Accessibility links

Nakanune.kz және «Республика» төңірегіндегі дау


Оппозициялық Nakanune.kz сайты иесі Гузяль Байдалинова.
Оппозициялық Nakanune.kz сайты иесі Гузяль Байдалинова.

Nakanune.kz сайты иесі миллиондаған теңге өтемақы туралы сот шешімінің күшін жойдыруға тырысып жүр. Қудалауға «Республика» жобасы өкілдері де қарсы. Оларға БАҚ қорғау ұйымдары араша түсті.

Бүгін Алматы қалалық сотында оппозициялық Nakanune.kz сайтына қарсы Казкоммерцбанктің талап-арызына қатысты аппеляциялық шағым қаралады деп жоспарланған. Сайт иесі - журналист Гузяль Байдалинова маусым айында Алматы қаласы Медеу аудандық соты шығарған шешімге қарсы шағым түсірген. Сот «іскерлік беделіне нұқсан келтірді» деген айыппен сайт иесінен Казкоммерцбанк пайдасына өтемақы ретінде 20 миллион теңге өндіруге қаулы еткен болатын.

Қазкоммерцбанк заңгерлерінің мәлімдеуінше, талап-арыз түсіруге жалған әрі банктің беделін түсіретін ақпарат келтірілген бірнеше мақала түрткі болған. Талапкердің мәлімдеуінше, Nakanune.kz сайтында жарияланған мақалалардың кесірінен жарнама науқаны сәтсіздікке ұшырап, банк табыстан қағылған.

Ал Гузяль Байдалинова соттың сайттан 20 миллион теңге өндіру туралы қаулысын заңсыз санайды әрі аппеляциялық шағым берген.

РЕЗОНАНС

Кеше «Әділ сөз» баспасөз еркіндігін қорғау ұйымы «Nakanune.kz сайты –қызметіне тыйым салынған «Республика» газетінде жұмыс істеген тәуелсіз журналистердің жобасы» деген мәлімдеме таратты.

2012 жылдың желтоқсанында Алматы соты «Голос Республики — Калейдоскоп событий недели», «Республика. Деловое обозрение — дубль 2», «Моя Республика. Факты, события, люди», «Республика — информационно-аналитический еженедельник» сияқты ақпарат құралдары (барлығы 23 интернет-ресурс) қызметіне «экстремистік басылымдар» ретінде тыйым салған.

Енді ғана жұмыс істей бастаған БАҚ-ты жоятын әрі журналист Гузяль Байдалинованы жылдар бойы кіріптарлыққа душар ететін алғашқы сот инстанциясының бұл шешімі жұрттың өзгеше ойлағаны үшін қысымды күшейту туралы түрлі болжам жасауына ұласты.
«Әділ сөз»

«Әділ сөз» ұйымы мәлімдемесінде «Енді ғана жұмыс істей бастаған БАҚ-ты жоятын әрі журналист Гузяль Байдалинованы жылдар бойы кіріптарлыққа душар ететін алғашқы сот инстанциясының бұл шешімі жұрттың өзгеше ойлағаны үшін қысымды күшейту туралы түрлі болжам жасауына ұласты» деп жазылған.

Соттың қазақстандық сайттан ірі көлемде өтемақы өндіру туралы шешімі халықаралық баспасөз назарына да ілікті. Бұдан ертеректе Ұлыбританияның Guardian газеті «Қазақстанда тәуелсіз басылымдарды бірінен соң бірін жауып жатыр» деген мақаласында Nakanune.kz сайты иесі Гузяль Байдалиновадан Казкоммерцбанктің пайдасына 20 миллион теңге өндіру туралы сот шешімін сынаған болатын. Ресейдегі халықаралық медиахолдингтің ағылшын тілінде шығатын Moscow Times газеті бұл тақырыпқа «Астана баспасөзге қысымды күшейтті» деген мақала арнаған. Мақалада Алматы сотының Nakanune.kzсайтына қатысты шешімін айыптап, мұны «санаулы ғана қалған тәуелсіз баспасөзге соққы беру» деп атаған.

АЛҒАШҚЫ НЫШАН

Оппозициялық «Республика» жобасы да интернет-кеңістікте аман қалу үшін күресіп келеді. Оның сайты АҚШ-та орналасқан серверді пайдаланады. Бірақ редакцияның мәлімдеуінше, соңғы айларда Қазақстан билігі сайтты қудалау әрекеттерін АҚШ территориясында да ұйымдастыруға кіріскен.

Интернеттегі сөз еркіндігін қорғаушы Electronic Frontier Foundation (EFF) халықаралық үкіметтік емес ұйымы «Қазақстан интернеттегі цензура үшін АҚШ сотын қалай пайдаланып отыр» деген тақырыппен мақала жариялады. Мақалада Қазақстандағы режимді «ең табанды сынаушылардың» бірі болған «Республика» газеті 2012 жылы жабылғаннан кейін интернет кеңістігіне көшіп, АҚШ-та орналасқан «қауіпсіздеу сервер» арқылы елдегі жағдай туралы ақпарат таратып, ол ақпараттарды талқылайтын форум ұсынып отырғаны жазылған.

Енді Қазақстан үкіметі «Республика» газетімен АҚШ-тың сот жүйесі арқылы күресе бастады. Оның өкілдері «Республиканың» веб-хостингіне қысым жасап, Facebook желісінен ұйым туралы ақпарат алу үшін АҚШ заңдарын пайдалануға тырысып жүр.
Electronic Frontier Foundation.

Electronic Frontier Foundation ұйымы «Енді Қазақстан үкіметі «Республика» газетімен АҚШ-тың сот жүйесі арқылы күресе бастады. Оның өкілдері «Республиканың» веб-хостингіне қысым жасап, Facebook желісінен ұйым туралы ақпарат алу үшін АҚШ заңдарын пайдалануға тырысып жүр» деп жазады.

Былтыр «Республика» сайты қазақстандық шенеуніктердің почта жәшіктерінен ұрланып, тарап кеткен электрондық хаттарды жариялаған. Қазақстан үкіметі «АҚШ-тың федералдық заңдарын, компьютерлік алаяқтық және теріс пайдалану туралы акті талаптарын бұзды» деген шағыммен Нью-Йорктегі федералдық сотқа есімі аталмаған тұлғалардың үстінен талап-арыз түсірген. Ақыры Қазақстан талабы бойынша сот үкімет компьютерлерін бұзып, қазақстандық шенеуніктердің Нью-Йорктегі заң компаниясымен алыс-беріс құпия хаттарын ұрлаған әлгі белгісіз тұлғалардың ұрланған материалдарды пайдалануына, таратуына, қарауына тыйым салатын шешім шығарған.

EFF ұйымы Америка сотының шешімін шетел үкіметтері әрекеттерін «талқылауды басып-жаншу» мақсатында теріс пайдаланады деп санайды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG