Accessibility links

Аштық жариялаған борышкерлер азайып барады


Алматыда аштық жариялап отырған борышкерлер. Алматы, 21 қазан 2013 жыл. (YouTube сайтындағы видеодан скриншот)

Алматыда аштық жариялап отырған борышкерлер. Алматы, 21 қазан 2013 жыл. (YouTube сайтындағы видеодан скриншот)

Алматы мен Шымкентте бір айға жуық аштық жариялап отырған борышкерлердің көбінің денсаулығы нашарлап, акцияларын доғарып жатыр. «Билік аштықты тоқтатуды сұрайды, мәселені шешуді айтпайды» дейді олар.

Аштық акциясы Қазақстан бойынша үш жерде – екеуі Алматыда (біріншісі – несие өсімін төлей алмай, баспанасынан айрылайын деп отырған Татьяна Аленкинаның үйінде, екіншісі – «Халыққа баспанасын қалдырайық» ұйымының кеңсесінде), біреуі – Шымкентте өтіп жатыр.

Өздерін «борышкерлерміз» деп атайтын азаматтар – 2000 жылдардың ортасында болған «қаржылық дүмпу» кезінде банктерден салыстырмалы түрде оңайлатылған жолдармен несие алған тұрғындар. Олар банкпен арадағы несие көлемі мен өсіміне байланысты дауларын шешуді биліктен талап етеді.

АЛМАТЫДАҒЫ АШТЫҚ АКЦИЯЛАРЫ

Алматыдағы Татьяна Аленкинаның үйінде акция басталған 27 қазанда 14 адам аштық жариялаған еді, қазір денсаулығы нашарлауына байланысты тек жетеуі ғана қалған.

– Біреуінде қант диабеті бар, біреуінің қан қысымы төмен, біреуінікі жоғары. Дәрігерлер күн сайын келіп алып кетіп жатыр, – дейді есімін айтқысы келмеген борышкер.

Алматыдағы «Халыққа баспанасын қалдырайық» ұйымының кеңсесінде де дәл осыған ұқсас жағдай. Мұнда әу баста, 21 қазан күні аштық жариялаған 20 адам Аштық жариялап отырған борышкерлер. Алматы, 21 қазан 2013 жыл. (YouTube сайтындағы видеодан скриншот)

Аштық жариялап отырған борышкерлер. Алматы, 21 қазан 2013 жыл. (YouTube сайтындағы видеодан скриншот)

болса, қазір жеті адам қалған. Алматы тұрғыны, алғашқы күннен бері үзбей аштық жариялап жатқан Айгүл Үсейінованың айтуынша, денсаулығы нашарлаған адамдардың орнын жаңалары басып жатыр.

– Қазанның 24-і күні Ақтөбеден бес-алты борышкер келді. Қазір осындағы жеті адамның үшеуі – сол ақтөбеліктер. Бәріміздің денсаулығымыз сыр бере бастады. Жүрген кезде басым айналып, жүрегім айнып жүр. Әлсіздік меңдеді. Бауырым да ауырып жүр. Әсіресе таңертең қозғалу қиын, – дейді Айгүл Үсейінова.

Алматыда аштық жариялаушылар араларында Астанадан, Ақтөбеден, Талдықорғаннан келген борышкерлер бар екенін айтады.

Айгүл Үсейінованың сөзінше, аштық акциясы өтіп жатқан кеңсеге дәрігерлер мен прокуратура өкілдері ауық-ауық келіп тұрады. Борышкерлер алғашында ішкі саясат бөлімінің қызметкері де келіп, райларынан қайтуды сұрағанын, наразылар «аузымызды тігеміз» дегеннен кейін олар келулерін тоқтатқанын айтады.

– Олар тек акцияны тоқтатуды сұрайды. Бірақ мәселенің шешілуіне қатысты ештеңе айтпайды, – дейді Айгүл Үсейінова.

Азаттық тілшісі аштық акциясына байланысты Алматы қаласы әкімшілігіне хабарласқанмен жауап ала алмады.

ШЫМКЕНТТЕГІ АШТЫҚ АКЦИЯСЫ

Шымкентте де қазанның 23-інен бері борышкерлер аштық жариялап жатыр. Олар қарашаның 19-ы күні жергілікті әкімшіліктен бірінші рет арнайы хат алғанын айтады. «Өз үйіңді қорға» ұйымының жетекшісі Қыздығой Ажарқұлованың Аштық жариялаған борышкерлерді полиция алып бара жатыр. Астана, 27 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Аштық жариялаған борышкерлерді полиция алып бара жатыр. Астана, 27 мамыр 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

айтуынша, әкімшілік борышкерлер мен екінші деңгейлі банктер арасындағы мәселе бойынша жұмыс тобын құрып, соған қатысуға шақырған.

– Екінші деңгейлі банктер мен мүшелеріміздің арасында жасалған келісім шарттардың барлығы бұзылған. Біз сотта жүргенде қаншама жалған құжаттар жасалынған. Мен комиссия мүшесі ретінде «прокуратура, әділет органдарынан қосылсын» деп отырмын. Өйткені олардың бәрі банктермен жұмыс жасаған, – дейді Қыздығой Ажарқұлова.

Алайда бұған дейін «тіпті депутаттарға дейін барып, түк шығара алмағанын» айтқан шымкенттік борышкерлер әкімшіліктің бастамасына күмәнмен қарайды. Олардың айтуынша, Шымкентте тоғыз отбасы күштеп үйінен қуылған, қазір төрт-бес отбасына үйінен қуылу қаупі төніп тұр.
Мен тек Назарбаевқа ғана сенемін. Президент мәселемізді шешіп берсін. Қалғандарына сенбеймін.

– Жасымыз келген кезде күні-түні осындай халде жүрміз. Мен тек Назарбаевқа ғана сенемін. Президент мәселемізді шешіп берсін. Қалғандарына сенбеймін, – дейді ауруханадан шығып, акцияға қайта қосылған жалғызбасты ана Шырайкүл Алтынбекова.

Шымкенттегі аштық жариялап жатқан борышкерлердің мәселесі жайлы сұрап, қалалық әкімшілікке хабарластық. Бірақ қала әкімдігінің баспасөз хатшысы Нұрлыбек Жеңісбек «аштық жариялаушыларға байланысты жауапты кейінірек беретінін» айттты

АРАША

Интернетте «Азаматтарды жалғыз баспанасынан күштеп қуылуынан арашалаймыз» атты акция бойынша қол жинау басталып кетті. Оны ұйымдастырушылар азаматтардың баспаналы болу құқығын жүзеге асырып, оларды үйінен күштеп қууға тыйым салу туралы заң қабылдауды талап етеді. Бұл бастаманы қолдаған азаматтар арнайы бетке барып, қол қоя алады. Қарашаның 19-ы күні кешке қарай қол қойғандар саны 500-ге жуықтады.

Бұл акцияны ұйымдастырған белсенділер сонымен қатар аштық акциясына қатысты БҰҰ-ға арнайы хат жолдап, реакция танытуға шақырған.

Борышкерлердің әуелі жекелеген қалаларда шашыраңқы түрде басталған наразылық акциялары соңғы жылы бір ұйымға біріккен қозғалыс ретінде жүйелі түрде Алматы мен Астана қалаларында жиі өтіп келеді.

Ал банктер «арызданушылардың қарыздары кешірілмейтінін» айтады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG