Accessibility links

Астанада борышкерлердің тарауын сұрайды


Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова борышкерлермен кездесуге келіп тұр. Астана, 14 сәуір 2015 жыл.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова борышкерлермен кездесуге келіп тұр. Астана, 14 сәуір 2015 жыл.

Бүгін Ақтөбе және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдерінің орынбасарлары Астана ортасындағы наразылық акциясы сегізінші күнге ұласқан проблемалық борышкерлермен кездесті.

Кейбір борышкерлерге президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуге тырыспауды «сұраған» қоңыраулар түсіп жатыр.

Жалғызбасты ана әрі борышкер Кәмшат Тынымоваға кешеден бері туыстары телефон соғып жатыр. Олар Кәмшаттың Ақтөбеге, үйге қайтуын және бұдан былай Астананың ортасында өтіп жатқан акцияға шықпауды сұрайды. Қазақстанның қазіргі президенті әрі президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевпен кездестіруді талап ету үшін келген ондаған борышкер мұнда сәуірдің 7-сінен бері наразылық білдіріп тұр.

— Әпкелерім әкімдіктің нөмірінен біреулердің телефон соққанын айтты. Егер кері қайтпасам, пойызда жолсерік болып жұмыс істейтін әпкемді жұмыстан шығарамыз депті. Екінші әпкемді «Ақтөбенің орталық базарындағы орныңды тартып аламыз» деп қорқытыпты, - дейді Кәмшат Тынымова.

Кәмшаттың өзі де базарда сатушы болып жұмыс істейді. Ол сегіз жыл бұрын ипотекаға екі бөлмелі пәтер сатып алған. Оның айтуынша, несие бойынша қарызын екі жыл ғана төлеген, ал қаржы дағдарысы басталғаннан кейін саудасы «жүрмей» қалған. Қазір ол банкке қыруар қарыз.

Ақтөбелік тағы бір борышкер Қатима Серікбаеваның пікірінше, «сайлау алдында көзге шыққан сүйелдей болған» борышкерлерді қайтсе де Астана ортасындағы алаңнан қуып жібермек.

— Пәтерде бірге тұратын сіңлім кеше маған да телефон соққан. Ол жеке кәсіпкерде жалданып жұмыс істейді, 25 мың теңге мардымсыз жалақы алады. Қысқаруға ілігіп, соңғы күндерін өтеу үшін жұмыс істеп жүрген. Директоры шақырып алып, «егер әпкең Астанадағы алаңнан кетсе, сені жұмыста қалдырамын» деп айтыпты, - дейді Қатима Серікбаева.

Борышкерлер түстеніп отыр. Астана,14 сәуір 2015 жыл.

Борышкерлер түстеніп отыр. Астана,14 сәуір 2015 жыл.

Ақтөбелік тағы бір борышкер келіншек Алмагүл Жоламанова Азаттық тілшісіне «Бұл депутат Щегельский! Тұтқаны көтеріңіз!» деген жазуы бар СМС-хабарламаны көрсетті. Азаттық тілшісі әлгі СМС-хабарлама түскен нөмірге хабарласып көріп еді, жауап бермеді.

— Ақтөбеге қайту үшін бізге ұшаққа билет сатып әпереміз деп уәде етті. Несиелерімізді де жоюға «көмектесетіндерін» айтты, - дейді Алмагүл Жоламанова.

Ал «Бәйтерек» монументіне жақын маңда тұрған шымкенттік бірнеше әйелдің айтуынша, бүгін таңертең оларға оңтүстіктен келген әкімдік өкілдері келіп жолыққан. Әйелдердің айтуынша, әлгі кісілер Астанаға шымкенттік борышкелер үшін арнайы келген әрі бүкіл проблеманы талқылау үшін оларды «Пекин Палас» элиталық мейрамханасына шақырған.

— Бізге «сонда келіңдер, талқылап шешеміз» деп кетті. Бұдан түк шықпайтынын білгендіктен, бармадық. Жағдайымызды айтып, олардың алдына қаншама рет барғанбыз. Енді одан қайыр жоқ, сондықтан осында тұрмыз, - дейді шымкенттік борышкер Зина Қамбарова.

Түстен кейін алаңға Ақтөбе облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Сара Нұрқатова келді. Ол Азаттық тілшісіне Астанада іссапарда жүргендіктен, ақтөбелік борышкер әйелдермен жолығып кетуді жөн көріп, өз еркімен келгенін айтты. Оның айтуынша, ақтөбелік борышкер әйелдерге қысым жасалды деген болжамды Кәмшат Тынымовадан қазір ғана естіген.

Борышкерлердің бір тобы. Астана, 14 сәуір 2015 жыл.

Борышкерлердің бір тобы. Астана, 14 сәуір 2015 жыл.

— Егер ол жақтағы туыстарыңызға әлдебір қысым көрсетсем, мұнда келмес едім ғой. Ол жақта жұмыс істеп жатқан туыстарыңызға ештеңе болмайтынына кепілдік беремін. Оларға не болуы мүмін, бұл – нонсенс қой. Ешкімді жұмыстан шығармайды, ешқандай қысым болмайды, бұған кепілдік беремін. Бірден айтайын, баспана мәселесін, әрине, мен шешпеймін. Мен тек мұнда тұрғаннан не шығатынын түсінгім келген, - дейді Сара Нұрқатова.

Ақтөбелік әйелдер Астанадан ешқайда кетпейтіндерін және наурыздың 17-сі күні жолдаған үндеуіне президент әкімшілігінен келуі тиіс жауапты - кепілдеме хатты жұртпен бірге күтетінін айтады. Олар Астанаға басқа борышкерлермен бірге сәуірдің 7-сі күні келген. Ұжымдық үндеуінде олар президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауалды бағдарламасына бірнеше ұсыныс енгізуді - борышкерлердің несиесін «халықаралық стандарттар бойынша» қайта қаржыландыруды, борышкерлер қарызының 50 пайызын мемлекеттің сатып алуын, ал банктер «форс-мажорлық жағдайларды ескеріп, несиені жоюын» сұрайды.

Өткен аптада ұлттық банк өкілдері наразы борышкерлермен бірнеше рет кездесіп, «проблемаларыңыз ипотекалық несиелерге қатысты жағдайды реттеу бағдарламасы іске қосылатын мамыр айының басында шешіле бастайды» деп уәде еткен. Бұл мақсатқа 130 миллиард теңге бөлінген. Борышкерлер бұл уәдеге сенбейді әрі қолдарына билік өкілдерінің сөзін растайтын ресми құжат алғысы келеді.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG