Accessibility links

Борышкерлер Ақордаға жете алмады


Полиция наразы борышкерлерді ұстап әкетіп барады. Астана, 1 қазан 2013 жыл

Полиция наразы борышкерлерді ұстап әкетіп барады. Астана, 1 қазан 2013 жыл

Астанада наразылық жиынын өткізіп, президентке хат тапсырмақ болған борышкерлерді полиция автобусқа тиеп алып кетті.

Алматы қаласынан келген Марал Исмағұлова «Ақсай» ықшамауданынан балаларымен бірге несиеге алған үш бөлмелі үйінің қарызын өтей алмай отырғанын айтады. Несиені бес жыл төлеп келген ол банк алдында жиналған берешегін өтейтінін айтады. «Тек ол үшін банк төленетін ақшаның үстемесін алып тастасын» дейді ол. Астанаға наразылық акциясына қатысуға келген борышкер Азаттыққа 5 жыл бұрын екінші деңгейлі банктен 28 мың долларға несие алғанын, енді қарызды 60 мың доллардан асырып қайтаруы керек екенін айтты.

Марал сияқты өсімақыны қайтара алмайтын жағдайға душар болған 200-ден астам борышкер Қазақстан президенті мен үкіметіне өздеріне банк тарапынан қысым жасалып жатқанын, несиеге алған жалғыз баспанасынан айырылғылары келмейтіндерін айтып шағымданғысы келеді. Олар несие шарттарын жеңілдету ісіне үкіметтің араласуын сұрай келген.
Борышкерлер Бәйтеректен министрлер үйіне бара жатыр. Астана, 1 қазан 2013 жыл.

Борышкерлер Бәйтеректен министрлер үйіне бара жатыр. Астана, 1 қазан 2013 жыл.


Астана, Алматы, Талдықорған мен Шымкент қалаларынан жиналған «Халыққа баспанасын қалдырайық» қозғалысының мүшелеріне әуелі парламент мәжілісінің депутаты Асқат Бекенов келіп, мәселе жайында «Нұр Отан» партиясының ғимаратында әңгімелесуді ұсынды. Бірақ оған жиналған жұрт бұған дейін партияның қабылдау бөлімінде болғандарын айтып, келіспеді. Депутаттың «банктер қарызды кешірмейді» деген сөзі де борышкерлердің бірден бетін бұрып әкетуіне әсер етті.

Борышкерлер қазіргі қаржылық қиын жағдайларын көрсететін түрлі анықтама қағаздарын тіке президентке жолдауға ниетті екендерін аңғартты. Алдымен «Бәйтерек» ескерткішінің алдына жиналып, сосын Ақордаға бара жатқан жолда оларды парламент пен үкімет үйінің алдында полиция тоқтатты.

«ПРЕЗИДЕНТ, КӨМЕКТЕС!»

Әдеттегідей полиция жолын кес-кестеген борышкерлердің алдынан үкімет өкілдері шығып, президент атына жазылған хатты алып кетті. Бірақ олар хат тапсырушыларға да, Азаттық тілшісінің сұрақтарына да жауап бере қоймады. Ал борышкерлер «басқа емес, тек президентпен ғана кездеспекке ниеттенгендерін» айтып, тұрған жерлерінен кетпей қойды.

«Халыққа баспанасын қалдырайық» қозғалысының жетекшісі Есенбек Өктешбаев Азаттыққа:

- Осы мәселені көтергенімізге 6 жыл болды. Бірақ, парламент, үкімет пен президент тарапынан қолдау болған жоқ. Осы жылдар аралығында адамдар ауруға да шалдықты, осы мәселеге байланысты өзіне қол жұмсағандар да бар. Мұнда әбден шаршап, шалдыққан жұрт жиналып отыр. Сондықтан констиуцияның кепілі - президентке келіп отырмыз, - деді.
Наразы борышкерлер жиыны. Астана, 1 қазан 2013 жыл

Наразы борышкерлер жиыны. Астана, 1 қазан 2013 жыл


Өктешбаев бастаған қозғалыс мүшелері тамыздың 12-сі күні жоғарыда айтылған мәселені баяндап президентке тағы бір хат жазған. Алайда соңғы және оған дейінгі жазылған хаттарға президент әкімшілігінен жауап келмеген. Қозғалыс мүшелері бұған дейін жазылған хаттарының президентке жеткеніне күмән келтіреді. Олар сол себепті осы жолы Ақордаға (Қазақстан президентінің Астанадағы резиденциясы – ред.) тіке бармақ болып шешкен.

Сейсенбі күні тапсырған хатты алып кеткен үкімет үйінің өкілдерінен жауап болмағасын борышкерлер плакаттарын жазып, «Президент, көмектес!» деп айқайлай бастады.

Төрт сағаттан астам уақыт Орынбор көшесінің бойында жиылып тұрған жүзден астам адамды түстен кейін полиция және ОМОН жасағы 4 автобусқа тиеп, Сарыарқа және Есіл аудандық ішкі істер басқармаларына алып кетті.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG