Accessibility links

Декреттік төлем мен зейнет жасы дауға ұласты


Көп балалы отбасында дүниеге келген нәрестені анасы шомылдырып жатыр. (Азаттық оқырманы Рәбия Әбдірайым жіберген сурет).

Көп балалы отбасында дүниеге келген нәрестені анасы шомылдырып жатыр. (Азаттық оқырманы Рәбия Әбдірайым жіберген сурет).

Декреттік төлемдерді қысқартқан Қазақстан үкіметі енді әйелдердің зейнетке шығу жасын ұзартатын заң жобасын әзірледі. Кейбір сарапшылар «бұл қадамның кесірінен бала туу азаяды» дейді.

Әйелдердің зейнет демалысына шығу жасын 58-ден 63-ке дейін өсіру туралы («Зейнетақымен қамсыздандыру туралы») заң жобасы әзірше мәжілістің талқылауында жатыр. Ал айлық табысы 185 мың теңгеден (1230 доллар) асатын әйелдерге декреттік төлемдерді қысқартқан заң өзгерістері күшіне енді.

Бухгалтерлік қызмет көрсету саласының кәсіпкері, үшінші баласына жүкті 28 жастағы алматылық Әлия Жақсыбаева бұл өзгеріске қатты ренжіді.

– Соңғы жылы табысым ең төменгі жалақының он еселенген мөлшерінен көп болды. Одан сақтандыру жарналары мен міндетті зейнетақы жарнасы ұсталды. Сондықтан маған бір рет берілетін төлемақы бір жарым миллион теңгеден асуы тиіс еді. Ал мына жаңа заң шыққан соң оның көлемі 700 мың теңге шамасында болып қалды. Енді бала күтіміне арналған демалыста қалағанымша отыра алмайтын болдым. Босанған соң үш айдан кейін жұмысқа шығуыма тура келеді, – дейді ол.

БАЛА ТУУ ДЕҢГЕЙІ ӨСТІ

Қазақстанда 2002 жылы халық саны 14 миллион 851 мың адам болды. Бұл – ел тәуелсіздігін алғаннан бергі уақыттағы ең төменгі көрсеткіш. Қазақстан 10 жыл ішінде халық санын совет заманындағы деңгейге жеткізіп қана қоймай, одан асырды.

2013 жылдың наурыз айының 1-індегі есеп бойынша қазақстандықтардың саны 16 миллион 950 мың адам болған.
Әйелдердің жалақысы ер адамдардың жалақысының 68 пайызына тең.

Қазақстан әйелдерінің қоғамдағы орны ер адамдармен тең емес. 2011 жылдың кейбір салыстырмалы көрсеткіштері мынадай. Елдің жалпы ішкі өнімін (ЖІӨ) қалыптастыруда әйелдер 39,3 пайыз, ал ер адамдар 60,7 пайыз үлеске ие. Әйелдердің жалақысы ер адамдардың жалақысының 68 пайызына тең; әйелдер арасында жұмыссыздық деңгейі – 6,2 пайыз, ер адамдарда – 4,6 пайыз. Әйелдерге тағайындалатын орташа зейнетақы мөлшері – 23 мың 389 теңге, ер адамдардыкі – 32 мың 355 теңге.

Бірақ әйелдердің өмір сүру ұзақтығы ерлерден жоғары – 73,79 жыл. Ер адамдардың өмір сүру ұзақтығы – 64,23 жыл. Елдегі зейнеткер әйелдердің саны – 1 миллион 235 мың, зейнет жасындағы ер адамдар саны – 497 мың адам.

НЕ ЖҰМЫС, НЕ БАЛА

Кейбір мамандардың пікірінше, декреттік төлемақылар мен әйелдердің зейнет жасын ұлғайту жөніндегі бұл өзгерістер елдегі бала тууды азайтып, келешекте жұмыс күшінің тапшылығына ұласуы мүмкін.

Өткен жылы статистика агенттігі "Қазақстан халқы қартайып келеді, 2011 жылдың аяғында 65 жастағы халықтың үлесі 6,6 пайызға тең болды” деп мәлімдеді.

Ендігі болжам бойынша, төрт жылдан кейін Қазақстан халқы қартайып бара жатқан елдердің қатарына қосылып, 65 жастан асқан адамдардың үлесі 7 пайыздан, ал 2020 жылдың аяғына қарай 7,4 пайыздан асады.
Декреттік төлемдерді қысқартуға наразылық акциясы. Алматы, 16 наурыз 2013 жыл.

Декреттік төлемдерді қысқартуға наразылық акциясы. Алматы, 16 наурыз 2013 жыл.


Ақпарат құралдары "жүктілігі мен бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан әйелдердің орташа айлық жалақысын сақтай отырып, декреттік төлемақыдағы айырманы төлеу міндетін кәсіпорындар өз мойнына алады” деп хабарлайды. Қазірдің өзінде отбасы бюджетіне соққы болып тиген декреттік төлемақының айырмасын төлеуді үкімет жұмыс берушілерге жүктеді. Қазақстанның ұлттық банкі "біздегі қызметкер әйелдерге бұл айырманы төлеп береміз" деп мәлімдеді. Ал мыңдаған ірі және шағын, табысты және шығынды кәсіпорындар бұл айырманы қалай төлейтіні әлі белгісіз.

Жұрт арасында "Компаниялар мен фирма басшылары мұндай қосымша шығынға қуанбасы анық. Енді олар әйелдерді жұмысқа алудан қашқалақтамасына кім кепіл? Немесе әйелдерді декреттік демалысқа шықпауға мәжбүрлеуі де мүмкін. Жұмыс берушілер әйелдердің қызметінің өсіп, жоғары жалақы алуына тосқауыл болуы ықтимал. Немесе білікті әйел қызметкерлердің жалақысын жасырын жолмен беріп, заң бұзуы мүмкін” деген пікірлер бар.

"ҰЗАТУҒА ДАЙЫН ҮШ ҚЫЗМЕТКЕР"

Кәсіпкер Әлия Жақсыбаева декреттік жәрдемақыдағы айырманы төлеу міндетінің өз фирмасына жүктелуін "бұрын қарастырылмаған шығын, өзіндік форс-мажор жағдайы" екенін айтады.

– Қазір қол астымда үш бойжеткен жұмыс істейді. Алдағы жылдары олар тұрмыс құрып, босана бастайды. Егер мына заң мемлекеттің әлеуметтік сақтандыру қоры төлейтін жәрдемақы мен олардың декреттік төлемақысы арасындағы айырманы төлеуді маған міндеттейтін болса, бұл компаниямның бюджетіне ​салмақ түсіреді. Шағын бизнесте жүрген мен үшін бұл – ауыр салмақ. Мұның соңы не боларын білмеймін, – дейді кәсіпкер.
Декреттік төлемнің қысқаруына наразылық акциясына қатысушылардың бірі. Алматы, 20 ақпан 2013 жыл.

Декреттік төлемнің қысқаруына наразылық акциясына қатысушылардың бірі. Алматы, 20 ақпан 2013 жыл.


Әлия Жақсыбаева қызметкерлері декреттік демалысқа кеткен кезде кірістен айырылмас үшін жұмыстан шығарғысы келмейді, яғни өз кәсібінің тоқтамағанын қалайды. Қазіргі заң талабы бойынша, Әлия баласы бір жасқа толғанша алатын ай сайынғы төлемақыдан қағылады.

– Заңға енгізілген әлгі түзетулер алынып тасталсын, немесе жұмыс беруші бұл төлемақыны өз бюджетіне зиян келтірмей төлеуі үшін салық туралы заңға түзету енгізу керек. Яғни бұл сома толығымен әлеуметтік салық түріне қосылуы үшін біз қазір шамамызша күресіп жатырмыз, – дейді Әлия Жақсыбаева.

Кәсіпкер әйелдің пікірінше, заңдарға енгізілетін әлеуметтік маңызы бар мұндай түзетулер жұртшылықтың қатысуымен алдын ала талқыланып барып енгізілсе, қоғамдағы наразылық азаяр еді.

"ӘЛЕУМЕТТІК ӘДІЛДІК ПЕН ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК"

Әйелдердің зейнет жасын ұлғайту туралы бастаманың жақтаушысы, ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко азаматтық қоғам өкілдерінің сынына, белсенді әйелдердің Алматыдағы ұлттық банк ғимаратының жанында өткізген наразылық шараларына қарамастан алған бетінен қайтар емес.
Қазақстан ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченко. Алматы, 9 сәуір 2013 жыл.

Қазақстан ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченко. Алматы, 9 сәуір 2013 жыл.


Өткен аптада "қызметкер әйелдеріне жұмыс істеуге жайлы жағдай жасаған” ұлттық банкті мысалға алған Григорий Марченко:
Ерлермен бірдей жұмыс атқарған әйелдерге олармен бірдей жалақы төленуі тиіс.

– Статистикада бәрі анық көрсетілген. Қазақстанда әйелдер 10 жыл артық өмір сүреді. Айтпақшы, бұл дамыған елдердегі көрсеткіштен жоғары. Ал зейнетке бес жыл ерте шығады. Сондықтан менің ойымша, бұл мәселенің әлеуметтік әділдік пен гендерлік теңдікке де қатысы бар. Жас кезінде және орта жасында жұмыс істеуі үшін әйелдерге жағдай тудыру керек. Ерлермен бірдей жұмыс атқарған әйелдерге олармен бірдей жалақы төленуі тиіс. Әр әйел өзінің басшы қызметке тағайындалар мүмкіндігі бар екенін сезінуі тиіс. Қысқасы, ешқандай шектеу болмауы керек, – деп мәлімдеді.

Әйелдердің зейнет жасын ерлермен теңестіруге еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің «зейнеткер әйелдердің 50 пайызының 2015 жылға қарай кепілдендірілген жинақтау жүйесінде толық стажы болмайды да, олар тіпті ең төменгі зейнетақыны да ала алмай қалады» деген сөзі себеп болды.

Бұл мәселенің тағы бір маңызды қыры бар. Жүктілік пен бала күтіміне байланысты демалыста отырған әйел бұл кезде жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысып, еңбек стажын жинай алмайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов "Осы тұрғыдан алғанда әйелдердің зейнет жасын ер адамдардың жасына жақындатып жатырмыз” дейді.
Жол бойында жұмыс берушіні күтіп отырған оралман аналар. Алматы облысы Талғар ауданы, Жалғамыс ауылы, 17 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Жол бойында жұмыс берушіні күтіп отырған оралман аналар. Алматы облысы Талғар ауданы, Жалғамыс ауылы, 17 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)


Тәуелсіздік алғанға дейін Қазақстанда әйелдердің декретте отырған мерзімі жұмыс стажына енетін. Сарапшылар "бұрынғы әлеуметтік саясат көп ұтымды болатын, ал атышулы жинақтау жүйесі әйелдерді бұрынғы әлеуметтік жеңілдігінен айырды” дейді.

Зейнет жасын ұлғайтуды жақтайтындар әйелдер 65-68 жасында зейнетке шығатын Еуропа елдеріне сілтеме жасайды. Бірақ ол жақта Қазақстанмен салыстырғанда ұзақ өмір сүретіндер көп екенін де ұмытпаған жөн. Оның үстіне Батыс елдерінде зейнеткерлерді асырауға жұмсалатын мемлекет шығынын азайту үшін жұмыс істейтін халық өз зейнетақысын алдын ала жинайтын көп жылдық тәжірибе бар. Қазақстанда бұл механизм енді ғана құрыла бастады. Зейнетақы жүйесіндегі алғашқы реформалардың нәтижесі әлі көрінген жоқ.

Мақаланы әзірлеуге Азаттық тілшісі Мәншүк Асаутай қатысты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG