Accessibility links

Өткен апта Мұстафа Шоқай жайлы даулы мақалаға қатысты екінші сот үкімі шықты. Бұл жолы «Flash!» газеті облыстық сотта айыпты деп танылды. Азаттық тілшісі режиссер Қасымхан Бегмановтан шағын сұхбат алған еді.

Шығыс Қазақстан облыстық соты «Мұстафа Шоқай жолымен» деп аталатын деректі фильмнің авторы, әрі режиссері Қасымхан Бегмановтың шағымын жартылай қанағаттандырды. Шілденің 12-сі күні шыққан үкім бойынша «Flash!» газеті терістеу жариялап, 100 мың теңге моральдық өтемақы төлеуі қажет. Бегманов бұл «жеңіске» мұқият дайындалғанын айтады.

100 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ ДЕ РИЗАМЫН

- Мен екінші адвокат жалдадым, бас прокуратураға барып прокурорларға жолықтым, одан кейін бас прокуратураның мұрағатына барып құжаттар жинадым, этнология және тарих институты мен Қазақстан тарихшылар қауымдастығынан Мұстафа Шоқайға қатысты пікірлерін алдым, туыстарынан сенім хат алдым. Сөйтіп құжаттарды күшейтіп, өз атымнан бердім, ал туыстары жастарының ұлғаюына, жердің шалғайлығына қатысты бара алмады, - деді Азаттыққа шілденің 16-сы сұхбат берген Қасымхан Бегманов.

Бес миллион теңге өндіріп беруді талап еткен Бегманов «100 мың теңгеге де ризамын, себебі менің мақсатым сот арқылы Мұстафа Шоқайдың ғазиз есімін ақтап алу еді» дейді.

Ал «Flash!» газетінің бас редакторы Денис Данилевский шілденің 16-сы Азаттық тілшісіне: «Бұл ісімізден түк шықпайтынын түсінеміз, дегенмен кассациялық сотқа шағым түсіреміз» деп мәлімдеді. Ал одан кейін қадағалау алқасының шешімі шығуы тиіс.



ДАУДЫҢ БАСЫ

Қасымхан Бегманов өскемендік «Flash!» газетінің бас редакторы мен журналисін Мұстафа Шоқай туралы «теріс пікір таратқанын» айтып, сотқа берген еді. Денис Данилевскийдің «Национал-демократы против Таможенного Союза» (2011 жылғы 26 шілде) деген мақаласында Мұстафа Шоқайды «қазақтың Власовы, фашистердің құйыршығы» деп сипаттауы режиссердің наразылығын тудырған.

Ал журналист Сергей Михеевтің осы газетте 2011 жылы 6 тамызда жарық көрген «Когда черное становится белым» деп аталатын мақаласында «Мұстафа Шоқай - Қазақстан мен Орта Азияның бола алмай қалған әміршісі, фашистік ұйымның басшысы, «Түркістан легионының» идеялық жетекшілерінің бірі» деген пікірлер айтылған.

Бегманов соттан «Flash!» газетінің редакциясын Мұстафа Шоқай туралы шығарған мақалаларын теріске шығаруды міндеттеуді және моральдық зардап келтіргені үшін өзіне бес миллион теңге өндіріп беруді сұраған. Оның ойынша, Мұстафа Шоқай ешуақытта «фашистердің құйыршығы», «қазақтың Власовы» болмаған.

- Ол түрік халықтарының бірлігі мен тәуелсіздігін көздеген, - деді Қасымхан Бегманов Азаттық тілшісіне.

Ал «Flash!» газетінің журналистері сөз еркіндігіне сүйене отырып, қандай да бір тарихи оқиға мен тұлға туралы жеке бас пікірін айтуға хақылы екендерін айтады.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG