі кітап авторының соңына түсті. Ол кітапты оқуға тыйым салды, – дейді Мәмбет Қойгелдиев.

Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай сол кезде «Оян, қазақ» кітабын Абайдың кітабымен бірге ұзатылған қыздың жасауына қосып беру дәстүрі пайда болғанын айтады.

– Осы «Оян, қазақ» пен «Бақытсыз Жамал» қазақтың жүрегіне жол тапқан алғашқы көркем шығарма болып табылады. Осы кітаптар арқылы қазақтың ішінде ояну, гүлдену, өркениетке ұмтылу деген аңсар пайда болды. Және қазақ қоғамы «Бақытсыз Жамалдың» тағдыры арқылы өз тағдырын елестетіп, ойлануға мүмкіндік алды, – дейді Тұрсын Жұртбай.

«ҚАЗАҚ» СӨЗІ

ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының өзекті мәселелерін күн тәртібіне шығарған және қазақ зиялыларының еркін пікір алаңына айналған «Қазақ» газеті 1913 жылы жарық көре бастағанда оның басы-қасында бас редактор Ахмет Байтұрсынұлының орынбасары қызметінде Міржақып Дулатұлы болды.

Тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің пікірінше, сол кездері көпшілікке танымал болған «Қазақ» газетін Міржақып Дулатұлының қарымды қаламы, көксемсер сөзі, жалынды публицистикасынсыз елестету мүмкін емес.

– Міржақып өте жылдам жазған және өте өткір тақырыпқа жазған. Елдік сұранысты жақсы білетін журналист болды. «Қазақ» газеті сондай сапада, сондай мазмұнда, сондай биіктіктен көрінуіне меніңше, бірден-бір Міржақып Дулатұлына қарыздар. Жалпы Міржақып Дулатұлы қазақ журналистикасын жаңа сапаға көтерген адам. Біріншіден, қазақ журналистикасын елмен жалғастырды. Қазақ журналистикасына саяси мазмұн, астар беруде меніңше, Міржақып Дулатұлының орны анық аңғарылады, – дейді Мәмбет Қойгелдиев.

ҰЛТҚА АРНАЛҒАН ҒҰМЫР

Міржақып Дулатұлы 1917 жылы құрылған Алашорда үкіметінің белді мүшесі, Алашорда үкіметінің бағдарламасын жасағандардың бірі болғаны тарихи деректерден белгілі.

Ол 1916 жылы бірінші дүниежүзілік соғыс зардабын тартып, қырғынға ұшырап, босқынға айналған елге көмектесу мақсатында, Семей қаласында, қазақ тарихындағы ең алғашқы «Жанар» жәрдем қорын ұйымдастырғандардың бірі.

1921-1922 жылғы ашаршылық кезінде Алаш зиялылары аштыққа ұшырағандарға жылу жинап беруді қолға алғанда Міржақып Дулатұлы пен Жүсіпбек Аймауытов осы іске басшылық жасап, бірнеше айда 15 мың бас ірі қара жиып, ашыққан елге үлестірген.

Міржақып Дулатұлы 1928-ші жылы желтоқсан айында қамауға алынып, екі жылдан кейін ату жазасына кесілді. Кейін сот үкімі он жыл абақты жазасымен ауыстырылады. Беломор-Балтық арнасының құрылысы бойында, Сосновск станциясындағы жазалау лагерінде жазасын өтеген Міржақып Дулатұлы 1935 жылы осы лагерде ауыр науқастан көз жұмады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG