Accessibility links

300 мың доллар «рақмет» пе, қарыз ба?


Табиғи монополияны реттеу агенттігінің бұрынғы төрағасы Мұрат Оспанов

Табиғи монополияны реттеу агенттігінің бұрынғы төрағасы Мұрат Оспанов

Табиғи монополияны реттеу агенттігінің бұрынғы төрағасы, «жемқорлық» бойынша айыпталған Мұрат Оспановтың сотында айыпталушылардан жауап алынып жатыр.

Бүгін Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында табиғи монополияны реттеу агенттігінің бұрынғы төрағасы Мұрат Оспанов «бар жазығым – қарызға ақша алғаным» деп мәлімдеді.

«РАҚМЕТ» АҚША МА, ӘЛДЕ ҚАРЫЗ АҚША МА?

Қаржы полициясы Мұрат Оспановты «Атырау-Жарық» компаниясына болысқаны үшін 300 мың доллар пара алды деп айыптайды. Іс бойынша ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүрген Алматы тұрғыны Арман Ақтай да айыпталады. Оған «лауазымды тұлғаға пара берді» деген айып тағылған. Арман Ақтай «Атырау-Жарық» компаниясының мүддесін қорғағанын айтады.

Арман Ақтайдың мәлімдеуінше, Мұрат Оспанов 300 мың доллар пара талап еткен. Ол әуелі Оспановтың көмекшісіне 100 мың доллар бергенін, бірақ оны азырқанған соң кейін тағы 200 мың доллар бергенін айтады.

Сотталушы Мұрат Оспанов «Ақтай 200 мың долларды қызымның үйлену тойына көмек ретінде қарызға ұсынды» деген уәжінен танбайды.

Арман Ақтайдың адвокаттары Оспановтан «Әйеліңіз екеуіңіздің ортақ есеп-шоттарыңызда 615 мың доллар және 21 миллион теңге жатқан кезде неліктен 200 мың доллар қарыз сұрадыңыз?» деп сұрады. Оспановтың әйелі бизнеспен айналысады.

Әйеліңіз екеуіңіздің ортақ есеп-шоттарыңызда 615 мың доллар және 21 миллион теңге жатқан кезде неліктен 200 мың доллар қарыз сұрадыңыз?

Мұрат Оспанов бұл сұраққа «Ақшаны қарызға пайызсыз берген соң алдым. Қызымның қазан айында Астанада жоспарланған тойын өткізетін мейрамхана мен тамадаға аванс төлеу үшін ақша керек болды» деп жауап берді.

Сотта жауап берген Мұрат Оспанов «табиғи монополия субъектілерінің тарифтерін бекіту менің құзырыма кірмейтіндіктен, оларды өзгертуге ықпал ете алмас едім» деп мәлімдеді. Сотталушы Оспанов Арман Ақтайды «досым әрі жолдасым» деп атайды.

— Екеуміз заңға қайшы ешқандай әрекет жасаған жоқпыз. Алған қарызымды қайтармақ болғанмын, ал маусымның 30-ы күні ағаммен ақылдасқан соң ақшаны алмай бірден қайтарып беруді жөн көрдім, - дейді Мұрат Оспанов.

Бірақ 2014 жылдың 1 шілдесінде оны қаржы полициясы қызметкерлері ұстап, пара алу айыбы бойынша уақытша тергеу абақтысына қамаған. Ол қарамағындағы қызметкер - табиғи монополияны реттеу агенттігі департаментінің бастығы Қалила Көккөзованы тұтқындап, қаржы полициясында тергеп жатқанын естіп, полицияға өзі келгенін айтады.

«ЖАНЫМА БАТТЫ, ӘРІ ҚОРЫҚТЫМ»

Сотталушы Мұрат Оспанов қаржы полициясының «қашуға әрекеттенді» деген мәлімдемесіне байланысты ақталуға тырысты. Ол бұл мәлімдемені ақпарат құралдарына адвокаты «Мұрат Оспанов азаптауға ұшырады» деген сөзінен кейін жасаған.

Оспановтың айтуынша, тергеу абақтысында түні бойы көз ілмеген, ал ертеңгісін таңғы ас ішпеген, тек бір стақан қою тәтті шай ішкен. Монополияға қарсы ведомствоның экс-басшысы шайдың күдікті көрінгенін айтады, ал кейін сот-медициналық сараптама оның мас екенін анықтаған. Бірақ Оспанов шайдан өзге ештеңе ішпегенін айтады.

—Тергеу абақтысына қаржы полициясынан қызметкерлер келіп, қолыма кісен салып, алып кетті. Жолда өзімді нашар сезіндім. Олар көлікті тоқтатып, есікті ашты да, мені итеріп қалды. Көліктен түсер кезде біреуі арқамнан итеріп қалды да, құлап түстім. Қолым кісендеулі болатын. Құлаған кезде қолымды кесіп алдым. Орнымнан тұра бергенде басымнан және арқамнан жұдырықпен екі мәрте қойып қалды. Қатты соққыдан жерге етпетімнен құлап, бетімнің терісі сыдырылып, қанталап кетті, - дейді Мұрат Оспанов.

«Қанға боялған екі мың доллар тұратын костюмім мен 25 мың теңгелік жейдемді алып қойды. Орнына әлдебір бомждың үстінен шешіп алғанға ұқсайтын болонь куртка мен шалбар берді»

Оспанов қолының кесілген әрі қан аққан жарасын тек бірнеше сағаттан кейін ғана тіккенін айтады. Ол «Қанға боялған екі мың доллар тұратын костюмім мен 25 мың теңгелік жейдемді алып қойды. Орнына әлдебір бомждың үстінен шешіп алғанға ұқсайтын болонь куртка мен шалбар берді» дейді. Оның пікірінше, кейін қаржы полицейлері өз әрекеттерін жасыру үшін оған «қашуға тырысты» деп жала жапқан.

Бірақ кейін, тергеу кезінде Мұрат Оспанов «полицейлер дұрыс сөйлесті, тіпті ас-су ұсынды» дейді. Бірақ түнімен ұйықтамағандықтан әрі тамақ ішпегендіктен сұрақтарға жауап берген кезде өзін дұрыс бақылай алмағанын айтады.

— Олар «бұл ақшаны «рахмет» ретінде берді деп айт» деп бірнеше мәрте ұсынды, - дейді Мұрат Оспанов.

Адвокаттарының бірінің сұрақтарына жауап берген Оспанов «сол кезде жаныма батты, әрі қорықтым», ал қаржы полициясы қызметкерлері «мені қорлау әрі айтқандарына көндіру үшін» әдейі жасады деп мәлімдеді.

Мұрат Оспанов Арман Ақтайдың 100 мың доллар салынған пакетті бергенін де мойындамайды. Бірақ ол «пакет болды, бірақ ішінде қалам мен ілмек-түймелер ғана болған» деп мәлімдейді.

«Аса ірі көлемде пара алу» бабы бойынша айыпталатын Мұрат Оспанов 10 жылдан 15 жылға дейін сотталып, мүлкі тәркіленуі мүмкін.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG