Accessibility links

Асау үйретуден Моңғолия чемпионы болған қазақ


Асау үйретуден Монғолия жеңімпазы Жеңісбек Серікұлы марапаттау сәтінде. Ұлан-Батор. Сурет автордың Фейсбук парақшасынан алынды.

Асау үйретуден Монғолия жеңімпазы Жеңісбек Серікұлы марапаттау сәтінде. Ұлан-Батор. Сурет автордың Фейсбук парақшасынан алынды.

Моңғолияда асау үйретуден ел біріншілігі өтіп, Баян-Өлгий аймағында тұратын Жеңісбек Серікұлы жеңімпаз атанды. Жеңісбек асау үйрету тәжірибесі жайлы Азаттыққа айтып берді.

Жеңісбек Серікұлы Моңғолиядағы Баян-Өлгий аймағының Сақсай сұмынында тұрады. 22 жастағы жігіт 14 шілде күні Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында өткен «асау үйрету» сайысында жеңімпаз болды. Жеңісбек Азаттыққа сұхбат берді.

Жеңісбек Серікұлы (оң жақта) марапаттаудан кейін. Сурет автордың Фейсбук парақшасынан алынды.

Жеңісбек Серікұлы (оң жақта) марапаттаудан кейін. Сурет автордың Фейсбук парақшасынан алынды.

Азаттық: – Асау үйретуде неше жылдық тәжірибеңіз бар? Жарысқа қаншалықты дайындықпен келдіңіз?

Жеңісбек Серікұлы: – 10 жасымнан бастап асау үйретумен айналыстым. Қолға бүркіт ұстап, ат үстіндегі өнерлерді меңгердім. «Асау үйретуден» ел біріншілігі биыл төртінші мәрте өтіп отыр. Осыған іріктеу ретінде әуелі сұмыннан (аудан – Азаттық) кейін, аймақтан жеңіп шығып, сайысқа жолдама алған болатынмын. Бұл сайысқа Монғолияның 21 аймағынан бір- бір адамнан келді.

Азаттық: – Тек асау үйретуден ғана сайыстыңыздар ма әлде басқада ат өнерінен шеберлік сынадыңыздар ма?

Жеңісбек Серікұлы: – Сайыс тек асау үйретуден ғана емес, сонымен қатар шауып келе жатып жерден құрық, қамшы ілу, жылқыға жаяу жүріп шалма тастау, ат үстінен асау ұстау секілді төрт түрден тұрды. Бұл жерде топ жылқының ішінен үйрететін асауды өзің таңдайды екенсің. Менің бірінші ұстаған жылқымды «Бұл өткен жылы үйретілген» деп босаттырып жіберді. Сонан кейін «онда осының ішінде жүген-құрық тимеген шу асауы қайсы» деп сұрап едім, 10 жастағы сары айғырды көрсетті.

Азаттық: – Сонан соң?

Жеңісбек Серікұлы: – Сол жерде бірден шалма тастап ұстадым да құлақтатып барып мініп алдым. Жарыстың шарты бойынша жүген, ер-тұрман салмайсың. Жайдақ, тек жалдан ғана ұстап отыруың керек. Әрине, бірнеше мәрте түсіп қала жаздаған сәттер болды.

Азаттық: – Моңғолдар мықты бәсекелес болған шығар? Жеңіп шығу ауыр тимеді ме?

Жеңісбек Серікұлына жеңімпаз ретінде берілген диплом. Сурет автордың Фейсбук парақшасынан алынды.

Жеңісбек Серікұлына жеңімпаз ретінде берілген диплом. Сурет автордың Фейсбук парақшасынан алынды.

Жеңісбек Серікұлы: – Олар менен кем өнер көрсетті деп айта алмаймын. Тек басқаларының бір кемшілігі - асауды таңдағанда көпшілігі тай-құнан, дөнен жылқыларды таңдап жатты. Бұл жерде үйреткен жылқыңның жасына, денесіне байланысты ұпай саны да артып отырды. Мен осы тұрғыдан көп ұпай жинап кеттім.

Азаттық: – Сөз соңында отбасыңыз туралы аз-кем айта кетсеңіз?

Жеңісбек Серікұлы: – Он жылдық қана білімім бар. Мектеп бітіргеннен кейін қаржы жетіспеушілігіне байланысты оқуға бара алмадым. Ата-анам қарапайым шаруа адамдары. Қазір қырда (ауыл орталығынан тыс жерде -Азаттық) мал шаруашылығымен айналысамыз. Отбасында жеті ағайындымыз. Менен үлкен екі ағам мен бір апайым бар.

Азаттық: – Сұхбат бергеніңізге рахмет!

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG