Accessibility links

Қасиетті құрбан айтта қазақстандық мұсылмандардың кейбірінің дастархан жаюға ғана шамасы келеді


Алматыдағы «Алтын орда» базарында Құрбан айт алдында жылдағыдай мал алушылар көп емес. 25 қараша, 2009 жыл.
Алматыдағы «Алтын орда» базарында Құрбан айт алдында жылдағыдай мал алушылар көп емес. 25 қараша, 2009 жыл.

27 қараша күні мұсылмандардың қасиетті мерекесі – Құрбан айт басталады. Бұл күні айт намазынан кейін ауқатты адамдар құрбандық шалып, тұрмыс-тіршілігі төмен жандарға таратады. Биыл Алматыдағы мал базарларында қойдың бағасы өткен жылғыдан арзан болса да, құрбандық малын сатып алушылар аз дейді саудагерлер.

Қасиетті айт мерекесінде жағдайы бар мұсылман отбасылары бір мал сойса болады. Әйтпесе, жеті адам бірігіп, бір ірі қара мал, атап айтқанда, сиыр немесе түйе малын құрбандыққа шалса болады. Ал, құрбандық шалмайтындардың осы күні жуынып айт намазына қатысуға барғаны жөн дейді дін өкілдері.

Қажылық парызын өтеп жатқан мұсылмандар болса, қасиетті Қағбаға жүзін қаратып, Арафат жазығында күні бойы құлшылық жасап, Алладан медет, пайғамбардан шапағат тілейді.

НИЕТ ПЕН ТӘН ТАЗАЛЫҒЫНЫҢ ӨЗІ ҚҰРБАНДЫҚ ШАЛҒАНМЕН ПАРА-ПАР


Қаржы дағдарысы кезінде құрбандық шалатын адамдар саны өткен жылғымен салыстырғанда анағұрлым азайғаны байқалады. Азаттық радиосы әңгімеге тартқан алматылықтардың бірқатары қолдың қысқалығынан биылғы қасиетті айтты құрбандық шалмай-ақ қарсы алатындықтарын айтты. Жағдайы жоқ адамдардың бұл күні таза жүруінің өзі құрбандық шалғанмен пара-пар болып саналады екен.

Бізбен әңгімелескен Алматы тұрғыны Дүйсен Әбуев есімді азамат пәтер жалдап тұратынына қарамастан, биылғы жылы да құрбандық шалғалы отыр екен.

– Құдай бұйыртса, мал шалуға ниет етіп жатырмыз. Өзіміз пәтер жалдап тұрсақ та, бес уақыт намаз оқитын мұсылман үшін бес парыздың бірін орындамаса болмайды. Ауру-сырқауы жоқ, таза малдардың бағасы қазір он бес мың теңгеден жоғары, – дейді Дүйсен.

Азаттық радиосына келесі сұхбат беруші Мәдина малдың бағасы қымбат болғандықтан, құрбандық шалмай-ақ, қасиетті айтты балаларымен үйде мерекелік дастархан басында қарсы алмақшы екен.

– Біз құрбан айтты бала-шағамызбен дастархан басында қарсы алғаннан кейін туған-туыстардың үйін аралаймыз. Мал алып құрбан шалғанға жағдайым жоқ, – дейді ол.

Құрбан айтта құрбандыққа шалынатын мал ақсақ-тоқсақ, соқыр болмауы керек. Ал, мінсіз, таза малдардың бағасы қымбат болатыны белгілі.

– Ал, оның бағасы құрбан айт кезінде өсе түседі, – дейді мал сатушылар.

Мал саудагері Арал деген азамат биылғы жылы құрбан айт қарсаңында мал басына сұраныстың төмен екенін айтады. Ол өткен жылмен салыстырғанда, сатуға әкелген малының жартысы да өтпей тұрғанын әңгімелеп берді.

– Жылда құрбан айт кезінде екі апта ішінде 50 шақты қой сататынмын. Биыл он күндей уақыт болды, әкелген отыз шақты қойдың әлі жартысын да сатып үлгерген жоқпын. Өткен жылмен салыстырғанда биыл баға төмен. Ұсақ мал былтыр он мың теңге болса, биыл сегіз-тоғыз мың теңге. Баға төмен болғанымен де мал мүлдем өтпей тұр, – деді Арал Азаттық тілшісіне.

ҚҰРБАН АЙТТА АДАМНЫҢ ЖОМАРТТЫҒЫ МЕН САРАҢДЫҒЫ ТАРАЗЫҒА ТҮСЕДІ

Құрбан айт кезінде әр адам сауап болатын істер істегені жөн дейді дінтанушылар. Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Әбсаттар Дербісәлі мал сатушылар имандылықты ойлап, аса қымбат сұрамағаны дұрыс деген пікір білдірді. Сонымен қатар бас мүфти капиталистік қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, мал бағасының арзандауына діни басқарма ықпал ете алмайды дейді.

– Құрбан айт мал бауыздаумен шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, дінге беріктігі, тахуалығы, шын пейілі таразылынады. Сараңдығы мен жомарттығы сынға түседі. Шамасы келмеген адамдар құрбандық шалмауына болады. Ал, Пайғамбарымыз «с.ғ.с»: «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбандық шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!», «Құрбан шалыңдар! Өйткені, ол Ибраhим бабаларыңның сүннеті» деген, – дейді бас мүфти.

Құрбан айтқа мал шалу айт намазынан кейін таңғы сағат сегіз жарымнан басталады. Елдің арасында айтылатын аңыз бойынша, дәл осы күні Алла Тағалла Ибраһим пайғамбарды сынау үшін оған баласын құрбандыққа шалуға бұйырады. Ибраhим пайғамбар баласын құрбандыққа шалмақ болғанда Алланың мейірімі түсіп, көктен қошқар түсіреді. Алайда дінтанушылар ұрғашы малды да құрбандыққа шалуға болатынын айтады.

Құрбан айт күндері мұсылмандар бір-бірінің үйіне барып мерекелейді. Сонымен қатар ауырып жатқан жандардың жағдайын сұрау, жетім-жесірлерге көмектесіп, оларға айттың қуанышын сездіру де сауапты амалдарға жатады.
XS
SM
MD
LG