Accessibility links

Аштық жариялаған борышкерлер ауруханаға түсіп жатыр


Аштық жариялап отырған борышкерлер. Алматы, 21 қазан 2013 жыл. (YouTube сайтындағы видеодан скриншот)

Аштық жариялап отырған борышкерлер. Алматы, 21 қазан 2013 жыл. (YouTube сайтындағы видеодан скриншот)

Алматыда бір жарым айға жуық аштық жариялап жатқан борышкерлердің біразы ауруханаға жатып, біреуі операция жасатты. Дәрігер мұндай ашығудың ағзаға кесірі зор екенін айтады.

Алматыда аштық жариялап жатқан борышкерлердің бірі Қарлығаш Баттал жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға түсіп, бауырына операция жасатып шықты.

– Аштық жариялап жатқанда ауырып, жедел жәрдем алып кетті. Кейін дәрігерлер тексеріп, бауырымда тас бар екенін, бауырымның ісіп тұрғанын айтты. «Тез арада операция жасау керек» деді. Квота болмай, ақылы түрде операция жасаттым. Жақында жібін суырды. Ауруханадан шықтым, – деді ол Азаттыққа.

«АШТЫҚ ЖАРИЯЛАУШЫЛАР ДЕНСАУЛЫҒЫН ДА ОЙЛАСЫН»

Алматыдағы «Халыққа баспанасын қалдырайық» ұйымының кеңсесінде 21 қазаннан бері аштық жариялаған борышкердің бірі Әлиям Турдиева да – ауруханаға жатып шыққан адамның бірі.

– Қант диабетімен ауырамын. Аштық жариялау кезінде жағдайым нашарлап кетті. Ауруханада бір апта жатып шықтым. Енді үйде дәрігерлердің қарауында боламын. Денсаулығыма байланысты аштықты уақытша тоқтаттым, – дейді борышкер.

«Халыққа баспанасын қалдырайық» ұйымының кеңсесінде аштық жариялап Аштық жариялап отырған борышкерлер. Алматы, 21 қазан 2013 жыл.

Аштық жариялап отырған борышкерлер. Алматы, 21 қазан 2013 жыл.

жатқан адамдардың үшеуі ауруханаға түскен. Қазір олар үйлеріне шығып, дәрігердің бақылауына көшкен.

Алматыдағы баспанасынан айрылайын деп отырған Татьяна Аленкинаның үйінде 27 қазаннан бері аштық жариялап жатқан алты адамның біразы да ауруханаға түскен.

– Мен қатты ауырып, аштықты тоқтаттым. Үш борышкер ауруханада жатыр. Қазір тек екі адам ғана аштықты жалғастырып жатыр, – деді борышкер Гүлмира Наурызалиева.

Аштық жариялау адамның денсаулығына зиян екенін алматылық дәрігер-диетолог Жәзира Кемелова да айтады.

– Адамның ағзасы аштықты көтере алмайды. 15 күн бойы тамақ ішпеу ағзадағы ескі аурулардың оянуына әсер етеді. Қан құрамы, асқазан, бауыр, өт жұмыстары бұзылады. Аштық салдарынан талма аурулары, жүйке аурулары пайда болуы мүмкін. Сондықтан аштық жариялаушылар болашақ денсаулығын да ойлауы керек, – дейді дәрігер.

Аштық жариялаушылардың көбі наразылық акциясын кезектесіп өткізеді. Аштықтан әлсіреген адамның орнына борышкерлер қозғалысының басқа Аштық жариялаған борышкерлер. Астана, 27 мамыр 2013 жыл.

Аштық жариялаған борышкерлер. Астана, 27 мамыр 2013 жыл.

белсендісі жатады. Алайда олар денсаулықтары нашарлап, ауруханаға түсіп жатса да аштықты тоқтатпайтындарын айтады.

– Желтоқсанның 8-і күні қатарымызға Ақтөбе, Астана, Талдықорғаннан борышкерлер келіп қосылады. Олар келген күні кеңсенің алдына киіз үй тігіп, аштықты сонда жалғастырмақпыз. Кеңсеге барлығымыз сыймаймыз, – дейді «Халыққа баспанасын қалдырайық» ұйымының кеңсесінде аштық жариялап отырған борышкердің бірі Ақмарал.

Өздерін «борышкерміз» деп атайтын азаматтар – 2000 жылдардың ортасында болған «қаржылық дүмпу» кезінде банктерден салыстырмалы түрде оңайлатылған жолдармен несие алған тұрғындар. Олар банкпен арадағы несие көлемі мен өсіміне байланысты дауларын шешуді биліктен талап етеді.

Борышкерлердің әуелі жекелеген қалаларда шашыраңқы түрде басталған наразылық акциялары соңғы жылы бір ұйымға біріккен қозғалыс ретінде жүйелі түрде Алматы мен Астана қалаларында жиі өтіп келеді. Олардың аштық акциясы биыл күзден бері Қазақстан бойынша үш жерде – екеуі Алматыда (21 және 27 қазанда басталған), біреуі – Шымкентте (23 қазанда басталған) өтіп жатыр.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG