Accessibility links

Өзбекстанның «Халал» белгісін пайдалануға тыйым салғаны қазақ кәсіпкерлеріне қолайлы болды


Халал өнімдері. Көрнекі сурет.
Халал өнімдері. Көрнекі сурет.

Өзбекстанның Стандарттау, метрология және сертификаттау жөніндегі агенттігі наурыз айында даяр өнімдердің жапсырмаларында «халал» белгісін пайдалануға тыйым салды.

Агенттік мұндай қадамға «халал» белгісімен шығарылатын өнімдерді тексеру барысында бұл өнімдердің нормативтік құжаттарынан аталған өнімдердің ислам ережелеріне сай шығарылғандығын дәлелдейтін фактілерді таппаған. Сондықтан «аталған жапсырмаларда бұл терминді пайдалануға болмайды» дейді «Өзстандарт» агенттігінің баспасөз қызметі.

«Регнум» ақпарат агенттігі Стандарттау, метеорология және сертификаттау жөніндегі агенттік баспасөз-қызметі өкілдерінің бірінің айтқан сөзін келтіреді: «Өнімнің нормативтік құжаттарында тиісті талаптар мен шарттар болмаса, өнімді мұндай белгімен таңбалауға болмайды. Өйткені ол шындыққа сай келмейді, құжаттық жағынан дәлелденбеген, бұның өзі «Тұтынушылардың құқын қорғау жөніндегі» заңын бұзады».

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ХАЛАЛ

Қазақстандық халал индустрия қауымдастығының президенті Марат Сәрсенбаевтың айтуынша, «Өзбекстандағы мұндай тиымдар отандық өндірушілер үшін пайдалы». Өзбекстанда қазақстандық шұжық, макарон және кондитер өнімдеріне сұраныс үлкен.

Марат Сәрсенбаевтың айтуынша, қазақстандық халал өнімдер постсоветтік кеңістікте әлдеқашан алға шығып, республикадан тысқары жерлерде жақсы танымал болған. «Қазақстан бүкіл Орталық Азияны, тіпті Парсы шығанағы
Қазақстандық халал индустрия қауымдастығының президенті Марат Сәрсенбаев. Алматы, 2 қараша 2010 жыл.
елдерін халал өнімдермен қамтамасыз етеді»,- дейді Марат Сәрсенбаев.

– Көптеген әлемдік өндірушілер дәл біздің «Халал» сапа сертификатын алғысы келеді, – дейді Қазақстандық халал индустрия қауымдастығының президенті. – 30-дан астам халықаралық компаниялар қазақстандық «Халал» сапа сертификатын алды. Мысалы, бұлардың қатарында «Орбит» сағызын шығаратын америкалық Rigly компаниясы және Ресейдің, Малайзияның, Украинаның компаниялары бар.

«Өзбекстан нарығында жасанды халал өнімдер шығып қалған болуы мүмкін, сол себепті стандарттарды даярлағанша бұл белгіні пайдалануға тиым салған болар» деген болжам айтады Марат Сәрсенбаев.

– Мәселенің мәні, Өзбекстанда осы уақытқа дейін «халал» стандарттарының жасалмағандығында, – дейді Марат Сәрсенбаев. – Жергілікті халық арасында халал өнімдерге деген сұраныс үлкен болғандықтан, олардың өндірушілері бізге бірнеше мәрте түрлі ұсыныстар айтты. Халық халал өнімдерді бұрын қалай сатып алса, солай сатып ала береді. Яғни бұл қазақстандық «халал» өнімдерге сұраныстың арта түсетіндігін байқатады.

Марат Сәрсенбаев 2010 жылдың қараша айында Азаттық радиосына берген сұқбатында «Халал» сертификаты кәсіпорындарға бір жылға беріледі және мұқият тексеруден соң жыл сайын созылып отыратынын айтқан. «Өз өнімдеріне жасанды қоспалар мен доңыз етін қосатын кәсіпорын тексерушілерді алдай алмайды» дейді Марат Сәрсенбаев:

– Біз өз қолымыздағы тестерлердің көмегімен кез-келген өнімде доңыз етінің бар немесе жоқтығын анықтай аламыз. Ұлттық биотехнология орталығы ұсынған тестерлердің көмегімен біз бес-он минуттың ішінде өнімде адам, мысық, доңыз және өзге де гендердің, сояның, құрғақ сүттің бар-жоғын анықтаймыз.

Ол Қазақстанда өзге елдердің халал сертификаттары мойындалатындығын айтады. Марат Сәрсенбаев бұл сөзіне мысал ретінде Қырғызстандық өндірушілерді келтірді. Олар Қазақстандағы «Халал» сапа сертификатын иеленген соң ғана Малайзияға оқуға баруға мүмкіндік алыпты.

Бірақ жоғары лауазымды ресми тұлғалардың барлығы бірдей бұлай ойламайды. Қазақстанда енді дамып келе жатқан халал бизнесі сынға да ұшырап, талапқа сай жасалмаған өнімді халал тағам ретінде сатылып отырғаны туралы да айтылып жатыр.

Сәуірдің 13-і күні индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешовке жолдаған сауалында парламент депутаты Бағила Бірмағамбетова жалған халал өнімдерін шығарып отырғандарды лицензиядан айыруды ұсынды. Бұл туралы BNews.kz агенттігі хабарлады.

Ол Қазақстанда «Халал» тағамын өндірушілердің кейбірі малды сойғаннан бастап оның етінен дайын өнім жасап шығарғанға дейінгі жұмыс процесінде шариғат талаптарын орындап отырмағандығын алға тартты.

«Тағам құрамында мысықтың, сояның бар-жоғын айқындап беретін тесттер бар. Біз анықтап көріп едік, «Халал» шұжықтарының көбінде шошқа еті бар боп шықты. Сонда «Халал» шығаратын бәзбіреулер қазақтардың шошқа етін пайдаланбайтынын білмей ме екен?» - дейді Бағила Бірмағамбетова депутаттық сауалында.

ХАЛАЛ БЕЛГІСІНЕ ҚАТЫСТЫ ТАЛАСТАР БАР

News.az сайтының хабарлауынша, 2011 жылдың ақпан айында Әзербайжанның Стандарттау, метеорология және патенттеу жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Рамиз Гасанов «осы уақытқа дейін бірде бір мұсылман мемлекеті халал шұжық өнімдерін шығарудың бірыңғай стандартын жасап шығарған жоқ» деп мәлімдеген.

– Әлемдік стандартар бойынша, шұжық өнімдерін шығарғанда доңыз майы қолданылады, – дейді Рамиз Гасанов. – Иә, елдегі көптеген кәсіпорындар өз өнімдерінде доңыз майының орнына тауықтың терісін пайдаланатынын айтады. Алайда, осы жағдайда да біз бұл өнімдердің толықтай «халалдығына», бұл тауықтардың ислам шарттарын сақтай отырып сойылғанына кепілдік ала алмаймыз.

Рамиз Гасанов Әзербайжанда «тауарларға «Халал» белгісін соғу –жай ғана сауда белгісі, стандарт емес» деп мәлімдеді.

Бірақ «Халал» белгісін пайдаланып жүрген өндірушілер шұжық, ет және өзге де өнімдерде қолданылып жүрген бұл белгі осы өнімдердің мұсылман дәстүрлеріне сай жасалғандығын дәлелдейді деп есептейді.

Euromonitor International агенттігінің деректері бойынша, халал тауарлар саудасы әлемдік азық-түлік нарығының бестен бір бөлігін алады, азық-түлік тауарлары нарығындағы халал өнімдердің тауар айналымы жыл сайын 500 миллион долларға артып келеді.

Сарапшылар қазіргі уақытта халал индустрия бүкіл әлемдегі пайдалы және дамып келе жатқан салалардың бірі деп есептейді. Халал өнімдерді даярлау барысында өнімнің техникалық стандарттарында көрсетілген, шариғатпен белгіленген барлық ережелер сақталуы керек.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG