Accessibility links

«Әблязовты қайтару-қайтармау» дауы қызды


Сотқа тартылған азаматтарды Қазақстанға қайтару мәселесіне арналған жиынды ұйымдастырушылар. Алматы, 19 тамыз 2013 жыл.

Сотқа тартылған азаматтарды Қазақстанға қайтару мәселесіне арналған жиынды ұйымдастырушылар. Алматы, 19 тамыз 2013 жыл.

Бір топ белсенді халықаралық ұйымдарға үндеу жасап, «алаяқтық қылмыс жасағандарды» Қазақстанға қайтаруға ықпал етуін сұрады. Ал екінші топ «Қазақстан сотына сенім жоқ» екенін айтып, Әблязовты қайтармауға шақырды.

Бұрынғы банкир, оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовты қайтаруды талап етіп, халықаралық ұйымдарға үндеу жасаған белсенділер «Қазақстанда заң да, сот та, түрме де бар» екенін айтады. Оны Қазақстанға қайтармауға шақырған азаматтар елдегі заңның әділдігіне күмәнданады. Екі топ та бұл пікірлерін тамыздың 19-ы күні жеке-жеке өткізген жиындарында айтты.

ҚАЗАҚСТАН СОТЫНА СЕНУШІЛЕР МЕН СЕНБЕУШІЛЕР

Халықаралық іздеу жариялаған бірнеше адамды қайтаруды талап еткен белсенділер оларды Қазақстан заңы бойынша жауапқа тартуды сұрайды.

Оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовты, Алматы қаласының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновты, Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевті, статистика агенттігінің бұрынғы басшысы Анар Мешімбаеваны Қазақстанға қайтаруды сұраушы белсенділердің бірі, «Молодая гвардия» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Рауан Есеркенов:

– Біздің мемлекетіміз кінәлі деп таныған адамдар елге қайтып келсін. Бізде сот та, заң да, жаза өтейтін мекемелер де бар, – дейді.

Оның пікірін «V&V» отбасын дамыту орталығының жетекшісі Магдалина Таксиди, «Бастама» жастар орталығының өкілі Сәуле Мұратқызы, «Үміт» құлағы естімейтін мүгедектерді қолдау орталығы» қоғамдық қорының басшысы Аманбике Ерғалиева да қостайды.

Ал Мұхтар Әблязовты Қазақстанға қайтармауды сұраған азаматтардың сөзінше, Саясаткер Әміржан Қосанов. Алматы, 19 тамыз 2013 жыл.

Саясаткер Әміржан Қосанов. Алматы, 19 тамыз 2013 жыл.

«оған тағылған айыпты Қазақстан сотында қарауға мүмкіндік жоқ».

– Қазақстан сотына ешқандай сенім жоқ. Осында отырған азаматтардың біразы сол соттың теперішін көргенбіз, – дейді оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов.

Мұхтар Әблязовты қорғау жөніндегі комитет өкілдері – саясаткер Әміржан Қосанов пен Жасарал Қуанышәлин, журналист Рысбек Сәрсенбай, қоғамдық белсенді Марат Жанұзақовтар Қазақстанда «алаяқтық жасады, қаржы жымқырды» деп айыпталған Мұхтар Әблязовты «президент Нұрсұлтан Назарбаевтың режимін сынағаны үшін қуғындалып отыр» деп сипаттайды.

«БІЗ ДЕ AMNESTY INTERNATIONAL СИЯҚТЫ ҰЙЫМБЫЗ»

Мұхтар Әблязовты қайтармауды талап етушілер оны Amnesty International мен Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымдары «саяси тұтқын» деп мойындағанын айтады.

ӘБЛЯЗОВ ІСІ

2009 жыл - 2005-2009 жылдары "БТА банкін" басқарған Мұхтар Әблязов банкті Қазақстан үкіметі мемлекет меншігіне алған соң Лондонға шығып кетті.

2011 жыл - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатаң сыншысына айналған оппозициялық олигархқа Ұлыбритания саяси баспана берді. Қазақстан үкіметі Әблязовты 6 миллиардқа жуық АҚШ долларын жымқырды деп айыптап, Ұлыбритания сотына жүгінді. Ал Әблязов өзіне қатысты қозғалған істердің саяси астары бар деп мәлімдеді. Осы жылы Қазақстан Ұлыбританияға Әблязовты экстрадициялау туралы өтініш түсірді.

2012 жыл - Ақпанда Лондон жоғарғы соты Мұхтар Әблязовты "сотты құрметтемегені" үшін 22 айға қамауға алып, активтерін құрсаулауға үкім етті. Үкіммен келіспеген Әблязов бұл елден де кетіп қалып, бой жасырып жүрді. Наурызда ол апелляциялық шағым жазды. Қараша айында Ұлыбританияның апелляциялық соты ақпандағы үкімді күшінде қалдырды. Осы айда Лондон соты Мұхтар Әблязовтан қазақстандық БТА банктің пайдасына 2,1 миллиард АҚШ долларын өндіріп алу туралы үкім шығарды.

2013 жыл - Шілдеде Әблязов Францияның оңтүстігінен табылып, Украина сотының талабы бойынша ұсталды.

2014 жыл - Қаңтарда Франция соты Әблязовты Ресей мен Украинаға экстрадициялау туралы үкім шығарды. Сәуірде Францияның кассациялық соты экстрадициялау туралы үкімді тоқтатып тастады. Сәуірде Ұлыбританияның оған берген саяси баспананы жою туралы шешім қабылдайтыны хабарланып, кейін ол процесс тоқтап қалды. 25 қыркүйекте Лион апелляциялық соты Әблязовты экстрадициялау ісін қайта қарай бастады. 24 қазанда Лион соты оны Ресей мен Украинаға экстрадициялауға санкция берді.

2015 жыл - Наурызда Францияның жоғарғы кассациялық соты Әблязовтың өтінішін қанағаттандырмай тастады. Қазанда Әблязовты экстрадициялау туралы бұйрыққа Франция премьер-министрі Мануэль Вальс 17 қыркүйекте қол қойғаны белгілі болды.


Олар Франция президенті Франсуа Олланд пен Еуропа парламенті депутаттарынан «Әблязовты Қазақстан түгілі ТМД елдерінің ешқайсысына қайтартпау шараларын жасауды» сұрады.

– Ол елдер Мұхтар Әблязовты газ бен мұнай үшін Қазақстанға да бере салады, – дейді қоғамдық белсенді Марат Жанұзақов.

Ал «Мұхтар Әблязовты қайтаруға көмектесуді» өтініп, жоғарыда айтылған Amnesty International мен Human Rights Watch құқық қорғау ұйымдарына, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетіне үндеу жасаған белсенділер ол ұйымдардың «Қазақстан Мұхтар Әблязовты азаптауы және әділ түрде соттамауы ықтимал» деген пікірімен келіспейді.

– Amnesty International да – кез келген ұйым секілді өздерінің қаржы көздері бар ұйым. Біз де – дәл солар секілді ұйымдармыз, тек халықаралық емес ұлттық деңгейдегі. Қазақстанның өз ішіндегі жұмыс істеп жүрген қоғам өкілдері ретінде бізді де тыңдап, біздің де пікірімізді қарастырсын, – деп жауап берді «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының жетекшісі Жәмила Садықова.

31 шілдеде Францияда ұсталған Мұхтар Әблязовты елге қайтару-қайтармауды талап еткен азаматтар мен ұйымдар бұған дейін бірнеше рет жиын өткізді.

Қазақстан билігі де Мұхтар Әблязовты қайтаруды өтініп, 6 тамызда Францияға сұрау салған.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG