Accessibility links

Ескерткіштер тағдыры талқыда, ал президент әкімшілігі оларды Бурабайға қоюды ұсынады


Астананың бір шетінде ашық далада тұрған қазақ хандары Жәнібек пен Керейдің ескерткіштері. 21 қазан 2009 жыл

Астананың бір шетінде ашық далада тұрған қазақ хандары Жәнібек пен Керейдің ескерткіштері. 21 қазан 2009 жыл

«Қазақ елі» монументіне орнатылмай қалған Жәнібек пен Керей хандардың есекерткіштерін әу бастағы орнына қайтару үшін жастар ұйымдары қоғамдық комиссия құрды. Ал түрлі қоғамдық қор өкілдері мүсінді өз қаржыларына орнатуға даяр екендіктерін мәлімдеді.

«БІЗДІҢ МЕМЛЕКЕТТІҢ НЕГІЗІ 1991 ЖЫЛЫ ЕМЕС, XV ҒАСЫРДА ҚАЛАНҒАН»

Осыған дейін жастар ұйымдарының бірқатары қазақ хандығының негізін қалаушы хандар Жәнібек пен Керей мүсіндерінің керексіз, ашық аспан астында жатқанына наразылық танытып, билікке мүсінді орнына қоюға екі апта уақыт берген еді. Биліктен еш қайыр болмағанын айтқан олар бүгін бірігіп, қоғамдық комиссия құрғанын жеткізді.
Жастар ұйымдарының жетекшілері солдан оңға қарай: Азамат Жетпісбаев, Ермек Нарын, Ұлан Шәмшит. Алматы, 11 қараша, 2009 жыл.

«Абырой» жастар қозғалысының төрағасы Азамат Жетпісбаев: «Қоғамдық комиссияның негізгі мақсаты – Астананың жанында жатқан бабалардың мүсіндерін логикалық шешіміне дейін жеткізу. Яғни, біз оны Астана қаласындағы «Қазақ елі» монументінің жанына қою керекпіз. Бүгінгі таңда түрлі сыбыстар шығып жатыр. Біздің билік мемлекетіміздің негізін қалап кеткен хандардың мүсінін сонау Түркістан қаласына не болмаса Астанадағы Арай деген саябаққа қоятын ынталары бар екен. Біз бұған жол бермеуіміз керек».

Бұған қарсылық ретінде олар Алматыда қарашаның 22-сі күні кемінде 1500 адам қатысатын жастар шеруін ұйымдастыру жоспарларында барын айтты.

«Тәуелсіз Интернет үшін» қозғалысының өкілі Ұлан Шәмшит: «Неге біздің үкімет үнсіз? Неге біздің халық қалаулылары бұл мәселені шеше алмай отыр? Не себепті бұл ескерткіштер Түркістанда яки қандай да бір саябақта орнатылуы тиіс? Бізде депутаттар әлі де болса саналы шешім қабылдап, тарихи қателікке жол бермейді деген үміт бар. Қазақ хандарының орнында президентіміздің монументінің қойылуы әділ бола қоймас деп ойлаймыз».

Жастар Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовке, Парламент депутаттарына ашық хат жолдап отыр.

ҚОҒАМДЫҚ ҚОР ӨКІЛДЕРІ МҮСІНДЕРДІ ӨЗ ҚАРЖЫЛАРЫНА ОРНАТУҒА ДАЯР


Сәйкестік пе, кім білсін, дәл осы күні қоғамдық қор өкілдері де аталмыш жағдайға қатысты өз көзқарастарын жеткізді. Қазіргі таңда тарихи жәдігерді қайда қою мәселесіне қатысты дау өрбіп жатқанын айтқан олар мәселені ың-шыңсыз шешудің жолы бар дейді.

Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қордың жетекшісі Айдос Сарым: «Дәл осы мәселені ұлтты қорламай-ақ абыроймен шешуге болады. Қателікті жою үшін ешқандай ұлтпен, қоғаммен конфронтацияға барудың қажеті жоқ. Біздің ойымызша, «Қазақ елінің» қатарында болмаса да, Астанада оған лайықты орындар бар. Парламенттің алдын алыңыз, Ақорданың алдын алыңыз. Репрессия құрбандарының ескерткіші тұрған Астанада ұлттық байрақ тұрған үлкен төбе бар. Соған да апарып қоюға болады. Яғни, мүмкіндіктердің барлығы бар».

Болатхан Тайжан қорының жетекшісі Мұхтар Тайжан (сол жақта) және Алтынбек Сәрсенбайұлы қорының жетекшісі Айдос Сарым. Алматы, 11 қараша 2009 ж.


Қор өкілдері сондай ақ, Астана әкімшілігі рұқсат берсе, ұлттық бизнес қауымы өкілдерінің ескерткішті өздері орнатуға даяр екенін де жеткізді. Қазір ең бастысы, қараусыз жатқан мүсіндерге күзет қойып, ескерткіштердің сынып-бүлінуіне жол бермеу.

Болатхан Тайжан атындағы қор жетекшісі Мұхтар Тайжан:

«Біз, яғни екі қор өкілдері бұл жұмыстардың бәрін өз мойнымызға алуға әзірміз. Біз қазір Ішкі істер министрлігіне, сондай ақ, Астана қаласының ішкі істер басқармасына ескерткішке шұғыл түрде күзет қоюын сұраймыз. Сонымен қатар, Астана қаласының әкімшілігіне бізді қабылдауын сұраймыз. Себебі, Астана қаласы әкімшілігінің рұқсатынсыз мұны жүзеге асыру мүмкін емес. Ескерткіш әкімшіліктің меншігі болып табылады. Нақты қазір ескерткішке қарауыл орнату жағын ұйымдастыру керек. Себебі, ескерткіш қымбат метал- қоладан жасалған. Жақын арада оларды құрғақ, жылы жерге апару керек. Және қайта жөндеуден өткізу керек. Себебі, өздеріңіз білетіндей, бұл ескерткіштер сына бастады».

«ҚАЗАНШЫНЫҢ ЕРКІ БАР ҚАЙДАН ҚҰЛАҚ ШЫҒАРСА ДА»

Азаттық тілшісі осы мүсіндер кескінін салған суретші Сембіғали Смағұловқа хабарласқан еді. Оның айтуынша, мүсіндердің бүлінуіне қауіп болмаса да, есесіне оның қолды болып кетпейтініне ешкім кепілдік бере алмайды. Сонымен қатар, ол мүсіндердің «жаңа орны» туралы ұсыныс түскенін де жеткізді: «Қазір президент аппараты мүсінді Бурабайға апарып қояйық деп жатыр. Бурабайда Абылай хан алаңы бар екен, соған қояйық дейді. Сондай бір ұсыныс келді маған жаңа ғана. «Қазаншының еркі бар ғой, қайдан құлақ шығарса да», - дейді Сембіғали Смағұлов.

ӘУ БАСТА БҰЛ ЕСКЕРТКІШКЕ ТАПСЫРЫС БЕРГЕНДЕР НЕГЕ ҮНСІЗ?

«Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Серік Әбдірахманов:

Мұны ақпарат құралдары көтеріп жатқанмен, ресми азаматтар ләм-мим демей отыр. Не дұрыс, не бұрыс демейді. Баяғы сол Нұрекеңнің көлеңкесіне тығылып алып жүр...


«Жәнібек пен Керей хандардың есімі қазақ халқының тарихымен тікелей байланысты. Ол тұлғаларға арналған ескерткіштердің қоқыр-соқырдың арасында қалуы ұят нәрсе. Мұны ақпарат құралдары көтеріп жатқанмен, ресми азаматтар ләм-мим демей отыр. Не дұрыс, не бұрыс демейді. Баяғы сол Нұрекеңнің көлеңкесіне тығылып алып жүр. Мүмкін, ескерткіште техникалық кемшіліктер бар болса, соны айту керек. «Ел алдына қоюға болмайды, жарамсыз, біз мұны қайта жасайық" деп айтпай ма ең болмаса. Соған биліктің деңгейі жетпей отыр ғой».

Оппозициялық саясаткер Әлихан Рамазанов:

«Бұл ескерткішке тапсырыс беріп жүрген адамдар қайда? Мейлі, ол Тасмағамбетов болсын, мейлі басқа болсын. Мұндай композицияны жасатып, ақшаны жеп қойды. Біздегі жүйе сондай, салық төлеушілердің ақшасын 3-5 адам ғана шешеді. Ұрлап, жоспарсыз тапсырыс беріп, ойларына келгенін істейді. Бұл жүйе құрымай, ештеңе өнбейді. Бұл тарихқа жасалған өгейлік».
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG