Accessibility links

Андрей Цуканов апелляциялық сотта жеңді


Азаматтық белсенді Андрей Цуканов.
Азаматтық белсенді Андрей Цуканов.

Бүгін Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы азаматтық белсенді Андрей Цукановтың шағымын қанағаттандырып, қалалық әкімшілік соттың оның ісі бойынша шығарған шешімінің күшін жойды.

14 тамызда әкімшілік сот Цукановты 11 тамыз күні Алматы қаласы әкімдігі алдында «борышкерлердің» рұқсат етілмеген наразылық акциясына қатысты деп айыптап, оған 18 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 180 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салуға шешім шығарған.

Цукановтың адвокаты Гүлнара Жуаспаева Азаттыққа апелляциялық сот әуелде 4 қыркүйекке белгіленгенімен, алты рет кейінге қалдырылғанын айтты. Ол апелляциялық сотта Цукановтың дәлелдерін қуаттайтын куәгерден жауап алдыруға және бірнеше телеарнаның бейнехабарларын көрсетуге қол жеткізгенін айтады. Осылардың нәтижесінде айыптау жағының келтірген дәлелдері теріске шығарылған.

Азаматтық белсенділігімен танымал Андрей Цуканов бұған дейін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Былтыр ол сол кездегі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовке жұмыртқа лақтырып, жеті тәулікке қамалған. Биыл «полицияға қарсылық көрсетті» деген айыппен 18 тәулік әкімшілік қамауда отырып шықты.

Цуканов бұған дейін де өзіне шығарылған сот шешімдеріне келіспей шағымдар бергенімен, олардың ешқайсысы қанағаттандырылмағанын айтады.

XS
SM
MD
LG