Accessibility links

Бала өлімі азайғанымен, қауіп әлі бар


Жаңа туған нәрестеге қарап жатқан медбике. Алматы, 24 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Жаңа туған нәрестеге қарап жатқан медбике. Алматы, 24 тамыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

БҰҰ-ның балалар қоры (ЮНИСЕФ) деректері бойынша, Қазақстанда бала өлімі 65 пайызға азайған. Дәрігерлер дұрыс күтім жасаса, бұдан да көп баланы аман алып қалуға болатынын айтады.

ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Джун Кукита жуырда «елде 1000 баланың 18-і бес жасқа толмай өледі» деген мәлімдеме жасады. Оның деректері бойынша, бала өлімі шамамен 65 пайызға азайған.

Джун Кукитаның айтуынша, Қазақстан бұл беталысынан таймай, АҚШ, Малайзия, Австралия және Корея сияқты елдердің деңгейіне жеткісі келсе, кедей және ауылдық жерде тұратын отбасыларына көрсетілетін көмекті күшейтуі тиіс.

«АНЕМИЯДАН ӨЛДІ...»

Алматы қаласының 36 жастағы тұрғыны Гүлжазира Мәтенова былтыр ұлы Нұрмұхаметтен айырылып қалды. «Темір тапшылығынан болатын анемия» деген диагнозбен қалалық балалар ауруханасына түскен ұлы қайтыс болды. Анасының айтуынша, қанындағы гемоглобин деңгейі төмендеп кеткен соң, баланы ауруханаға жатқызыпты.

– Балам ауруханаға өз аяғымен барды, алты күн ойнап, жүгіріп жүрді. Жетінші күні қызуы 38 градусқа дейін көтерілді. Дәрігерлер ЦФЗ деген антибиотик салды. Невропатологпен кеңеспей, екі күн осы уколды салды. Балам оныншы күні реанимация бөлімінде қайтыс болды, – деді Гүлжазира Мәтенова Азаттық тілшісіне.

Баладан анализге қан алып жатыр. Балалардың қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы. Алматы, 9 маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Баладан анализге қан алып жатыр. Балалардың қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы. Алматы, 9 маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Ол «Балам дәрігерлердің салдыр-салақтығынан өлді. Анемия емдеп жазуға болатын ауру емес пе? Осы күнге дейін ешкім одан өлмеген» дейді.

– Дәрігерлердің консилиумын өткізбей ЦФЗ-ны қалай салуға болады? Осы уколды салғаннан кейін баламның денесі тырыса бастады. Дәрігерлер «емші-тәуіптерге көрсету керек» деді. Бала екі күн ауырып жатты, ал дәрігерлер оның нендей дертке шалдыққанын білмейді. Кінәлі екенін дәрігерлердің өздері де мойындады. Шешем прокуратураға шағымданып еді, олардан еш қайран болған жоқ , – дейді Гүлжазира Мәтенова.

БИОЛОГИЯЛЫҚ, МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК СЕБЕП

Алматы қаласының бас педиатры Рая Құрамысованың айтуынша, Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдігінің елдегі бала өлім-жітімі туралы проблемаға қатысты мәлімдемесін теріске шығаруға болмайды.

Қаланың бас педиатрының айтуынша, Алматыда бала өлімінің деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға азайған. Бала мен нәресте өлім-жітімі бойынша Алматы Қазақстанда жылдың әр айынlа алтыншы-жетінші орында тұрады. Рая Құрамысованың сөзінше, бала өлімі проблемасы елдің көп аймағында бар. Бала өліміне негізгі себептер ең алдымен жүкті ананың денсаулық жағдайына байланысты.

Жаңа туған нәресте. (Көрнекі сурет)

Жаңа туған нәресте. (Көрнекі сурет)

​– Бізде бір жылда жүкті әйелдердің сегіз пайызға жуығы мерзімінен ерте босанады. Ал мерзімінде босанған әйелдердің баласының екі-үш пайызы экстремальды дене салмағымен, яғни шала туады. Балалардың бұл тобының қазасы - қазір бала өлімінің 50 пайызы. Алматы қаласы бойынша бір жасқа жетпей шетінеп кеткен сәбилердің 75 пайызы анасының жүктілік кезеңіндегі проблемаларымен байланысты. Осы жағдайды дұрыстап қолға алу керек. Екіншіден, бала тууға қабілетті жастағы әйелдердің денсаулығына мұқият болғаны жөн. Үшіншіден, отбасын жоспарлау мәселесіне көңіл аудару қажет, – дейді Рая Құрамысова.

Алматы қаласының бас педиатры дәрігерлердің қателігі бала өліміне соқтыратын жайттар бар екенін мойындағанымен, «онша көп емес, бірақ ондай жағдайлар бар» дейді.

«БАЛАҒА ДҰРЫС КҮТІМ КЕРЕК»

Алматыдағы қалалық 16-емхананың жоғары категориялы дәрігер-педиатры Гүлнәр Атамұратованың айтуынша, бес жасқа толмаған сәбилердің арасында өлім-жітімді, науқастану мен мүгедектікті азайту, олардың денсаулығы мен психологиялық дамуын жақсарту отбасындағы күтімге, қоғамдағы көзқарасқа және медициналық мекемелердің жұмысына байланысты.

– Әлемде жыл сайын 10 миллион бала бес жасқа толмай өледі. Бала өліміне себеп болатын қызылша, өкпенің қабынуы, диарея, безгек және дұрыс тамақтанбау сияқты негізгі бес себептің алдын алуға, емдеуге болады. Егер балалар уақтылы дұрыс күтім көрсе, мұнша өлім болмас еді, – деді Гүлнәр Атамұратова Азаттық тілшісіне.

Ерекше күтімде жатқан нәресте. Алматы, 4 тамыз 2010 жыл.

Ерекше күтімде жатқан нәресте. Алматы, 4 тамыз 2010 жыл.

Жоғары санатты дәрігер-педиатрдің айтуынша, біріншіден, медицина қызметкерлері сырқатты емдеу дағдыларын жақсы меңгеруі тиіс; екіншіден, негізгі препараттарды жеткілікті қамтамасыз ету арқылы денсаулық сақтау жүйесін жақсарту қажет; үшіншіден, ата-ананы медициналық көмекке дер кезінде жүгінуге үйрету керек.

ЮНИСЕФ сарапшылары балалар арасында анемияны болдырмас үшін, балалардың IQ деңгейін арттыру үшін, сондай-ақ аналардың өмірін сақтау үшін ұнға йод және басқа витаминдері қосуды ұсынады. Олар бес жасқа толмаған балаларға (ана сүтімен қоректенетін сәбилерден басқаларына) капсуладағы А витаминін беруге кеңес береді. Халықтың денсаулығын оңалтауға жұмсалатын мұндай шығын қымбатқа түспейді.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG