Accessibility links

Қазақстанда инсульт «жасарып» барады


Денсаулық фестиваліне қатысып жатқан жастар. Көрнекі сурет.

Денсаулық фестиваліне қатысып жатқан жастар. Көрнекі сурет.

Қазақстанда инсультқа жастар да шиі шалдығатын болды. Ресми дерек бойынша, елде 2013 жылы осы дертке шалдыққандардың 50 пайызға жуығы 30 бен 50 жас арасындағылар.

Алматылық 38 жастағы Арман. С (өз өтініші бойынша есімі жарияланбады – ред.) былтыр жазда инсульт алған. Содан бері сол аяғы жансыз. Жұмыс кезінде есінен танып құлаған жігітті дәрігерлер дер кезінде емдеп, аман алып қалыпты.

«Тамыз айы болатын. Күн ыстық. Құрылыста жұмыс істеп жүріп, қан қысымым көтеріліп, көлеңкеге барып отырдым. Біраздан соң көзім қарауытып, талып қалдым. Үш күннен кейін есімді жидым. Дәрігерлер «инсульт» деген диагноз қойды. Ауруханадан бір аяғым істемей шықты. Қазір мүгедек ретінде жәрдемақы аламын. Инсультқа ұшырамас бұрын бұл дерт туралы көп нәрсе білмедім. Сондықтан халық арасында бұл аурудан сақтану туралы көп насихат жүргізу керек» дейді ол Азаттық тілшісіне.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сәйкес, Қазақстанда инсульт дерті «жасарып» келеді. Соңғы уақытта елде еңбекке жарамды азаматтардың арасында инсульт көп тіркеле бастаған. 2013 жылы инсультқа ұшырағандардың 48 пайызы 30-50 жас аралығындағы азаматтар болып шыққан.
ИНСУЛЬТТІҢ БЕЛГІЛЕРІ
  • Адамның оң немесе сол жақ беті жансызданады.
  • Оң немесе сол қолдың бірі әлсізденіп, ұстаған заты түсіп кете береді
  • Тілі байланып, сөзі анық шықпайды
  • ​Жүрген кезде шалына береді


Алматы қалалық инсульт орталығының невропотолог дәрігері Айхан Қасымова Азаттыққа «Инсульт негізінен 60-тан асқан адамдардың арасында кең тараған. Бірақ соңғы уақытта Қазақстанда жас адамдардың инсультқа ұшырауы жиілеп келеді. Бұған жастардың компьютер алдында көп отыруы, өз денсаулықтарына көңіл бөлмеуі – негізгі себеп. Мәселен, Алматы қаласында күніне кем дегенде 9-10 адам инсульт алып, оның екі-үшеуі қайтыс болады» дейді.

Дәрігердің айтуынша, инсульт күтпеген жерден пайда болады, оны алдын ала сезу қиын. Сондықтан қан қысымы жоғары, жүрегі ауыратын, қант диабетіне шалдыққан адамдар өз денсаулығына мұқият қарауы керек.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, әлемде жыл сайын 10 миллионға жуық адам инсульт алса, оның 4 миллионы қайтыс болады.

Қазақстанда 2013 жылы 40 мыңдай адам инсульт алған. Бұл көрсеткіш 2012 жылмен салыстырғанда 5 пайызға көп.

Азаттық тілшісі алматылық дәрігерлердің кеңесінің негізінде инсульттың алғашқы белгілері мен одан сақтану жолдары жайлы инфографика дайындады.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG