Accessibility links

Қазақстанда да «онлайн-молдалар» пайда болды


Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы. Сурет автордың Фейсбук парақшасынан алынды.

Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы. Сурет автордың Фейсбук парақшасынан алынды.

Азаттық тілшісі әлеуметтік желіні белсенді түрде қолданып жүрген имамдар мен мешіттердің парақшаларына шолу жасады.

Қазақстанда әлеуметтік желіні белсенді түрде қолданатын дін қызметкерлері саусақпен санарлық. Халықтың басым бөлігі ұстанатын ислам діні өкілдерінің белсенділігі ерекше байқалады.

ҚАЙРАТ ЖОЛДЫБАЙ

Facebook әлеуметтік желісінде бес мыңға жуық досы бар «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы жеке парақшасында діни сайттардағы материалдарға сілтеме берумен қатар, кейбір дінге қатысы бар оқиғаларға қатысты көзқарасын жеткізіп отырады.

Оның Оңтүстік Қазақстан облысындағы «қыз зорлады» деген күдікпен ұсталған имамға қатысты жазбасы қолданушылар арасында қызу талқыланды. Бірақ бұл жазба кейіннен өшіп қалған.

Наурыздың 8-і күні Қайрат Жолдыбай парақшасына: «Құрметті ханымдар, бүгінгі мейрамдарыңыз қасиетті жұма мүбәрак болғай!» деп жазды.

Бұл жазба әрі қарай 8 наурыз мерекесін тойлау-тойламауға қатысты қолданушылардың пікірталасымен жалғасқан.
Челахтың қылмысты жасағанына 100% иланамын. Өкініштісі, құқық қорғау орындарының осы уақытқа дейінгі беделі халықты күмән мен күдікке итермелеп отыр.

Имам Қазақстанда жұрт назарын жаппай аударған істердің бірі - «Арқанкерген оқиғасына» байланысты: «Мен өз басым Челахтың қылмысты жасағанына 100% иланамын. Өкініштісі, құқық қорғау орындарының осы уақытқа дейінгі беделі халықты күмән мен күдікке итермелеп отыр» деп пікір білдірген.

Кейбір қолданушылар әлеуметтік желі арқылы имамнан намаз, исламға қатысты сұрақтарға жауап алуға тырысқан екен. Бірақ ол сұрақтарға имам жауап бермеген. Атап айтсақ, Атиркул Ташимова есімді қолданушының намаз бен хиджабқа байланысты сұрағы жауапсыз қалған.

Мұның себебін сұрағанымызда, Қайрат Жолдыбайұлы әлеуметтік желідегі парағында қойылған сұрақтардың барлығына жауап беруге уақыты жетпей қалатынын айтты.

- Сыртқа көрініп тұратын сұрақтардан бөлек тікелей өзіме сұрақтар түсіп жатады. Сұрақтар көп. Кейбіреулеріне қиюын келтіріп жауап беру үшін уақыт керек. Оған уақыт табылмай қалады. Сондай қалып қалған сұрақтар болуы мүмкін. Бірақ қолымнан келгенше жауап беремін, - деді имам Қайрат Жолдыбайұлы Азаттық тілшісіне.

Қайрат Жолдыбайұлы ара-тұра: «Әзірет Сұлтан» мешіті Астана қаласынан CorelDraw, Photoshop бағдарламаларының тілін білетін кәсіби дизайнер іздейді. Еңбекақысы жасаған жұмысына қарай беріледі» деген құлақтандырулар да жариялап отырады.

Имам: «Бұдан былай мүмкіндігінше осындай ұлттық киіммен жүрсем деймін. Ниет қой. Уақыт көрсетер» деген пост жазып, жаңа шекпен киіп түскен фотосын да жалпымен бөліседі.

Қайрат Жолдыбайұлы көп жағдайда «қазақстандық патриотизмге» шақырып отырғанымен анда-санда әлеуметтік қарсылық сарынындағы постар да жариялайды. Мысалы, ол бір реттік декреттік төлемақының қысқаруына қарсы мотиваторды «Дәл солай!» деген коммент жазып, өз парақшасында жариялаған. Бірақ мұндай постарына Facebook «достары» екі-үш есе аз жауап қатқаны байқалады.
Қайрат Жолдыбайұлының Facebook парақшасының скриншоты

Қайрат Жолдыбайұлының Facebook парақшасының скриншоты





НҰРЖАН ДӘРІҚҰЛОВ

Әлеуметтік желіде белсенді ретінде ара-тұра көзге түсіп қалатын имамдардың бірі - Қызылорда қаласындағы «Нұр» мешітінің имамы Нұржан Дәріқұлов.

Facebook-та Nurzhan Darkulov ретінде тіркелген имам ақпан айында қазақ жастарын әулие Валентин күнін тойламауға шақырған.

«Құрметті қазақ жастары! Алдағы келе жатқан «валентин» күнін тойлаудан бас тартуға шақырамын. Ол біздің ұлтымызға, дінімізге, дәстүр құндылықтарымызға қайшы, азғындыққа бастар жол деп есептеймін. Жастар осы шайтани мерекенің (мереке деуге болмайды) құрсауына түсіп қалмаса екен. Бойында намысы, иманы бар әрбір азамат менің осы сөзіме қосылады деп ойлаймын» деп жазған.
Имам Нұржан Дәріқұловтың Facebook аккаунтының скриншоты

Имам Нұржан Дәріқұловтың Facebook аккаунтының скриншоты


Өзге әріптестерінен ерекшелігі - ол барған кездесулерінен түсірілген фотоларды да жиі іліп отырады.

Ақтөбе облыстық «Нұр-ғасыр» орталық мешітінің наиб имамы Серікжан Еншібайұлы, Петропавлдағы имамдардың бірі Адилхан Баианидың (әлеуметтік желіде осылай тіркеліпті) Facebook-те парақшалары болғанмен, сайттардан алынған жазбаларды жариялаумен ғана шектелген.

Соңғы кезде елдегі мешіттер де Facebook және Twitter-ден парақша аша бастады. Қазіргі кезде Қаттани мешіті, ақтөбелік «Нұр-ғасыр», Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешіті, Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария», Көкшетаудағы «Науан Хазрет» мешітінің Facebook және Twitter-де парақшалары бар.

Әлеуметтік желілерден Қазақстандағы православ, католик, т.б. конфессия өкілдерінің аккаунттарын таба алмадық.

ҚОЛДАНУШЫЛАР ПІКІРІ

Блогшы Серік Мұратхан «арнаулы діни сайттарға сілтеме жасаған жазбалар болмаса әлеуметтік желіден имамдардың немесе мешіттердің аса белсенділігін көре алмағанын» айтады.

- Әлеуметтік желілердегі имамдардың жазбаларындағы ортақ заңдылық - халыққа күмәнді оқиғалар туа қалса, көзі жетсе де, жетпесе де биліктің ресми версиясын қолдап шығатынын байқауға болады. Аз санды діни тұлғалар өз көзқарасын тәуелсіз тұрғыда айтқысы келгенмен, бәрібір оқшау ой айта алмайды. Олардың әлеуметтік желідегі белсенділігі белгілі ірі оқиғалар кезінде күрт артады да, тыныштала қалса, жайбарақат күйге ауысады, - дейді ол.
Серік Мұратхан, блогшы.

Серік Мұратхан, блогшы.


Серік Мұратхан имамдардың интернетте діни көзқарасын білдіріп жататын қарапайым азаматтардан ерекшелігін былайша атап өтеді:

- Олардың ойлары орнықты, сабырлы және мемлекеттік тұтастық пен ұлттық құндылықты да ескерусіз қалдырмайды. Аса ұшқары ойларға тойтарыс беріп жатады. Мемлекеттік саясатты қолдап, қорғауға шақырады. Бірақ кейде діннен гөрі саясатқа көп мән беріп, мешіттерде, әлеуметтік желілерде көбіне елді имандылыққа, рухани тазалыққа үгіттегеннен гөрі, белгілі саяси партияның уәкіліндей саясат туралы көпірме сөздерге бой алдырып жатады, - дейді ол.
Марфуға Шапиян, журналист. (Сурет Facebook парақшасынан алынды).

Марфуға Шапиян, журналист. (Сурет Facebook парақшасынан алынды).


Facebook қолданушысы Марфуға Шапиян соңғы уақытта имамдар мен мешіттердің әлеуметтік желіде белсенді бола бастағанын айтты. Оның байқауынша, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Muslim.kz сайты «Мой мир», Twitter, Facebook, «Вконтакте» әлеуметтік желілерінде тіркелген.

Оның ойынша, «кез-келген адам көкейінде қандай да бір сұрақ пайда болса, әлеуметтік желілерге кіріп, қалаған уақытында мешіт қызметкерлеріне сол сұрағын қойып, жауап ала алатын жағдайда болуы тиіс».

- Әлеуметтік желілерде негізінен «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы, әрі ҚМДБ наиб мүфтиі Қайрат Жолдыбайұлының жазбаларын жиі кездестіремін. Ол кісі қойылған сұрақтар болып жатса, жауап беріп отырады. Сонымен қатар, ҚМДБ аппарат басшысы Балғабек Мырзаев та әлеуметтік желілерде тіркелген. Ол кісінің жазбаларын да оқып отыруға тырысамын, - дейді ол.

Бүкіл әлемде әлеуметтік желіні белсенді түрде қолданатын дін қызметкерлерінің алғашқы сегіздігіне: Тибеттегі буддизмнің рухани көсемі Далай Лама, бұрынғы Рим папасы Бенедикт, буддистік монах Тхить Нят Хань, индуизм өкілі Баба Рампури, Англия шіркеуінің басшысы Роуэн Дуглас Уильямс, Иранның рухани көсемі аятолла Хаменеи, Патриарх Кирилл, апостол Варфоломей І кіреді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG