Accessibility links

Мухортованың психиатриялық ауруханада қанша жататыны белгісіз


Зинаида Мухортова өзін психиатриялық диспенсерге мәжбүрлеп жатқызу туралы сотта тұр. Балхаш, 16 тамыз 2013 жыл.

Зинаида Мухортова өзін психиатриялық диспенсерге мәжбүрлеп жатқызу туралы сотта тұр. Балхаш, 16 тамыз 2013 жыл.

Дәрігерлер комиссиясы «Мухортова Балқаш психоневрология диспансерінде әлі жатуы тиіс» деген шешім қабылдады. Оны мәжбүрлеп ұстау себебін сіңлісіне «солай болуы тиіс» деп түсіндірген.

Адвокаттың сіңлісі Наталья Абенттің айтуынша, тамыздың 1-і күні Зинаида Мухортованы тексерген дәрігерлік-кеңестік комиссия құрамында Балқаш қаласындағы психиатриялық аурухана дәрігерлері болған. Ол «қанша өтінсе де өзін комиссияға кіргізбегенін» айтады.

- Зинаиданы қанша ұстайтындарын сұрап едім, «белгісіз» дейді. Ештеңе түсіндірмейді, бар болғаны «солай болуы тиіс» дей береді, - дейді Наталья Абент.

Ол дәрігерлерден әпкесінен қоғамға келер қауіп бар-жоғын сұраған.

- Олар «қауіпті емес, бірақ оны ауруханадан шығармаймыз» дейді. «Сіздерде жатып емделді ғой» деп едім, «емделсе қайтеміз» дегенді қайталай береді, - дейді Наталья Абент.

57 жастағы адвокат Зинаида Мухортова Қарағанды облысындағы Балқаш қалалық психиатриялық ауруханасына шілденің басында кезекті мәрте түскен. Оның туыстары Азаттық тілшісіне «шілденің 2-сі күні таңертең өздерін «электрикпіз» деп таныстырған бес-алты адам үйге сау етіп кіріп, Зинаиданы күшпен ауруханаға ала жөнелді» деп хабарлаған еді.

Бұған дейін жарты жылдай қалада болмаған Зинаида Мухортова Балқашқа туыстарымен жүздесу үшін келген.

Ол кезде Балқаштағы психоневрологиялық диспансердің бас дәрігері Рысбек Ысқақов Азаттық тілшісіне «созылмалы сандырақтау дертіне шалдыққан Зинаида Мухортова жарты жылдан бері емделуге өз еркімен келмеген соң ауруханаға әкелінді» деп мәлімдеген еді.

Бас дәрігер Ысқақов Азаттық тілшісінің Зинаида Мухортованың жағдайына қатысты сұрақтарына жауап беруден бас тартты. Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, денсаулық сақтау мекемелері бөтен адамдарға науқастары туралы ақпарат бермеуі тиіс. Ведомствоның баспасөз хатшысы Айжан Исаның айтуынша, науқастың туыстары аурухана басшылығы атына «науқас туысымыз туралы БАҚ-қа ақпарат беруге рұқсат етеміз» деген арыз жазуы тиіс.

Зинаида Мухортованың сіңлісі Наталья Абент. Балқаш, 20 тамыз 2013 жыл.

Зинаида Мухортованың сіңлісі Наталья Абент. Балқаш, 20 тамыз 2013 жыл.

Бірақ Наталья Абенттің айтуынша, Зинаиданың жағдайы мен психиатриялық ауруханада қанша ұстайтындары туралы толық ақпаратты туған сіңлісіне де бермейді.

Биыл мамырда жоғарғы сот Зинаида Мухортованың психиатриялық клиникаға күшпен жатқызудың заңсыз екені туралы шағымын қарамай қайтарған. Енді адвокаттың жалғыз үміті - БҰҰ-ның адам құқығы комитетіне шағымдану, бірақ шағым әлі жолданбаған.

Зинаида Мухортованы қудалау бес жыл бұрын - ол Балқаш қаласының бес тұрғынымен бірге сол өңірден сайланған парламент депутаты Нұрлан Нығметуллиннің үстінен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен «Нұр Отан» партиясына шағым жазғаннан кейін басталған. Депутатты «соттардың ісіне араласады» деп айыптаған тұрғындардың өздері қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Ал адвокат Мухортованы «Көрінеу жалған өсек тарату» бабы бойынша тұтқындаған. Тергеу абақтысында 11 ай отырған соң ол «сандырақтау» диагнозы бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, психиатриялық ауруханаға еркінен тыс емделуге жіберілді. Ол жерде бір жылдай болды.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Зинаида Мухортоваға тағылған айыптардың «саяси астары бар» деп санайды. Олар Қазақстан үкіметін адвокатқа тағылған айыптарды алып тастауға және өзгеше ойлайтын адамдарды психиатриялық клиникаларға күштеп жатқызатын советтік практиканы тоқтатуға шақырады.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG