Accessibility links

Тасқыннан кейін Мұстафин кентінде 12 отбасы әлі баспанасыз жүр


Ғабиден Мұстафин кентіндегі құрылысы аяқсыз қалған тұрғын үй. Бұқар жырау ауданы, Қарағанды облысы. 30 желтоқсан 2016 жыл.
Ғабиден Мұстафин кентіндегі құрылысы аяқсыз қалған тұрғын үй. Бұқар жырау ауданы, Қарағанды облысы. 30 желтоқсан 2016 жыл.

Қарағанды облысындағы Мұстафин кентінде 12 отбасы су басып, сүрілген үйлерінің орнына өзге баспана да, ақшалай өтемақы да алмаған. Билік «қорда ақша жоқ» деген уәжбен күте тұруларын сұрайды.

2015 жылғы сәуірдегі су тасқыны кезінде әсіресе Қарағанды облысындағы төрт мыңнан аса халқы бар Ғабиден Мұстафин атындағы кент көп зардап шегіп, үш адам мерт болған еді. Ол кезде ондаған елді мекен су астында қалып, жүздеген үй қираған болатын.

«ҚАРТАЙҒАНДА БАСПАНАСЫЗ ҚАЛДЫҚ»

Ғабиден Мұстафин атындағы кентте 1950 жылдардан бері тұратын 76 жастағы Софья Ермакова күндіз бір туысының үйін паналап, түнде бір туысының үйінде түнеп – әр босағаны жағалап жүр. 2015 жылғы су тасқыны кезінде зейнеткер баспанасы мен бүкіл дүние-мүлкінен айырылған. Кентті жойқын су басқанда оның үйі картон қорап сияқты бірінші болып құлаған. Мұны айтқан кезде қарт әжей көз жасына ерік берді.

- Үйімнің шатыры тура еденге құлап түсіп, оны су шайып әкетті. Мені көршілер мен төтенше жағдай қызметкерлері құтқарып қалды. Бүкіл мүлік сол күйі үйінді астында қалды, трактор бәрін күреп, тау төбе етіп далаға шығарып тасады. Содан мүлде ештеңесіз қалдым. Үй салуды бастап, тіпті қабырғаларын қалап қойған болатын, бірақ жұмысты тоқтатып тастады. Билік «қызыңыздың үйі бар ғой, сондықтан сізге үй салмаймыз» деді. Бұлары заңсыз ғой. Бір күні отырып алып, тиісті жерге бәрібір жазайын деп жүрмін. Өзім еңбек ардагерімін, алған медальдарым да көп, ал олар мені осылай далаға лақтырып тастады. Маған үлкен қиянат жасады, - дейді Софья Ермакова.

Ғабиден Мұстафин кентіндегі көше. Бұқар жырау ауданы, Қарағанды облысы. 30 желтоқсан 2016 жыл.
Ғабиден Мұстафин кентіндегі көше. Бұқар жырау ауданы, Қарағанды облысы. 30 желтоқсан 2016 жыл.

Мұстафин кентінің тағы бір байырғы тұрғыны – 66 жастағы Бронислава Гришкова проблемаларын айтып отырғанда ауа жетпей тұншыға бастады, толқыған кезде ол кісінің демікпесі қозып кетеді екен.

- Әбден көңілім қалды. Әуелгіде уәде беріп, тіпті іргетасын құйып қойғанымен, үйімізді сол күйі салып бермеді. Бізді әлі алдаусыратып келеді – не салмаймыз деп турасын айтпайды, не салып бермейді. Бұқар жырау ауданы әкімі 2016 жылғы қарашаның 1-іне дейін есеп-шотымызға қоғамдық қордан үш миллион теңге аударамыз деп уәде еткен. Алайда үй салу үшін 10 миллион теңге керек. Бірақ біз әлгі үш миллион теңгені де қанағат тұтып келісіп едік. Желтоқсанның 2-сінде әкіммен кездесу болған, оның өзінде мен талап еткеннен кейін. Ақша бөлінеді деп тағы уәде беріп кетті, - дейді Бронислава Гришкова.

Мұндай қиындыққа тап болғандар тізіміне арыз берген кезде үйінің құжаттары дұрыс болмай шыққан немесе тұратын жері бар болғандықтан күрелген баспанасының орнына жаңа үй салып беруден бас тартқан тұрғындар кірген.

ҮЙ ОРНЫНА ҮШ МИЛЛИОН ТЕҢГЕ БЕРУГЕ УӘДЕ ЕТКЕН

Зардап шеккен әрі «үйінің құжаттары дұрыс емес» тұрғындар тізімінде Надежда Данилец те бар. Ол пәтерін 18 жыл бұрын сатқан, бірақ жаңа қожайындары оны өз атына уақытында ресімдемеген. Ақыры билік Данилецті баспанасы бар тұрғындар тізіміне қосқан, сондықтан үйінің құрылысы тоқтап қалған. Сот әлгі баспананы жаңа қожайындарға тиесілі деген шешім шығарған. Ал Данилецтің отбасы сол күйі әлгі «проблемалық тізімде» әрі үйсіз қалған.

Шатырға шығарып үлгерген тұрмыстық техникадан өзге ештеңе қалған жоқ. Амалсыздан еденде ұйықтап жүрміз.

Ол «көрген азабымнан денсаулығым сыр беріп, жүрегім жиі ауыратын болды, қан қысымым да бір қалыпты емес» деп шағынады. Надежда Данилецтің сөзінше, 2015 жылы су тасқынынан бүлінген үйін сүріп, жаңа үйдің тіпті іргетасын құйып қойған, бірақ құрылыс жұмыстары тоқтап қалған. Ол «билік әуелі 2015 жылдың күзінде, сосын 2016 жылдың күзінде салып береміз деген уәдемен созбақтады» дейді. Зардап шеккен өзге тұрғындар сияқты үйлерін ешкім салып бітірмейтінін естіп, өзге баспана сатып алу үшін ақшалай өтемақы сұрап арыз жазған. Ол уәде етілген ақшалай өтемақыны былтырдан бері күтіп жүргенін, Тәуелсіздік күніне орай әлгі соманың бір бөлігін аударғанын айтады.

- Бізге үш миллион теңге бөлеміз деп уәде еткен. Онысы аз әрине, бірақ біздің кенттен шағын да болса үй сатып алуға жетеді. Алайда әлгі соманы әлі толық аударған жоқ. Сатып алатын үй қарап қойып едік. Бірақ тасқыннан кейін жихазымыз жарамсыз болып қалып, лақтырып тастауға тура келген, енді жихаз сатып алуға да көп ақша керек. Шатырға шығарып үлгерген тұрмыстық техникадан өзге ештеңе қалған жоқ. Амалсыздан еденде ұйықтап жүрміз, - дейді Надежда Данилец Азаттыққа.

Қазір оның отбасы коммуналдық қызмет ақысын ғана төлеп тұра беріңдер деп уақытша кіргізген таныстарының пәтерінде тұрып жатыр. Күтуден шаршаған өзге тұрғындар «шағын үй сатып алуға болса да жететіндей өтемақы берсе, қанағат тұтар едік» дейді. Жұрт туыстарының үйін немесе жалға алған пәтер, бөлмелерді жағаламай өз үйінде тұрғысы келеді.

«ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ АХУАЛДЫ САҚТАУ» ҮШІН

Қарағаны облысы Бұқар жырау ауданы әкімдігінің дерегінше, 2015 жылғы сәуірде 15 елдімекен тасқын аймағында қалып, 1533 ауланы су басқан. Мұстафин кенті мен Нұра станциясында 230 үй апатты жағдайда және тұруға жарамсыз деп танылған. Қолында меншік құқығын растайтын құжаттары бар тұрғындарға 176 үй салынған. Мұстафин кентінде 54 отбасының үйге меншік құқығын растайтын құжаттары жоқ екені немесе өзге баспанасы бары кейінірек анықталған.

«Салынған үйлер төтенше жағдай салдарынан баспанасыз қалған азаматтарға беріледі. Осыған байланысты екінші үйі бар тұрғындарға және бүлінген үйдің заңды иесі болып саналмайтын адамдарға баспана берілмейді. Бұл проблема «Қарағанды облысындағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек қоры» қоғамдық қоры қаржысы есебінен шешіледі» деп хабарлайды Бұқар жырау аудандық әкімдігі Азаттық жолдаған сауалға.

Су тасқынынан зардап шеккендерге көмек қоры дерегінше, үйлері тиісті тәртіпке сай ресімделмеген деп танылған 54 отбасының ішінде бір тұрғынға үй салып берген, төрт отбасыға баспана сатып алу үшін жалпы сомасы 11 миллион 700 мың теңге төленген, ал 37 отбасыға тұрғындардың қалауы бойынша 93 миллион 405 мың 630 теңгеге үй (пәтер) сатып әперген. 12 отбасыға баспана сатып алуға әзірше ақшалай көмек көрсетілмеген.

Ғабиден Мұстафин кенті, Бұқар жырау ауданы, Қарағанды облысы. 17 мамыр 2015 жыл.
Ғабиден Мұстафин кенті, Бұқар жырау ауданы, Қарағанды облысы. 17 мамыр 2015 жыл.

- Қазір қордың есеп-шотында ақша жоқ, өйткені Қарағанды облысындағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек қорына ақша қайырымдылық көмек есебінен түседі. Мұстафин кентіндегі қалған 12 отбасы мен аудандағы тағы үш отбасының мәселесі қорға ақша түскеніне қарай шешілетін болады, - деп хабарлайды Бұқар жырау ауданы әкімдігі.

«Құжаттары дұрыс емес деп танылған адамдардың үйлерін салуды бастап, ал кейін құрылыс неліктен тоқтап қалды?» деген сұраққа жергілікті билік «қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтау мақсатында дереу құрылыс бастап, үйлерді қалпына келтіру қажет болды» әрі құрылысшылар келісім-шарт бекіткенге дейін өз еркімен, өз қаражатына үйлерді салуды бастап кетті деп жауап береді. Ал кей тұрғындардың қолында үйге меншік құқығын растайтын құжаттары жоқ екені немесе өзге баспанасы бары анықталғаннан кейін үйлердің құрылысы тоқтаған. Әкімдік дерегінше, мердігер ұйымдар басталған құрылысты аяқсыз қалдыруға мәжбүр болған, өйткені мемлекетте оны ары қарай қаржыландыруға мүмкіндік болмаған.

XS
SM
MD
LG