Accessibility links

«Алқа» алудан үмітті аналарға мінездеме уайым


Қызылордалық ана Нәзира Сабралиева жеті баласымен бірге тұр. (Көрнекі сурет)
Қызылордалық ана Нәзира Сабралиева жеті баласымен бірге тұр. (Көрнекі сурет)

«Алтын алқа» мен «Күміс алқа» алу үшін аналардан мінездеме әкелуді де сұрайды. Әкімдік мұны «награда анаға көп бала туғаны үшін емес, оларды дұрыс тәрбиелеп өсіргені үшін беріледі» деп түсіндірді.

Алматы облысының тұрғыны Салтанат есімді келіншек жетінші баласы бір жасқа толғаннан кейін «Алтын алқа» алуға құжат жинастырған кезде қиындыққа тап болғанын айтады.

– «Алтын алқаға» құжат жинау үшін керекті құжаттардың тізімін алдым. Арасында «екі көршіңізден немесе танысыңыздан сіз туралы қосымша мінездеме керек» деген пункт бар екен. Сонда менің жеті бала тапқаныма сенбей отыр ма? – дейді Салтанат.

Көпбалалы аналардың мемлекеттік награда алу үшін құжат жинар кезде мұндай талапқа жолыққанын әлеуметтік желі қолданушылары да жазып жатыр. Бірер күн бұрын Facebook қолданушыларының бірі Санжар Керімбай жұбайының бір жыл бұрын алтыншы баласына босанған соң «Күміс алқа» алу үшін құжат жинап өткізгенін айтады. Оның сөзінше, зайыбына жуықта Талғар аудандық әкімшілігі қызметкерлері хабарласқан. «Енді екі көршіңнен мінездеме әкеп өткіз. Бұрын сұрамайтын. Енді талап етіп жатыр» депті» деп жазады Facebook қолданушысы.

«ЗАҢДА ЖОҚ, НҰСҚАУЛЫҚТА БАР ТАЛАП»

Талғар аудандық кадрлармен жұмыс бөлімінің жетекшісі Анаркүл Күлімбекқызының айтуынша, әкімшіліктің «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» алудан үмітті көпбалалы аналардан мінездеме сұрататыны рас.

Атыраулық Райхан Әлиханова балаларымен бірге облыстық әкімдігі алдында баспана сұрап тұр. 25 сәуір 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Атыраулық Райхан Әлиханова балаларымен бірге облыстық әкімдігі алдында баспана сұрап тұр. 25 сәуір 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

– «Алтын алқа» немесе «Күміс алқаға» ұсынылатын адамға міндетті түрде тек көршісі емес, оны білетін басқа адамдар да кішкене мінездеме бере алады. Не мінездемені сол ауылдық округтің қызметкерлері де беруге болады. Бұл өзгерістер 2014 жылдың соңына қарай енгізілді, – дейді ол.

Анаркүл Күлімбекқызы «мемлекеттік наградалар туралы заңда мінездеме әкелу жайлы бірде-бір сөз жоқ» екенін айтады. Оның айтуынша, «қысқаша мінездеме керек деген бұл талап – облыстық кадр бөлімінің талабы».

«Алтын алқа» не «Күміс алқадан» үміткер көпбалалы аналардан мінездеме сұрату жайы мемлекеттік наградалар туралы заңда жазылмағанын Алматы облыстық кадр бөлімінің қызметкері Эльвира Дарханқызы да мойындайды.

– Алайда бұл талап заңда жоқ болғанымен, президент қол қойған «Мемлекеттік наградалармен наградтауға ұсынудың және оларды тапсырудың тәртібі туралы нұсқаулықта» бар. Ондағы «Көпбалалы ана мен балаларына қысқаша мінездеме» деген пункті толтыру үшін көршілерінен, тамыр-таныстарынан мінездеме жиналады, – дейді Эльвира Дарханқызы.

Көпбалалы ана мен балаларына қысқаша мінездеме» деген пункті толтыру үшін көршілерінен, тамыр-таныстарынан мінездеме жиналады
Эльвира Дарханқызы, Алматы облыстық кадр бөлімі қызметкері

Алматы облыстық кадр бөлімі қызметкерінің сөзінше, ол мінездемеде көпбалалы ананың тұрмыс жағдайы туралы, балаларының сотталған-сотталмағаны жайлы деректер жазылады.

– Көпбалалы анаға «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» балаларды туғаны үшін емес, оларды тәрбиелеп, өсіргені үшін беріледі, – дейді Алматы облыстық кадр бөлімінің қызметкері Эльвира Дарханқызы.

«Мемлекеттік наградалармен наградтауға ұсынудың және оларды тапсырудың тәртібі туралы нұсқаулықта» көпбалалы ананың отбасы мен балаларына қысқаша мінездеме сұрату талабы расында да бар.

Көп балалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградаларын беру тәртібі Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы заңы бойынша реттеледі. Ол заң бойынша «Алтын алқа» ордені – жеті және одан да көп бала, ал «Күміс алқа» ордені – алты бала туған және тәрбиелеп өсiрген не заңда белгiленген тәртiппен асырап алған аналарға беріледі.

Награда ол азаматтарға ең кіші баласы бiр жасқа жеткен және басқа балалары тiрi болған жағдайда беріледі. Бірақ «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградаларын беру кезінде аналардың ел мүддесін қорғау кезiнде немесе өзге қызметтiк мiндеттерiн атқару үстiнде қаза тапқан не хабарсыз кеткен, дүлей апаттар кезiнде не адам өмiрi мен материалдық құндылықтарды құтқару жөнiнде азаматтық борышын атқару үстiнде, қылмысқа қарсы күресте және қоғамдық тәртiп күзетiнде қаза тапқан, сондай-ақ осындай оқиғалар кезiнде жаралану, мертiгу немесе ауруға шалдығу не еңбек жарақаты немесе кәсiби ауру салдарынан қайтыс болған балалары да есептеледі.

XS
SM
MD
LG