Accessibility links

Германиядағы салафиттердің әйелдері


Ниқаб киген мұсылман әйел. Париж, 12 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Ниқаб киген мұсылман әйел. Париж, 12 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Германияның Spiegel Online басылымы мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің назарына іліккен салафиттердің әйелдері туралы жазады.

Басылым 28 қыркүйек күні Германиядағы салафит мұсылмандардың ниқаб киген екі әйелімен бір тәулік бірге жүріп, олардың өмірлерімен танысып қайтқан журналистің мақаласын жариялады.

Журналист Салиха және Райхан есімді екі келіншектің намаз уақыты келгенде көшедегі дүкендерге кіріп, рұқсат сұрап, құбыласын анықтап, намаз оқып, құлшылық жасағандары жайлы жазады.

«Намаз оқып жатқан екі келіншек тұла бойын тұтас жауып тұратын киім киген. Олардың қолдары да көрінбейді. Бет-әлпеттері түгел жабылып, қиықтан көздері ғана көрінеді. Сырттан қараған адамдарға бұлар террористердің әйелдері сияқты» дейді журналист.

«БАТЫСТЫҢ ЕМЕС, АЛЛАНЫҢ ЗАҢЫМЕН ӨМІР СҮРЕМІЗ»

Spiegel-дің жазуынша, Германияның ұлттық қауіпсіздік агенттігі салафит деп аталатын мұсылман қауымының іс-әрекетін қатаң бақылап отырады. Қауіпсіздік қызметі олардан «елдің тынышын бұзып, тұрақтылыққа қауіп төндіреді» деп қауіптенеді. Ал салафиттер «күнделікте өмірде Мұхамбет пайғамбарға еліктеп,
Бельгиядағы ниқаб киген мұсылман әйелі. Брюссель, 27 сәуір 2011 жыл.
Бельгиядағы ниқаб киген мұсылман әйелі. Брюссель, 27 сәуір 2011 жыл.
мейлінше оның үлгісімен жүріп-тұруға тырысатындарын, Батыс қоғамында қалыптасқан тәртіппен емес, Алланың ғана заңдарымен өмір сүретіндерін» айтады.

Мақала авторы «салафит келіншектер Салиха мен Райхан неміс тілінде таза сөйлейді, себебі олар – осы елдің азаматы» дейді. Кельннен келген 31 жастағы Салиха мен Ульмнен келген 23 жастағы Райхан бірнеше жыл бұрын мүлде басқаша өмір сүрген. Ол кезде есімдері де немісше болатын. Апта сайын түнгі клубтарға биге барып, хип-хоп музыкалар тыңдайтын. Екі қыз да Бонн қаласында кездесіп, ислам дінін қабылдағанға дейін замандас құрбылары сияқты жұмыс істеп, солар сияқты өмір сүрген.

Салиха – дүкенде жұмыс істейтін жесір әйелдің қызы. Өмірінде ешбір шектеу болған емес. Биік өкшелі туфли, сәнді киім киіп, демалыс күндері биге баратын деп жазады Spiegel.

Райханның әке-шешесі Германияға Алжиден барған. Әкесі Германияда араб тілінде радио ашып, қоғамдық ұйым құрған. Жастайын мұсылманша тәрбие көрсе де, Райхан оның бәрін орындай бермейтін. Мектептегі ең сұлу қыз Райхан тіпті ән айтатын топтың мүшесі, белсенді қыздардың бірі болған, пирсинг тағатын.

Басылым екі келіншектің алғаш рет Құранды қалай оқып, исламды қалай қабылдағаны жайлы да біраз мәлімет берген. Исламды қабылдаған соң киім кию үлгілерін өзгертіп, түнгі клубқа барудан түбегейлі тыйылып, шылым шегуді тастаған. Олар «бұрынғы өміріміз есімізге түссе қатты ұяламыз» дейді.

«НЕМІСТЕР БІЗДІ ЖЕК КӨРЕДІ»

Қазір Райханның күйеуі Штутгарт қаласында тергеуде отыр. Оны қауіпсіздік қызметі «қылмыстық топпен байланысы бар және елдегі жастарды жихадқа үндеген» деп айыптайды. Басылым олардың Бад Годсберг ауданында болған қақтығыста көзге
Еуропадағы мұсылмандар. Франция, Марсель, 24 желтоқсан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Еуропадағы мұсылмандар. Франция, Марсель, 24 желтоқсан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
түскенін де атап өтеді. Ол кездегі қақтығыс Мұхаммед пайғамбарды мазақ қылған карикатурадан соң салафиттер мен ұлтшыл экстремистер арасында болған. Содан бері Бад Годсберг қаласындағы сақалды жас салафиттерден «қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төндіреді» деп қауіптенеді.

Мақала авторы Салиха мен Райханның күнделікті жүріс-тұрысы, діни көзқарастары мен дүниетанымдары жайлы таратып жазады. Олар бет-әлпеттерін бөтен ер адамға көрсетуді күнә санағандықтан ас ішкен кезде де беттеріндегі перделерін жауып отырады.

Салиха мен Райханның ойынша, «әйел адам күйеуі үшін көрікті болуға тырысуы керек. Құран бойынша ер адамға төрт әйел алуға рұқсат. Әйел адам ерін риза қылса ғана жәннәтқа кіреді».

– Елге күштеп ештеме жасата алмаймыз. Бірақ исламды насихаттауды жалғастыра береміз. Немістер бізді жек көреді. Бір нәрсе бола қалса, үнемі алдымен біз шабуылға ұшыраймыз. Ел-жұрт бізді тереңірек түсінсе, төзімділік те, шариғат та барлық жерде болар еді, – дейді Райхан.
XS
SM
MD
LG