Accessibility links

Қажылыққа барудың жаңа шарты шықты


Меккеге қажылыққа келген мұсылмандар. 14 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Меккеге қажылыққа келген мұсылмандар. 14 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Сауд Арабиясы «бір адам бес жылда көп дегенде бір рет қана қажылыққа баруы керек» деген талап қойды. Қазақстандық сарапшы «қажылық әуестікке айналып бара жатқанын» сынайды.

Айтыскер ақын, бірнеше жыл бұрын қажылыққа барып келген Мұхтар Ниязов Сауд Арабиясы билігінің «қажылыққа бармаған азаматтарға жол ашу үшін қажылыққа жиі баратындарға бес жылда бір рет баратындай шектеу қойылсын» деген талабын құптамайды.

– Жыл сайын барып жүрген кісілерді білемін. Енді ақшасы болып тұрса, адамның жүрегі Қағбаға байланып тұрса, неге бармасқа. Бұл күнделікті бес уақыт намазды мешітте оқыған сияқты нәрсе ғой. Негізі, [Меккеге] қажылар сыймай қалып жатқан жоқ, – дейді Мұхтар Ниязов.

«БҰЛ ШЕКТЕУДІҢ ҚАЗАҚСТАНҒА ӘСЕРІ ЖОҚ»

Сауд Арабиясы билігінің «қажылыққа ең жиі дегенде бес жылда бір рет бару керек» деген шектеуі, қажылардың аты-жөні базасын жасап, визаны саусақ іздері бойынша ғана беретіні 2012 жылдың соңында мәлім болған еді. Биыл осындай шектеудің салдарынан Үндістан, Бангладеш сияқты елдердегі кейбір азаматтар қажылыққа бара алмаған.

Сол жаңа ереженің әсері ТМД аумағына да жете бастады. Қараша айының аяғында ресейлік қажылық операторларының бірі шектеуге байланысты арнайы тізім (қажылыққа бірінші рет барушылардың және бұрын барғандардың тізімі) құрастырылып жатқанын хабарлады.

Қажылыққа баратын мұсылмандар сапар алдында Алматының орталық мешітінде отыр. 8 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Қажылыққа баратын мұсылмандар сапар алдында Алматының орталық мешітінде отыр. 8 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Ал Қазақстанның сыртқы істер министрлігі әзірге «Сауд Арабиясынан шектеуге қатысты арнайы нота келмегенін» Азаттық тілшісіне хабарлады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) қажылық бөлімінің меңгерушісі Қанат Нұрмаханұлы да «ҚМДБ бұл шектеулерден хабардар екенін, бірақ ресми хат келмегенін» айтты. Оның сөзінше, шектеу іске асса да, Қазақстаннан қажылыққа барушыларға көп әсер ете қоймайды.

– Әрине, қаражатына қарай өзінің атынан, қайтыс болып кеткен әке-шешесі немесе туыстарының аттарынан қайта-қайта барып жүргендер бар. Бірақ жыл сайын қажылыққа жаңадан баратын адамдар да көбейіп келеді, – дейді Қанат Нұрмаханұлы.

Жуырда ғана қазақстандықтарды Меккеге қажылық сапарға апарып келген компаниялардың бірінің өкілі Айдос Дүйсенов биыл ешқандай шектеу болмағанын айтады.

«ҚАЖЫЛЫҚТЫ ӘУЕСТІККЕ АЙНАЛДЫРУҒА БОЛМАЙДЫ»

Дінтанушы Бейбіт Сапаралы Сауд Арабиясы билігінің «қажылыққа ең жиі дегенде бес жылда бір рет бару керек» деген шектеуін қолдайды. Оның сөзінше, көп азаматтардың қаражаты жетпегендіктен Қазақстанға берілген қажылық квотасы жыл сайын бұрын барып жүргендермен толтырылады.

Дінтанушы Бейбіт Сапаралы.
Дінтанушы Бейбіт Сапаралы.
– Жағдай бар адамдар өздері бармай, ана-аталарын, болмаса таныс имамдарды, басқа бір діндарларды жыл сайын қажылыққа жібереді. Қажылыққа 10 жыл, 20 жыл барып жүрген адамдар бар. Мұны әуестікке айналдыруға болмайды, – дейді ол.

Бейбіт Сапаралының пікірінше, «қажылық ақысы арзан болса, барушылар да көбейіп, жиі баратындарға орын тимес еді».

– VIP-қажылықтың бағасының өзі 15-20 мың долларға дейін кетіп қалады. Жай қажылықтың өзі – 4 мың доллар. Бұл – өте тиімсіз баға. Сол себепті көп адам қажылыққа бара алмай жатыр, – дейді ол.

ҚМДБ дерегі бойынша, мұсылмандардың бес парызының бірі – қажылыққа Қазақстаннан былтыр 5 мың 500 адам, биыл 4 мың 400 адам барған. Елде азаматтарды қажылыққа апаратын 20 оператор бар.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG