Accessibility links

«Гималайдағы көште сегіз ай кебежеде отырдық»


Мюнхенде тұратын этникалық қазақ Талғат Қосжігіттің жұбайы Саадат Қосжігітпен түскен суреті. Алматы, 5 қазан 2016 жыл.

Мюнхенде тұратын этникалық қазақ Талғат Қосжігіттің жұбайы Саадат Қосжігітпен түскен суреті. Алматы, 5 қазан 2016 жыл.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Қытайдан Еуропаға көшіп барған қазақ диаспорасының өкілі Талғат Қосжігіт Азаттыққа берген сұхбатында жолдағы көш қиындығы жайында айтып берді.

Талғат Қосжігіт 1942 жылы Қытайдың Шыңхай аймағында дүниеге келген. Әкесі Сұлтаншәріп Зуқаұлы - 1950 жылы Үндістан арқылы Түркияға қоныс аударған қазақ көшін бастап барушылардың бірі. Алтайдан ауа көшкен кездегі көз алдында қалған көріністер жайлы ол Азттыққа берген сұхбатында әңгімелеп берді.

Азаттық: - Сіздің балалық шағыңыз бірыңғай «көштен» тұрады екен. Әңгімені көштің басынан бастасақ?

Талғат Қосжігіт: - Әкелеріміздің ата-қонысы Алтайдың Баркөл аймағы еді. 1938 жылы Шың Сы Сайдың зорлығы мен зомбылығынан қашып Шыңхайға қоныс аударды. Сол жақта мен 1942 жылы дүниеге келдім. 1947 жылы әкелеріміз Баркөлге қайта көшіп келді. 1949 жылдың күзінде коммунистер билік басына келді. Сосын менің әкем өзінің барлық туған-туыстарын бастап Тибетті көктей өтіп, Гималай таулары арқылы 1951 жылдың күзінде Үндістанның Кашмир уәлаятына жеттік. Сол жерде бізбен барған қазақтардың алды – екі жыл, арты үш жыл тұрды. Біз өзіміз 1954 жылдың көктемінде Түркияға қоныс аудардық.

Азаттық: - Бала Талғаттың көз алдында осы көштен қандай суреттер қалды?

Гималай таулары. (Көрнекі сурет)

Гималай таулары. (Көрнекі сурет)

Талғат Қосжігіт: - Гималай тауларын басып өткен кезде күн өте суық болды. Қарлы боран, көк мұз, әртүрлі жағдайда көз жұмған адамдар. Көк мұздың үстінде жер қаза алмай, ересектер қайтқан адамдардың мүрдесін шала-шарпы жасырып кетуге мәжбүр болды. Бізді кебежеге отырғызып, түйенің қомына артып қоятын. Сегіз ай бойы сол кебежеде отырдық. Үстімізден қалың көрпелермен жауып тастайтын. Таңертеңнен кешке дейін тоқтамай жүрген жүріске шыдай алмайсың. Әлі есімде, өңшең бала атаулы «қашан тоқтаймыз, қашан қонамыз?» деп шулап жылай беретін едік.

Азаттық: - Жат ел, жат жердегі тағдырларыңыз қалай жалғасты?

Үндістанға алғаш барғанымызда жергілікті үкімет бізді жақсы қабылдады... Содан кейін Түркияға қоныс аудардық. Түркия мемлекеті бізге жер берді, үй берді. Оқып, өсіп, қызмет істеп қалыптастық.

Талғат Қосжігіт: - Үндістанға алғаш барғанымызда жергілікті үкімет бізді жақсы қабылдады. Сол жерде АҚШ-тың көмегімен құрылған ағылшынша білім беретін мектеп бар екен. Соған менімен бірге төрт-бес баланы қабылдады. Сонда бір жылдан астам уақыт оқыдым. Содан кейін Түркияға қоныс аудардық. Түркия мемлекеті бізге жер берді, үй берді. Оқып, өсіп, қызмет істеп қалыптастық.

Азаттық: - Сіз биыл 150 жылдығы тойланып жатқан Зуқа батырдың немересі боласыз. Осынша бейнетпен Еуропаға жетіпсіздер. Аяқтан тұрып кету қалай болды және отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз.

Талғат Қосжігіт: - Түркияға аман жеткен қазақ жастары сонда үйленіп, тұрмысын оңдап, бас құрап жатты. Әйелімнің аты - Саадат Қосжігіт. Оның үлкен атасы әйгілі Зайып тәйжі деген кісі 1936 жылы Елісханмен бірге елді бастап Алтайдан Гансу аймағына көшіп барған. 1940 жылы Гансудан түп қопарыла көшіп, 1941 жылы Үндістанға жеткен. Қайын атам Ғұсман қажы -Үндістаннан Пәкістанға қоныс аударған қазақ ауылдарының көшбасшысы болған адам. 1953 жылы Пәкістаннан Түркияға жетіп, сол жерде тұрақтады. Қазір жұбайыммен екеуміз екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отырмыз. Екі қызым Түркияда, ал ұлдарым өзіммен бірге Германияда, Мюнхен қаласында тұрады.

Азаттық: - Мюнхенге қалай барып қалдыңыз?

Мюнхен.

Мюнхен.

Талғат Қосжігіт: - 1967 жылдан 1995 жылға дейін Азаттық радиосының қазақ бөлімінде қызмет істедім. Түркияда жүріп сол кезде Мюнхенде орналасқан Азаттық радиосына жұмысқа бардым.

Азаттық: - Иә, сіз Совет уақытында эфирге «Талғат Көкбұлақ» деген есіммен шығып тұрған едіңіз ғой?

Талғат Қосжігіт: - Қай газет екені қазір есімде жоқ, «Азаттық радиосының қазақ бөліміне тілші қабылдаймыз» деген хабарландыруды оқыдым. Бағымды сынап көрейін деп бірнеше мақала жазып, салып жіберген едім. Көп ұзамай шақыру келді. Сосын бірден Мюнхенге қоныс аудардым. Содан Азаттық радиосы Прагаға қоныс аударғанға дейін қызмет еттік. Азаттықта қызмет еткен жылдар мен үшін әсте естен кеткен емес. Естеліктерімді кітап етіп жазу ойымда бар. Әсіресе, 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы, онан кейінгі Қазақстанның тәуелсіздік алған кезіндегі Азаттықтың хабарлары өзіміз үшін де, тыңдарман үшін де әсерлі болған шығар деп ойлаймын.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет!

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG