Accessibility links

Жезқазғандағы тәуелсіз басылым қысым көргенін айтады


«Молодежная газета» басылымының бас редакторы Берік Жағыпаров.

«Молодежная газета» басылымының бас редакторы Берік Жағыпаров.

Ашылғанына бір жыл толмаған «Молодежная газета» өткен жылдан бері түрлі кедергі, тосқауылдардан көз ашпай келеді дейді басылымның бас редакторы Берік Жағыпаров.


Апта басында ақпарат құралдарына тараған үндеуде бұл әрекеттің газет бағытына байланысты болуы мүмкін екені айтылған. «Қазақмыста» Жезқазған халқының 80 пайызы жұмыс істейтіндіктен, үндеудегі негізгі сұрақтар сол компанияға қатысты. Мысалы, «мыс өндіру бойынша әлемдегі алып компаниялардың бірінің қожайындары Лондон сияқты қалалардан әлемдегі ең қымбат үйлерді сатып алып жатқан кезде, оның жұмысшылары
"Қазақмыс" кәсіпорыны. "Глобал Витнесс" ұйымы берген сурет.
неге сұмдық лас орындарда киініп, жуынады?», немесе «не себепті өндіріс кәсіпорындары қалдықтарды халық су ішіп отырған өзенге төгеді?»

«ҚАЗАҚМЫС» ПЕН БИЛІК

«Бұл сұрақтарды «Қазақмыс» компаниясы басқармасының төрағасы Огай мырзаға қойған кезде жарытымды жауап ала алмадық. Бұл кездейсоқтық па, кім білсін, осыдан кейін редакциямызға қоқан-лоққы көрсетіп, телефон шалушылар көбейді...» делінген апта басында тараған үндеуде.

«Молодежная газета» басылымының бас редакторы Берік Жағыпаровтың айтуынша, газет ұжымына мұндай ескертулер тұңғыш рет жасалып отырған жоқ.

– Біз басында газет мәдениет, спорт тақырыбына арналады деп ойладық. Лицензияны алған кезде де «салауатты өмір салтын насихаттаймыз» деп алдық. Өзім он жыл шахтада істегендіктен ондағы адамдар келіп, «неге біздің проблемаларымызды жазбайсың?» дегеннен кейін сол проблемаларды жаза бастадым. Жұмысшылардың мәселелеріне байланысты Огайға хат жазғанмын. Содан кейін жан-жақтан қысым басталды. Жергілікті әкімшілік те «сендер әлеуметтік-саяси мәселелерді неге көтересіңдер?» деп тиісті. Сосын баспасөз қорғау ұйымдарына хабарласып едік, тиіскенді қойды, – деді Берік Жағыпаров мамырдың 17-сі күні радиомызға.

«ҚАУІПТЕНІП ЖҮРЕМІЗ»

Бас редактордың айтуынша, осындай үркіту-қорқыту салдарынан көрген газет әлі күнге дейін дұрыстап жұмыс істей алмай отыр. «Редакцияның өз ішіндегі қызметкерлер арасына іріткі салушылар да» болыпты. «Бұлай жалғаса берсе, газеттің жабылуы да ғажап емес» дейді Берік Жағыпаров.

– Қазір редакцияда ең сенімді журналистер ғана қалды. Қайда барсақ та, арандата ма деген қорқыныш сейілмейді. Мейлі, жол полициясы тоқтатсын, мейлі, біреу «тоқта» десін – «есірткі салып жібере ме» деп қауіптеніп жүреміз, – деді Бақыт Жағыпаров.

ЕРЕЖЕ

Бұл басылымға байланысты жағдайға «Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымы да қанық екен. Ұйымның заңгері Ганна Красильникова редакция ұжымына
Ганна Красильникова, "Әділ сөз" қорының заңгері. Алматы, 4 мамыр 2010 жыл.
қатысты жағдайға алаңдап отырғанын айтады. Ол «Қазақмыс» пен мемлекеттік органдар журналистерге қажетті ақпарат беруі керек», «басылым ереже бұзса, оны да нақты көрсетуі тиіс» деп есептейді.

– Кез-келген кәсіпорын қалдықтар туралы ақпарат беруге міндетті. Керісінше болса, мұндай әрекеттер азаматтардың құқығын бұзу, антиконституцялық әрекет ретінде бағаланады. Басқарманың (Қарағанды облыстық әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі – Азаттық) газеттің тақырыптық бағытын өзгерткеніне байланысты хатын оқығанмын. Кез-келген мемлекеттік орган қандай да бір газетке талап қою үшін Қазақстан заңнамасынан үзінділер келтіре отырып, оның нақты қай заңды бұзғанын айту керек. Ал басқарма хатынан ондай нәрсені көргенім жоқ, – дейді Ганна Красильникова.

Бұл мәселеге байланысты «Қазақмыс» компаниясының бұқарамен байланыс қызметінің жетекшісі Елена Шальноваға хабарласып едік, ол компанияның ешқашан ақпарат беруден бас тартпайтынын айтты.

– «Қазақмыс» – ақпарат құралдарына ашық компания. Егер журналистердің қандай да бір сұрақтары бар болса, арнайы ережелерге сәйкес жолдауы тиіс. Бұл ережелерді орындамайтын журналистер көп. Барлық ережені орындап хабарласқан журналиске ақпарат бермей қойған кезіміз болған емес, – дейді Елена Шальнова мамырдың 17-сі күні Азаттық тілшісіне.

«Молодежная газета» – 2010 жылдың тамыз айынан бастап Жезқазған өңірінде шыға бастаған тәуелсіз басылым. Оның негізгі тақырыбы – өнеркәсіп жұмысшыларының құқығы, түрлі әлеуметтік-саяси, экологиялық мәселелер. Құрылтайшысы – «Все лучшее к детям» қоғамдық қоры.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG