Accessibility links

Апамның ұшынғаны



Жиырма жылдан бұрынғы уақыт. Ауылдан қалаға – бізге апамыз келді. Тойға ма, басқа бір себеппен бе, білмеймін, қазір есімде жоқ. Бірақ апамыздың үйге келгені біздер үшін, балаларға үлкен қуаныш еді.

Жаз бойы мектеп жабылған кезде бізді ауылға апарып тастайтын еді. Сонда екі-үш ай жалаңаяқ жүгіріп, асық ойнап, тайға мініп, кейде мал бағысқандай болып, шөп шабысқандай болып, үлкендермен араласып, қымыз ішіп, ойнап-күліп жүретінбіз. Қайран кездер!

Әлі есімде. Дастархан жайылған. Сырттан келген біраз бөтен кісі бар. Ет алдында шәймен бірге стөлге шөп-шалам «закускалар» келді, колбаса, сыр, салаттар тағы тағылар.

Бір қонағымыз апамызға қарап:

– Апа-ау, мына шұжықтың дәмін көріңізші, – деп колбасаны ұсынды.

– Е, дәмі жаман емес, тәтті ғой, рахмет, балам, – деді апамыз.

Сол тұста қонағымыз, ойнағысы келді ме үлкен кісімен, білмеймін:

– Бәсе, шошқаның еті тәтті деуші еді, солай екен ғой, – дей салсын.

Апамыз сылқ етіп, үндеместен құлап түсті. Беті аппақ, көзі жұмылған, еріні ісіп кеткен...

– Әй, сен не оттап отырсың өзі? Бұл үйде халал тамақтан басқасы жоқ!
Мұсылманмыз ғой! Апа, сенбе ол итке! – деп айғайлаған әкемнің дауысын апам естімеді.

Дереу жедел жәрдем шақырылды. Ине салынды.

Осылай бір-екі күнге келген апам біздің үйде бір-екі апта жатып, әрең сауығып, ауылына қайтқан...

Бұл апамның ұшынғаны бүгін, 2011 жылдың 4 ақпанында есіме түсті...

Біздің мемлекеттік ұлттық «Хабар» телеарнамыздан асықпай тәптіштеп, сөздің майын тамызып, барша халыққа шошқаның етінен тамақ жасауды ұзақ үйретіп жатыр... Етті қолмен ұстап, кесіп, тағы тағылар (шынын айтсам, басқасын жазғым да келмейді, жиіркенемін)... Және бұл бағдарламасын қоймай қайталауда... Қайтадан, қайтадан...

Бұл не? Қазақты адам деп елемегені ме? Немесе қазақтың біткенінің белгісі ме?

Мен өз басым қалада өскен адаммын. Әсіре ұлтшылдығым әсте жоқ. Бірақ бүкіл елді сыйламау, оның намысына тиетін, жүрегін айнытатын хабарды ұлттық арнамыздан көрсетудің мәні неде екенін таппадым...

Қазақ ұлттық тамақ-тағамдарымыздың насихатын неге жүргізбейді? Жылқы етінен таза ет бар ма? Қымыз-шұбаттан шипалы сусын бар ма? Білмесе, білетіндерден сұрамай ма?

Немесе қазақты ағаштан түскен маймылмен ашық теңегені ме бұл?

Немесе бүкіл ел баяғыда мәңгүрттеніп біткен екен деп есептей ме?

Мұхтар Құл-Мұхамет, есті ағамыз, мына «шошқа тағалап» отырғандарды тыймай ма?

Өз елімізде, өзіміміздің ұлттық телеарнамыздан жалпақ ел қорлық көрсе, не болғанымыз, ағайын?
XS
SM
MD
LG