Accessibility links

Совет кезіндегі жеңілдіктен айрылған мәйітхана мүрдені тегін тексермейді


Алматы қалалық сот-медициналық орталығының кіре берісі. Алматы, 21 маусым 2011 жыл.

Алматы қалалық сот-медициналық орталығының кіре берісі. Алматы, 21 маусым 2011 жыл.

Алматыдағы 83 жылдық тарихы бар қалалық сот-медициналық сараптама орталығының 150 қызметкері ескі ғимаратта жаңа талапқа сай жұмыс істеуге тырысады.


18 жылдан бері Алматы қалалық сот-медициналық сараптама орталығында сарапшы-дәрігер болып жұмыс істейтін Ерғазы Ерімбетов бұл ғимараттың тым ескілігін, сараптама жүргізетін лабораториялық аспаптары кешегі Совет одағынан қалған «жәдігерлер» екендігін айтады.

ФРУНЗЕ САРАПТАМА ЖАСАҒАН ОРТАЛЫҚ

– Қазақстандағы сот-медициналық сараптама орталығының арғы тарихы 1928 жылдан бастау алады. 1928-1931 жылдар аралығында тарихтан белгілі әскери қолбасшысы Михаил Фрунзенің інісі Константиннің жалғыз өзі мәйіттерге сараптама жүргізіп отырған, – дейді бұл орталықтың әдіскер-сарапшысы Әбдіманап Айдарқұлов.

Әбдіманап Айдарқұлов та Ерғазы Ерімбетовтің «аспаптарымыз ескірген» деген сөзін құптайды.

– Денсаулық сақтау министрлігіне қараймыз. Министрлік ана мен баланың денсаулығы, жұқпалы аурулар секілді әлеуметтік маңызы бар мәселелерге көңіл аударады. Ал біз соңғы қатарда жүреміз, – дейді ол.
Қалалық сот-медициналық сараптама орталығының әдіскер-сарапшысы Әбдіманап Айдарқұлов. Алматы, 21 маусым 2011 жыл.


«Өркениетті елдерде оқиға болған жерде тамған қанды алып келіп, арнайы аппаратқа салу арқылы бір демде ондағы қан дағын гендік жағыннан жүз пайыз анықтап береді. Бізде ол үрдіс бірнеше сатылардан өтеді. Мәселен, біздегі сот-медициналық биология бөліміне тапсырады. Олар қанның түрі, тобы дегеннен бастап, оншақты системаны жеке-жеке тексереді, уақыт оздырады» дейді Әбдіманап Айдарқұлов.

Ол Совет одағы тұсындағы өздеріне тиесілі жеңілдіктерден қазір айрылып қалғандарын айтады:

– Совет одағының тұсында сот-медициналық сараптама қызметкерлерінің жұмыс уақытын күніне бүгінгідей алты сағат емес, бес сағат деп белгілеген. Ал зейнетке шығар кезде бір жылдық жұмыс өтілін екі жылмен пара-пар есептеген болатын, – дейді әдіскер-сарапшы.

Ал сарапшы-дәрігер Ерғазы Ерімбетов:

– Осында қызмет істейтін 150 адамға тиесілі – бір жуынатын бөлме мен екі әжетхана ғана. Сараптама жасап келгеннен кейін отырып дем алатын арнайы бөлме де жоқ, – дегенді айтады.

МӘЙІТТІҢ «ҚҰНЫ»

Алматы қалалық сот-медицина сараптама орталығының әдіскер сарапшысы Әбдіманап Айдарқұловтың айтуынша, 2011 жылға дейін мәйіттерді алу тегін болған.

– 2011 жылдың басына дейін сот-медицина сараптамасы мемлекеттік қызмет есебінен тегін жүрілген болатын. Ал осы жылдың басынан бастап ақылы қызмет көрсетуге рұқсат берген. Бірақ ол көп ақша емес, – деді.

Алайда мәйітхана есігінің алдында тұрған адамдар ақылы қызметтің құны «көп ақша еместігіне» күмән келтірді.
Қалалық сот-медициналық орталығына туыстарының денесін алуға келгендер. Алматы, 21 маусым 2011 жыл.


– Бұл жерден бұған дейін де туысымның мүрдесін алғанмын, – дейді ұлты ұйғыр бір азамат. – Мүрдені алу үшін төленетін ақшаның жалпы сомасы - 30 мың теңге. Егер сол 30 мыңның үстіне 300 доллар қоссаң, мәйітті 15 минутта дайындап береді.

Оның сөзін «Семейден келдім» деп таныстырған азамат та қостап, «Мәйітхана басшылығы мүрдеден алынған қанның алты жерге жіберілетінін айтып, сүйегін бірден алып кетуге мүмкіндік бермей отыр» деп налыды.

Бірақ мәйітхана қызметкерлері «Мәйіт ары кетсе бір күн, әйтпесе жарты күнде туыстарының қолына тапсырылады» дейді.

ДӘРІГЕРДІҢ АЙЛЫҒЫ

Осы уақытқа дейін мыңдаған мәйіттерді тексерген Ерғазы Ерімбетовтің айтуынша, ол үшін басты мәселе – мәйітті әкелген құқық қорғау өкілдерінің сауалдарына жауап табу.

– Адами тұрғыдан қарағанда, көшеден әкелінген мәйіт неден өлді – ең бірінші соған басты назар аударамыз. Алдыменен іш құрылыстарын тексеріп, неден өлгенін анықтаймыз да, полицияға қорытындымызды
Қалалық сот-медициналық сараптама орталығының сарапшы-дәрігері Ерғазы Ерімбетов. Алматы, 21 маусым 2011 жыл.

жазып береміз, – дейді Ерғазы Ерімбетов.

Оның айтуынша, «ең қиыны – дүние салғанына үш-төрт күн өтіп кеткен немесе апатқа ұшырап, мылжа-мылжасы шыққан мәйіттерге сараптама жүргізу» екен.

Азаттық радиосы тілшісі мұндай ауыр жұмыс істейтін дәрігерлердің жалақысы қанша екенін білмек болып еді:

– Жұмысымыздың ауырлығы мен ластығына қарамастан жалақымыз әдеттегі дәрігерлердің еңбекақысымен бірдей, – деді.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG