Accessibility links

Мухортова видеожазбасынан «озбырлық» табылмады


Азаматтық белсенді Андрей Цуканов.

Азаматтық белсенді Андрей Цуканов.

Балқаш қаласында өткен сотта азаматтық белсенді Андрей Цуканов «психиатриялық ауруханада озбырлықпен видео түсіру» ісі бойынша жеңіп шықты.

Қазанның 7-сі күні Қарағанды облысы Балқаш қалалық соты азаматтық белсенді Андрей Цукановты "озбырлық" (самоуправство - ред.) жасамаған деп танып, полицейлер қозғаған әкімшілік істі жабу туралы қаулы шығарды.

Сотқа Андрей Цуканов қатысқан жоқ, оның мүддесін адвокат Жанар Балғабаева қорғады. Ол «мәжбүрлі емделуге» кезекті мәрте жатқызылған адвокат Зинаида Мухортованың сұхбатын видеоға түсіруге келген блогер заңды бұзбағанын дәлелдеп шықты.

МАҢДАЙША ЖАЗУЫ ЖОҚ АРНАЙЫ АУРУХАНА

Шілде айының басында адвокат Зинаида Мухортова психиатриялық клиникаға еркінен тыс қайта қамалған соң азаматтық белсенді әрі блогер Андрей Цуканов оның ауруханада берген сұхбатын видеокамераға жазып алған. Бұдан ертеректе халықаралық құқық қорғау ұйымдары Зинаида Мухортоваға тағылған айыптардың «саяси астары бар» деп танып, Қазақстан үкіметін адвокатқа тағылған айыптарды алып тастауға шақырған. Қазақстан билігі құқық қорғаушылардың бұл сынымен келіспейді.

Зинаида Мухортова (ортада) сот залына кіріп келеді.

Зинаида Мухортова (ортада) сот залына кіріп келеді.

Шілденің 5-і күні оппозициялық 16/12 телеарнасы «Зинаида Мухортованың психиатриялық клиникаға кезекті мәрте қамалғаны туралы» деген тақырыппен сюжет шығарып, интернетте жариялады. Балқаш қаласы полициясы Цукановтың бұл әрекетінде «озбырлық белгілері бар» деп тауып, хаттама толтырып, әкімшілік іс қозғаған.

Бірақ сотта әлгі хаттама полицияның осал жеріне айналды. Қыркүйектің 16-сы күні толтырылған хаттамамен Андрей Цуканов қыркүйектің 1-інде «таныстырылған». Сотта Андрей Цукановтың адвокаты Жанар Балғабаева осы заң бұзушылықты көрсетті.

Полиция Цукановты «ауруханаға заңсыз кірген» деп айыптайды. Бірақ Цукановтың адвокаты олардың бұл дәйегімен келіспейді. Өйткені клиникада күзет те жоқ, маңайы да қоршалмаған, ал аурухана ғимаратында оның жабық мекеме екенін көрсететін маңдайша жазу жоқ. Оның үстіне, Андрей Цуканов ауруханаға Зинаида Мухортованың сіңлісі Наталья Абентпен келген кезде аурухана қызметкерлері оларға Мухортованың палатасын табуға көмектескен.

Балқаш қаласындағы психдиспансер

Балқаш қаласындағы психдиспансер

Қазанның 1-і күні өткен сот отырысында полиция Цукановтың кінәлі екенін дәлелдейтін айғақ ретінде полицейлердің Мухортовадан алған түсініктемесін пайдалануға тырысқан еді. Бірақ Мухортованың қазір психиатриялық клиникада жатқанын, сондықтан сот оның түсініктерін дәлел ретінде пайдалана алмайтынынын ескерткен судья Саят Оразбаев әлгі түсініктемені іске қосудан бас тартқан. Судья бір жағынан «мәжбүрлі түрде психиатриялық ем қабылдап» жатқандықтан, Зинаида Мухортованың өздігінен әрекет етуге қабілетсіз екенін айтып, екінші жағынан одан ақыл-есі түзу адам сияқты түсініктеме алған полицияның әрекетінен қайшылық байқалғанына да назар аударды.

БЛОГЕРДІҢ СОТТАҒЫ ЕКІ ЖЕҢІСІ

Андрей Цуканов – жайсыз оқиғаларға жиі ұрынып қалатын азаматтық белсенді әрі блогер. Наразылық акциялары кезінде полиция оны жиі ұстап әкетеді. «Рұқсат етілмеген жиындарға қатысты» деген айыппен оған талай рет айыппұл салып, әкімшілік қамауға да алған.

Кейде Цуканов наразылық акциясына өзі де қатысады. Былтыр сол кездегі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовке жұмыртқа лақтырып, 7 тәулікке қамалған. Биыл «полицияға қарсылық көрсетті» деген айыппен 18 тәулік әкімшілік қамауға алынған оған «сотты құрметтемегені үшін» сот тағы үш тәулік қосып берген. «Полицияға қарсылық көрсетті» деген айыппен ол биыл шілде айында тағы 15 тәулік отырып шыққан.

Цукановтың бұл айыптауларға қарсы түсірген аппеляциялық шағымдары әдетте қанағаттандырылмайтын. Тек қыркүйектің 24-і күні, осыдан екі апта бұрын Алматы қалалық сотының аппелляциялық алқасы ғана оның пайдасына шешім шығарды. Ол кезде аппеляциялық алқа «борышкерлердің» рұқсат етілмеген наразылық акциясына қатысты деген айыппен салынған 18 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 180 АҚШ доллары) көлеміндегі айыппұлдың күшін жойған.

Балқаш қаласындағы алғашқы сот инстанциясының бүгінгі шешімі - блогердің билікпен тартысындағы екінші жеңісі.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG