Accessibility links

Борышкерлер несиесін банк жабады деп үміттенеді


Ипотека «борышкерлері» Астанадағы министрлер үйінің жанында тұр. 21 мамыр 2013 жыл.

Ипотека «борышкерлері» Астанадағы министрлер үйінің жанында тұр. 21 мамыр 2013 жыл.

Ұлттық банктің деректері бойынша, үкімет ипотекалық несиені қайта қаржыландыруға 120 миллиард теңге бөлген. Бірақ ол мыңдаған мәселесі көп займдар үшін жеткіліксіз болып шыққан.

Алматы тұрғыны Қайрат Дәуітқұлов 2004 жылы "Ақсай-1" ықшам ауданынан ипотекалық несиеге үш бөлмелі пәтер сатып алған. Шағын кәсібі болған, әрі жұмыс істеген ол алғашқы кезде қарызын мерзімінен кешіктірмей төлеп тұрыпты. Бірақ кейін қиындықтар басталған.

– Дағдарыс кезінде бизнесімнен айырылдым. Қаржы фирмасында істейтін әйелім де жұмысынан қысқарып қалды. Екеуміз екі жылдай жұмыссыз жүріп, төлем мерзімін созып алдық. Банк ескерту қағаздарын да жіберді, телефон да соқты. Бұл жағдайдан шығудың амалын іздеп, пәтерімізді сатуға тырыстық. Бірақ пәтер дағдарыс кезінде сатыла қоймады. Шамам жеткенше аз-аздап төлеп жүрдім. Келісім-шарттың талаптарына сүйенген банк пәтерді өз балансына аударып алғанын кейін бір-ақ білдік. Бізді пәтерден шығарып жіберді. Қазір мектепте оқитын үш баламызбен туыстарымыздың пәтерін жалдап тұрамыз, - дейді Қайрат Дәуітқұлов.

Ол берешегін қайтарудан бас тарпайтынын, бірақ өзінің «қиын жағдайын банктің ескермегенін» айтып қынжылады. Қайрат Дәуітқұловтың сөзінше, банк пәтерді өз балансына аударып алған 2012 жылдың желтоқсанында баспанасының нарықтағы бағасы 100 мың долларға жуық болған. Ал несие бойынша Қайраттың қарызы барлық өсім мен айыппұлды қоса есептегенде 40 мың доллардан аспаған. «Бірақ банк құйған ақшамды қайтармай қойды» дейді ол.

ҚАРЫЗДЫ ЖАБУДЫ ТАЛАП ЕТУ

Қайрат Дәуітқұлов кезіккен қиындық талай қазақстандықтың басында бар. Баспанаға қол жеткізу мақсатында ипотекалық несие алғанымен жұрттың көбінің борышты төлеуге шамасы келмей қалады. Мойнында қарызы бар азаматтардың бұл категориясының мүддесін бірнеше қоғамдық ұйым қорғайды. Солардың бірі – «Халыққа баспанасын қалдырайық!» қозғалысының төрайымы – Сұлубике Жақсылықова. Банк «борышкерлерін» құрылыс «үлескерлерімен» шатастыруға болмайды. Тұрғын үй құрылысына ақшасын салып, кейін құрылыс компаниясы банкротқа ұшырап, алданып қалғандарды «үлескерлер» деп атайды.

«Халыққа баспанасын қалдырайық!» қозғалысының белсендісі Сұлубике Жақсылықова БТА-банк кеңсесінің алдында тұр. Алматы, 24 мамыр 2011 жыл.

«Халыққа баспанасын қалдырайық!» қозғалысының белсендісі Сұлубике Жақсылықова БТА-банк кеңсесінің алдында тұр. Алматы, 24 мамыр 2011 жыл.

Сұлубике Жақсылықованың айтуынша, оған Қазақстанның әр аймағынан ондаған шағым түскен. Бұл шағымдарда «борышкерлер» банктегі проблемалық қарыздарын жабудың қиындығы мен банктердің диалогқа келуге көнбейтініне шағымданады. Қозғалыс жетекшісіне шағыммен келетіндердің кейбірі «банк баспанаға меншік құқымыздан айырып, үйімізден күштеп шығарамыз деп қорқытады» дейді.

– Біз қарызымызды жарым-жартылай немесе толық жабуды талап етеміз. Ұлттық банктің басшысы Марченко осыдан бірнеше ай бұрын банктер борышкерлердің қарызын жабуы тиіс деген болатын. Мемлекет банктерге көмектесті, бірақ банктер борышкерлердің жағдайымен санасып, жеңілдіктер жасамайды. Проблемамыз әлі шешілмей отыр, - дейді Сұлубике Жақсылықова.

Ол басқаратын қозғалыс пен «Талмас» сияқты басқа да қоғамдық бірлестіктер тиісті келісім қабылдады. Онда «борышкерлер» тап болған қиын жағдайды реттеу жолдарын, мәселен, несиені уақытында қайтармағаны үшін айып төлетуге тыйым салу сияқты шаралар қарастыру қажеттігі айтылған.

ИГЕРІЛГЕН АҚША

Азаттық тілшісі Ұлттық банк мамандарына «Тұрғын үй құрылысы дағдарысын еңсеру жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында мемлекет борышкерлерге қандай қаржылық көмек көрсетеді?» деген сауал қойды.

Ұлттық банктің ұйымдастыру жұмысы, сыртқы және қоғамдық байланыс департаментінің диекторы Александр Терентьев қол қойған хатта жылжымайтын мүлік нарығындағы, оның ішінде «борышкерлердің» проблемаларын шешу үшін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорынан 360 миллиард теңге бөлінгені хабарланған. Алайда бұл қаржының бір бөлігі қайтадан «басым инвестициялық жобаларды қаржыландыруға» бөлініп, бастапқы сомадан 290 миллиард теңге қалған.

Банктерге ипотекалық қарызы бар әйелдер өздерінің мәселелеріне назар аудару мақсатында Астанадағы парламент ғимаратының қасында отыр. 24 мамыр 2013 жыл (Көрнекі сурет)

Банктерге ипотекалық қарызы бар әйелдер өздерінің мәселелеріне назар аудару мақсатында Астанадағы парламент ғимаратының қасында отыр. 24 мамыр 2013 жыл (Көрнекі сурет)

Ұлттық банктің деректері бойынша, бұл соманың 120 миллиард теңгесі халықтың ипотекалық несиесін қайта қаржыландыруға, ал 170 миллиард теңгесі – дағдарыс кесірінен тоқтап қалған тұрғын үйлердің құрылысын аяқтауға бөлінген. Ресми хатта «Барлық ақша игерілді. Жалпы саны 36 мыңнан асатын қарыз қайта қаржыландырылды» деп жазылған. Ұлттық банк «борышкерлерді» ары қарай демеуді коммерциялық банктердің еншісіне қалдырады.

«Мемлекеттен қаржылай көмек алған банктер ипотекалық қарыздарды неге кеміткісі келмейді?» деген сауалға Ұлттық банк «Халықтың ипотекалық несиелерін қайта қаржыландыру үшін банктерге бөлінген қаржының толық игерілуіне байланысты, «Самұрық-Қазына» қоры банктерге мемлекеттік бағдарламаны банктің несие комитетінен өтіп, бірақ бөлінген қаржының жетіспеушілігінен несиесін қайта қаржыландыра алмаған борышкерлердің қарызын қайта қаржыландыру арқылы босаған қаржы есебінен жүзеге асыруды ұсынады» деп жазады.

Банктен алған қарызы үшін пәтерінен айырылған Қайрат Дәуітқұлов борышының қалған бөлігін банкке қайтарудан бас тартпайды және өз мәселесін банк қайта қарайды деп үміттенеді. «Қазір құрылыс саласында жұмысым бар, қалған қарызымды қайтаруға әзірмін» дейді ол.

Қазақстанда Қайрат Дәуітқұлов сияқты мыңдаған борышкер бар. «Халыққа баспанасын қалдырайық!» қозғалысының төрайымы Сұлубике Жақсылықованың айтуынша, 14 мыңға жуық ипотекалық несие қайтарылмайтын үмітсіз несиеге жатқызылған. Ал Ұлттық банктің деректері бойынша, қазақстандықтар алған әр бесінші несие проблемалық несие болып саналады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG