Accessibility links

Дос Көшім: Қазақстан шеттегі диаспорасының рухани және басқа да сұраныстарын өтеуге көңіл бөлмейді


Дос Көшім (сол жақтан үшінші) Моңғолия жерінде. Жеке мұрағаттағы сурет.

Дос Көшім (сол жақтан үшінші) Моңғолия жерінде. Жеке мұрағаттағы сурет.

Жақында «Ұлт тағдыры» қоғамдың ұйымының жетекшісі Дос Көшім арнайы сапармен Моңғолияда болып, ондағы қазақ диаспорасының тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтыпты. Осы сапарында көрген-білгенін Азаттық радиосымен бөліскенді жөн көрген ол біздің тілшімізге арнайы сұхбат берген еді.

МОҢҒОЛИЯДАҒЫ ҚАЗАҚТАР БАЛАЛАРЫН ЕУРОПАДА ОҚЫТАДЫ

- Дос мырза, сіздер жақында Моңғолияны аралап, ондағы қазақ диаспорасының тірлігімен таныс болып қайтқан екенсіздер. Сапардың мақсаты не болып еді?

- Бұл сапарымыздың негізгі мақсаты – ондағы қазақтармен етене танысу, тұрмыс-тіршілігін көру және Қазақстанға көшіп келу мәселесіне баса маңыз бердік. Әрі жүрген жерімізде оларды көшіп келуге үгіттей жүрдік. Себебі, Қазақстандағы қазақ мәселесінің шешілуі – елдегі байырғы ұлт– қазақтардың көбеюімен тікелей байланысты. Жүрген жерімізде осы мәселені ашық айтып жүрдік.

- Қай жерлерде болдыңыздар?

- Қазақ ұлттық аймағы саналатын Баян-Өлгий аймағының орталығы Өлгий қаласында болып, аймақтық әкімшілікте бірнеше рет ресми
Дос Көшім Тоныкөк ескерткішінің жанында. Жеке мұрағаттағы сурет.
кездесу өткіздік. Сондай-ақ, біз Қобда деген аймақтың Қобда деген ауылында болдық. Ол жерде де қазақтар басым тұрады екен. Одан кейін төрт күн бойы қонақтай отырып, Моңғолияның астанасы Ұланбатырға жеттік. Жолай Күлтегін және Тоныкөк ескерткішіне де соғып, онда да бір түнедік.

Ұланбатырда 20-30 мыңдай қазақ тұрады екен. Онда да бір кездесу өткіздік.

- Моңғолиядағы қазақтардың әлеуметтік жағдайы қалай екен?

- Ондағы қазақтардың тірлігі біздегі 80-ші жылдарды елестетті маған. Баян-Өлгий біздегі үлкен аудан секілді екен. Дегенмен, халықтың тұтынатын азық-түлігі ешкімнен кем емес секілді. Алайда, бізбен салыстырғанда бәрібір төмен. Моңғолиядағы барлық тұрғынның жағдайы солай. Әрбір елдің өзіндік даму деңгейі, даму процесі бар. Соған орай, халықтың тұрмыс-тіршілігі де әрқалай ғой. Бір қуанарлығы, ондағы қазақтардың тірлігі моңғолдардан артық екен. Әрі, халықтың тұрмыс-күйінің де әрқалай екендігін ұмытпауымыз керек.

- Ал, Қазақстанға көшу жағы ше?

- Тұрмыстық жағдайдың әр түрлілігі де көші-қонға әсер етіп отыр екен. Біріншіден, ол жақтағы негізгі күнкөріс көзі – мал. Сондықтан, соңғы үш жыл қатарынан келген қуаңшылықтың соңы жұтқа апарып, малға иек артқан ағайындардың көңілі ала-құла бола бастапты. Яғни, көшкісі келетін сыңайлы. Өзім солай ой түйдім. Баян-Өлгийден гөрі Қобдада жүргенімде, көшуге қамданып жүрген бірнеше адамға кездестім. Соған қарағанда, көш әлі толастаған жоқ.

- Балаларын қайда оқытқанды жөн санайды екен?

- Балаларын Қазақстанда немесе Ресейде оқытқаннан гөрі Батыс Еуропада білім алуына көбірек маңыз береді екен. Мені таңқалдырғаны да осы. Мен кездескен адамдардың барлығының бір не екі баласы Батыс Еуропаның ірі бір оқу орнында оқиды екен. Меніңше, бұл сондағы қазақтарға салт болып кеткен сынды.

ШЕКАРАДА ҚИНАЛҒАН ХАЛЫҚТЫҢ МҰҢЫН КІМ ЕСКЕРЕР?


- Ондағы қазақтардың қандай проблемасы бар екен? Сіздерге қандай өтініш айтты?

- Баян-Өлгий аймағында қазақ тілінде білім беретін 41 мектеп бар екен. Аймақтық әкімшіліктің басшысы Зарқұм деген кісі Қазақстаннан жіберілетін оқулықтардың қажетсіз және жарамсыз екендігін айтты.

Сондай-ақ, Қазақстанға көшіп келгісі келетін адамдар 1991-1997 жылдардағыдай арнайы көлік жіберіп көшіріп алса деген тілек айтты. Моңғолиядан алғаш көш басталғанда, арнайы Камаздар жіберіліп, ұшақтармен көшіріп алған болатын. Бүгін ол тоқтап қалған.

Баян-Өлгийдегі Толбо көлі. Жеке мұрағаттағы сурет.
Тағы бір мәселе – Қазақстан мен Ресей арасында кезінде Моңғолиядан мал айдап өткен 50-60 шақырым жол бар. Қазір Баян-Өлгий аймағына бару үшін Ресейдің Алтай өлкесін басып, Барнауыл, Таулы Алтай өлкелерін аралап 2000-дай шақырым жол жүреді екен. Егер аталған жол құрылысы бітетін болса, бұндай мехнатты жолды бастан кешпес еді. Осы мәселені Қазақстан Ресей тарапымен келісіп, біржақты етуіне болар еді. Менің білуімше, Қазақстан жағынан бұл жолдың құрылысы басталып кеткен. Тек, Ресей қырсығып отыр. Кезінде Қазақстан мен Ресей шекараларын делимитациялап, демаркация жасағанда, Ресей Қостанай облысы аумағынан, Ақтөбе жақтан стратегиялық маңызы бар жерлерге ауыз салып, орнына өз территориясынан басқа жерлерді бергенін білеміз. Бұны анклавтардың ауысуы деп атайды. Сол кезде осындай маңызды мәселелерді шешіп алуы керек еді. Бірақ азулы Ресейге Қазақстанның тісі батпаған секілді.

Ресей кеденіндегі оспадарлықты көріп, кәдімгідей көңіліңіз құлазиды екен. Шекара қызметкерлері тым дөрекі, мәдениетсіз деуге де болады. Көшіп бара жатқан халықтың әбден зықысын алады екен. Тіпті, осы кеденнен өту кезінде ұзақ күтуге шыдамаған бір адам жантәсілім етіпті. Ол адамға жедел медициналық көмек қажет болған, не ары өте алмай, не бері өте алмай арманда кеткен. Бұл жерде кәдімгідей нәсілдік кемсітушілік жатқаны байқалады.

Мәселен, еш көмекшісі жоқ көшіп келе жатқан шал мен кемпірдің үй-мүлкін түгелімен түсіруге мәжбүрлеген. Бәрін ақтарып қарағаннан кейін, оны тиеуге көмектескен ешкім болмаған. Шарасыз қариялар күйбеңдеп жүктерін өздері артқан екен. Бұл дегеніңіз – Ресейдің Қазақстан мен Моңғолияға деген көзқарасын да танытатын секілді. Осы мәселелерде Қазақстан мәңгі дос, стратегиялық әріптесі Ресеймен белгілі бір деңгейде келісім шарттарға қол қоюы қажет секілді. Сөйтіп, Кеденнің өткізгіш деңгейін арттырып, шекарадан өткізудің қарапайым және оңай тәсілін қолдануды өтінгені жөн болар. Әйтпегенде, бұл үш ел арасындағы қарым-қатынасқа кәдімгідей кері әсер ететін сияқты.

ӨЛГИЙДЕГІ ҚАЗАҚ МЕРЗІМДІ БАСЫЛЫМҒА ЗӘРУ, ҰЛАНБАТЫРДАҒЫ ҚАЗАҚ ТЕЛЕДИДАР КӨРЕ АЛМАЙДЫ

- Мәдени-рухани мәселе туралы не айтасыз?

- Олар бұл тұрғыдан бізге екі мәселені ашық айтты. Оның бірі – Қазақстанда шығатын мерзімді басылымдардың ешқайсысын оқи алмайды екен. Екіншіден, Ұланбатырдағы 20-30 мыңдай қазақтың өз назы болды. Олар қазақ телеарнасын мүлдем көре алмайды екен.
Шыңғысханға қойылған ескерткіш, Моңғолия. Жеке мұрағаттағы сурет.
Бұл жағынан Баян-Өлгий қазақтары көш ілгері. Тіпті, көшеде жүрген мені танып қойғандары да болды. Олар Қазақстанға тарайтын бүкіл телеарналарды көреді екен. Сол жағдайды Ұланбатырдың айналасына топтасқан 30 мың қазаққа жасаудың да ешқандай қиындығы жоқ. Бұл жалпы бүкіл елдің тәжірибесінде бар. Мәселен, орыстар шеттегі диаспорасын қолдау мақсатында осындай қадамдарға барып жатады.

Демек, Баян-Өлгийдегі қазақ отбасын Қазақстанда шығатын мерзімді басылыммен қамтамасыз ету, Ұланбатыр маңайына қазақ теледидарын қосып беру, меніңше, Қазақстанның қолынан келеді. Тіпті, өзге емес, түріктердің өзі Күлтегін мен Білге қағанға арнап керемет Орхон музейін салыпты. Бізді қатты таңқалдырды. Бірақ, біздің шеттегі қазақ диаспорасына көмектесуге ынтамыз аз.

Баян-Өлгийде Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік университетінің филиалы жұмыс істейді екен. Бірақ, оның жағдайы да мәз емес көрінеді. Онда, біріншіден, тек гуманитарлық пәндерден маман даярлайды екен. Техникалық мамандар даярлайтын факультет ашып беруін өтінеді екен. Екіншіден, бұл филиал Ұланбатырға көшуі мүмкін деген сыбыс бар екен. Ол да баянөлгийліктерді алаңдатып отыр. Өйткені, қазақтың шоғырланған жері Баян-Өлгий ғой. Тіпті, олар кіші құрылтайдың Ұланбатырда өткеніне де наразы.

Демек, бұл сапардан Қазақстан орыс, неміс секілді шетте жүрген диаспорасын шынайы қамқорлыққа бөлеуге сараң екенін аңғардық. Ақ көңілмен, адал ниетпен олардың сұранысын қанағаттандыруға бел шешіп кіріспейді екенббіз. Істелген істің бәрі тек «бос мақтаншылық» сияқты көрінді. Шеттегі Қазақстан жоғары оқу орындарының жалғыз филиалы Шығыс Қазақстан университетінің де қалқайған сыртқы пошымы тұр екен. Осындай мәселелерді кешенді түрде шешуге ат салысса деп ойлаймын.

Маған кездескен әрбір қазақ «Қазақстан жеке ел болып шаңырақ тіккенде, ерекше арқаландық. Кәдімгідей қанат бітті» дегенді айтты. Мен бұған дейін олардың Қазақстанды айбар санайтынын білмейді екенмін. Енді Қазақстан олардың рухани сұранысын қанағаттандыра алса, қанеки.

Бір айта кетерлігі, біз ондағы қазақтармен ресми жиын, кездесулер өткізбедік. Жай қыдырыстап жүрген туристер ретінде таныстырып, олардың тамырын басып, аужайын білдік. Халық сондайда жақсы ашылады екен.

- Әңгімеңізге рахмет!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG