Accessibility links

«Көпвекторлы саясат» аяқталды ма?


Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ғимараты. Астана. (Көрнекі сурет).

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ғимараты. Астана. (Көрнекі сурет).

Ресей бастаған ЕАЭО келісімі жарты айдан соң күшіне енеді. Кейбір сарапшылар Қазақстан тәуелсіздік алғанда жариялаған көпвекторлы сыртқы саясатынан айныды деп санайды.

Тәуелсіздік алғанда көпвекторлы сыртқы саясат ұстанатынын жария еткен Қазақстан энергетика саласына АҚШ, Еуропа, Қытай мен Ресейден қатар инвестиция тартуын негізгі жетістіктерінің бірі етіп сипаттап келді.

"КӨПВЕКТОРЛЫ САЯСАТҚА ОРАЛУ ҚАЖЕТ"

2010 жылы Астана Мәскеу бастаған Кеден одағына қосылды, бұл ұйым алдағы жылдан бастап Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) айналмақ. Биылғы қаңтарда қабылдаған «Қазақстан үкіметінің сыртқы саясатының тұжырымдамасында» ЕАЭО «басым бағыттардың бірі» ретінде көрсетілген. Украинамен жанжалдасып, Батыс тауарларына санкция жариялап, НАТО-ға қыр көрсетіп, «халықаралық әуе кеңістігі заңдарын бұзды» деп айыптала бастаған Ресеймен бір одаққа кіргелі отырған Қазақстанның сыртқы саясаты көп векторлы болып қала ала ма?

Cасаттанушы Расул Жұмалы. Aлматы. 12 тамыз, 2013 жыл.

Cасаттанушы Расул Жұмалы. Aлматы. 12 тамыз, 2013 жыл.

Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы қызметкері, саясаттанушы Расул Жұмалының пікірінше, Қазақстанның көп векторлы сыртқы саясатында 2000 жылдардың бас кезінен бастап Ресей, АҚШ және Қытай үштігіне ерекше мән берілген. Ол қазір Астана Мәскеу мен Пекинге ерекше жақындап кетті деп есептейді.

- 2005 жылдардан бастап АҚШ-тың үлесі едәуір азайып, оның орнын кредит беру, энергетикалық жобаларға қатысу арқылы Қытай басты, - дейді сарапшы.

Расул Жұмалы мысал ретінде Қашаған кен орнын игеруші мұнай компанияларының үлесін сатып алуға «Үндістан Қазақстанға әлдеқайда тиімді ұсыныс жасағанына қарамастан» Қазақстан Қытай компаниясын таңдағанын алға тартады. Ол мұны "Қазақстанның көпвекторлы саясатынан айнуының белгісі" деп санайды.

«Қазақстанға Қытайдың да ықпалы күшейеді» деп қауіптенетіндер елдің мұнай-газ секторындағы Қытай компанияларының жалпы үлесі күрт артқанын және Пекиннің Астанаға ондаған миллиард доллар несие бергенін уәж етеді. Желтоқсанның 14-і күні Астанада Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов пен ҚХР премьері Ли Кэцян жалпы құны 14 миллиард долларлық үкіметаралық келісім-шарттарға қол қойған.

Қытай премьері Ли Кэцян (оң жақта) мен Ресей премьері Дмитрий Медведев Астанадағы ШЫҰ үкімет басшылары кеңесі жиынында пікірлесіп тұр. Қазақстан. 15 желтоқсан, 2014 жыл.

Қытай премьері Ли Кэцян (оң жақта) мен Ресей премьері Дмитрий Медведев Астанадағы ШЫҰ үкімет басшылары кеңесі жиынында пікірлесіп тұр. Қазақстан. 15 желтоқсан, 2014 жыл.

Сарапшылар Қытаймен арадағы экономикалық интеграциясына қарамастан сыртқы саяси мәселелерге келгенде Қазақстанның көпвекторлы бағыт ұстау мүмкіндігі күрт шектелетінін ескертеді.

Саясаттанушы Расул Жұмалының пікірінше, Ресеймен арадағы интеграциялық құрылымдар Астананы Мәскеуге тәуелді ете түседі. Сарапшы Украинамен арадағы жанжалға байланысты Қазақстанның өз позициясын айқын білдіре алмағанын мысал етеді.

Украинаға қатысты Ресей халықаралық келісімдердің барлығын өрескел бұзып отыр. Ал оның барлығын Қазақстан мойындаған. Яғни Қазақстан өзі мойындаған міндеттердің барлығына өзі қайшы келді. "Сондықтан Астана көпвекторлы саясатына қайта оралып, Ресейдің ықпалын азайтуға тырысуы қажет," - дейді ол.

Саясаттанушы Ресей Батысқа қарсы жариялаған санкцияларын Кеден одағы елдеріне қолдатқызуы мүмкін деп те қауіптенеді. Соңғы айларда кейбір ресейлік саясаткерлер «Еуразия одағы аясында ортақ валюта, ортақ парламент пен ортақ ақпараттық кеңістік болсын» дейтін пікірлер айта бастаған.

"САЛМАҒЫ АУЫРЛАҒАН ВЕКТОРЛАР"

Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылардың ішінде Астана әлі де жан-жақты сыртқы саясат ұстануға қабілетті деп санайтындар да бар. Қазақстанның Еуропадағы елшіліктерінде жұмыс істеген бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев «көпвекторлы саясаттағы кейбір векторлардың салмағы ауырлағанын» айтады. Ол Кеден одағы құрылардан бастап Қазақстанның Ресейге жақындай түскеніне, ал Еуразия экономикалық одағы келісімінде «сыртқы саясатты келісе отырып жүргізу» мәселесі қарастырылғанына назар аудартады.

Cарапшы Қазбек Бейсебаев. Алматы. 9 қыркүйек. 2013 жыл.

Cарапшы Қазбек Бейсебаев. Алматы. 9 қыркүйек. 2013 жыл.

Қазбек Бейсебаев Ресей-Украина жанжалында Қазақстан Қырым мәселесіне қатысты аймақты Ресейдің бір бөлігі деп тануға асықпай, керісінше, бейтараптылығын сақтап қалды деп санайды.

Бірақ болашақта Астананың Еуропа Одағы мен Ресейдің арасында мұндай бейтарап позиция ұстануы қиынға соғуы мүмкін. Қазақстан 2008 жылы қабылдаған «Еуропаға жол» бағдарламасы қазір ұмытыла бастады. «2009-2011 жылдарға арналған «Еуропаға жол» бағдарламасы» сайлау, саяси партиялар, БАҚ, мемлекеттік кызмет, сот жүйесі және т.б. салалар бойынша заңдарды еуропалық тәжірибе негізінде жетілдіруі қажет болатын. 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен соң бұл бағдарлама күн тәртібінен түсіп қалғандай әсер қалдырды. Бірақ биыл Брюссельде Қазақстанға ұсынылған ЕО-мен әріптестік туралы келісім мен Чехия, Швейцария мен Франция сияқты бірнеше ЕО елдері басшыларының Астанаға сапар шегуі соңғы жылдары сиреңкіреп кеткен саяси-экономикалық диалогтарды қайта жандандырғандай болып көрінді.

Сарапшы Қазбек Бейсебаевтың айтуынша, Франция президенті Франсуа

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Франция президенті Франсуа Олланд Астанаға сапарлағанда иығына шапан жапты. Қазақстан. 5 желтоқсан, 2014 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Франция президенті Франсуа Олланд Астанаға сапарлағанда иығына шапан жапты. Қазақстан. 5 желтоқсан, 2014 жыл.

Олландтың желтоқсанда әуелі Астанаға ресми сапармен келіп, қайтар жолында алдын-ала жоспарланбаған түрде Мәскеуге соға кетуі Қазақстанның халықаралық аренада көпвекторлы саясатын жалғастырып отырғанының бір белгісі.

- Қазақстанның көпвекторлы қазіргі ұстанымы Ресейге де тиімді. Өйткені Ресейдің Қазақстан арқылы Батыспен диалог құруға мүмкіндігі бар екенін Олланд сапары көрсетті. Қазақстан осы жолды әрі қарай да тиімді пайдалануы керек, - дейді ол.

Биыл мамырдың 28-і күні Астанада Қазақстан, Ресей және Беларусь Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімге қол қойған еді. Кейін бұл одаққа Армения мен Қырғызстан да кіруге ынта білдірген. Қазақстанның ЕАЭО-ға кіруіне қатысты жергілікті қоғамдық белсенділер бірнеше рет қарсылық акцияларын да өткізген. Олар ЕАЭО Қазақстанды Ресейге кіріптар етіп, Кремльдің советтік кезеңдегі саяси үстемдігін қайта орнатады деп қауіптенеді.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG