Accessibility links

Фильм режиссері өзі қолданған технологияның болашағы зор десе, сыншылар оқиға желісі шұбалаңқы боп кетуі мүмкін деп күмәнданады.

Ұлыбританиялық режиссер Алексис Кирк көрермен реакциясына қарай өзгеріп отыратын қысқаметражды фильм түсірді.

BBC-дің жазуынша, Many World деп аталатын қысқаметражды фильм Ұлыбританиядағы Плимут университетіндегі компьютерлік музыка орталығында жетілдірілген.

Биосигналдар арқылы адамдардың эмоциясы мен миындағы ақпараттарды тануға мүмкіндік беретін зерттеулер негізінде режиссер киноны көрсетудің жаңа әдісін ойластырған.

СЮЖЕТ

Фильм екі студенттің туған күнін тойлау үшін досының үйіне барудан басталады. Олар ерекше ғылыми экспериментке тап болады.

Мұндағы бастапқы мақсат - көрермендерді сюжетпен баурап алу. Олардың реакциясын бақылап, сол мезетте фильмнің әрі қарайғы өрбуін анықтап отыру.



«Күндердің күнінде біз камераны экран алдына қойып тұтас аудиторияның реакциясын бақылай аламыз» дейді режиссер Алексис Кирк BBC тілшісіне.

Әзірше фильмді жасаушылар қолданған технологияның жай-жапсарын құпия ұстап отыр. Түсіру техникасы ақпан айының соңында өтетін фестивальда бір-ақ белгілі болады.

ТЕХНОЛОГИЯ

BBC жазуыша, бұл технологияны жүзеге асыру үшін режиссерге арнайы сезгіш құрылғылар жалғанған төрт еріктінің көмегі керек болады.

Еріктілердің біреуінің жүрек соғысы, екіншісінің - миы, үшіншісінің - терлеуі, төртінші адамның бұлшық еттерінің жиырылуы бақыланады.

Алынған ақпараттардың бәрін арнайы компьютер тіркеп, сұрыптап отырады.
Кинотеатрдағы көрермендер. Көрнекі сурет

Кинотеатрдағы көрермендер. Көрнекі сурет


Соған сай арнайы программа сол мезетте-ақ фильмнің барысын өзгертіп отырады.

«Актерларға бір фильмде төрт түрлі оқиғаны ойнап шығуына тура келді» дейді режиссер.

BBC тілшісі мақалада бұл технологияға қатысты жүргізілген сынаққа куә болғанын да баяндаған.

Мақала авторы арнайы құрылғы жалғанған адамның бұлшық еттері тітіркене бастағаннан кейін фильмнің оқиғасы баяулай бастағанын атап өтеді. Ал көрермен сәлден кейін босаңси бастағанда фильмнің ең «қорқынышты» тұстары көрсетіле бастаған.

СЫН

Технология тақырыптарына жазатын жазушы Билл Томсон BBC-ге бұл жоба революциялық қадам екенін, бірақ мұндай талпыныстар тарихта болғанын айтқан.

1967 жылы Kinoautomat алғашқы интерактивті фильмі шыққан. Онда модератор фильмнің ең шешуші кезеңдерінде киноны тоқтатып, аудиториядан қандай бағытта жылжығанын көргісі келетінін сұрап отырған.

Билл Томсон нақты жағдайда оқиғаның төрт түрлі өрбуі фильмнің желісін аса көп өзгерте қоймайтынын айтып, көрермендер талғамы сан алуан болған кезде сюжеттің қайшылыққа ұшырауы мүмкін екенін ескерткен.

Ол бұған қоса, "оқиға қалаған бағытыңа қарай өрбитін ойынға айналып кетпей ме" деп те күмәнданған.

Әйтсе де BBC Кирктың бұл технология болашағына зор сенім артатынын, оның Болливудтан бастап Голливудты жаулап алатынына сенетінін жазады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG