Accessibility links

Нәрікбаев "саяси мәдениетке жақындау" үшін партиядан кеткенін айтады


Мақсұт Нәрікбаев, "Әділет" партиясының төрағасы кезінде Азаттық радиосында онлайн-конференция өткізіп отыр. Алматы, 20 қыркүйек 2011 жыл.

Мақсұт Нәрікбаев, "Әділет" партиясының төрағасы кезінде Азаттық радиосында онлайн-конференция өткізіп отыр. Алматы, 20 қыркүйек 2011 жыл.

Қазақстандық БАҚ-тың хабарлауынша, билікшіл "Әділет" партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев жетекшілік қызметінен кетіп, ғұмырбаян жанрындағы кітаптар жазумен шұғылданатынын мәлімдеді. Саясаткер Уәлихан Қайсаров "Нәрікбаевсыз партияның саяси ойында мәні жоғалады" деп санайды.


Әуелі наурыздың 17-сі "Хабар" телеарнасында хабарланып, іле-шала қазақстандық ақпарат агенттіктері түгел дерлік таратқан ақпаратқа сәйкес билікшіл "Әділет" партиясының төрағасы жетекшілік орыннан кету туралы шешім қабылдаған.

Партияның веб-сайтында мұндай өзгерістер туралы бір ауыз ақпарат жоқ болса да, "Хабар" телеарнасы таратқан мәліметке сәйкес, Нәрікбаев партия басшылығына жас адамдардың келуі үшін осындай қадам жасаған.

ШЕШІМ

"Партия мүшесі болып қала берем, болашақта көрерміз қалай боларын. Бірақ белсенді түрде үлкен саясатпен айналысуды қоям. Халық "Әділет" партиясын Нәрікбаевтың партиясы деп біледі. Ең бастысы, менің мұндай шешім жасаған себебім - саяси мәдениетке қарай қадам басуымыз керек деген ой. Адамдар партия жетекшісіне емес, бағдарламасына қарап бағыт түзеуі үшін" деген Мақсұт Нәрікбаев телеарнаға берген сұқбатта.
Мақсұт Нәрікбаев "Әділеттің" жас мүшелерімен бірге. Астана, 3 желтоқсан 2011 жыл

Мақсұт Нәрікбаев "Әділеттің" жас мүшелерімен бірге. Астана, 3 желтоқсан 2011 жыл


Биылғы қаңтардың 15-і өткен парламент сайлауында "Әділет" партиясы ең аз 0,66 пайыз дауыс жинаған еді. Сайлаудан соңғы алғашқы баспасөз мәслихатында Мақсұт Нәрікбаев сайлауға оң баға беріп, өз партиясы парламентке өтпесе де, "бүкіл Қазақстан халқы жеңіске жетті" деп мәлімдеген болатын.

Ақпанның 1-і Мақсұт Нәрікбаев парламент сайлауындағы жеңілістен соң партияны реформалау туралы өкім шығарған. "Әділет" партиясының баспасөз қызметі таратқан мәлімдеме бойынша, өкімде партияның сайлаудағы көрсеткішіне қатысты сын айтылған және "идеологиялық, ұйымдастырушылық және материалдық тұрғыдан реформалау қажеттігі" көрсетілген. Ал төрағаның бірінші орынбасары Төлеген Сыдыққа партияны реформалау бойынша зерттеу жүргізіп, нақты ұсыныс беру тапсырылған.

ШЕТТЕТІЛУ

Наурыздың 17-сі таратылған мәлімет бойынша Төлеген Сыдық партия төрағасының міндетін атқарушы болып тағайындалды.
Мақсұт Нәрікбаев "Әділет" партиясының төтенше съезінде сөйлеп тұр. Астана, 3 желтоқсан 2011 жыл

Мақсұт Нәрікбаев "Әділет" партиясының төтенше съезінде сөйлеп тұр. Астана, 3 желтоқсан 2011 жыл


Сайлау алдында қазақстандық БАҚ-тың назарын аударған бір жайт - Мақсұт Нәрікбаевтың 2011 жылғы қараша айында партия басшылығына бұрынғы сенатор Уәлихан Қайсар мен өзін эколог-саясаткер ретінде танытып жүрген Мұсағали Дуамбековты шақыруы еді. Партия төрағасының орынбасарлары болып тағайындалған бұл екеуі сайлау аяқталысымен ақпанның басында партия басшылығының құрамынан шығарылып тасталған болатын.

Бұл оқиға кезінде Төлеген Сыдық кейіннен қосылған орынбасарларды сайлау науқаны кезінде ғана қызмет иеленген уақытша кадрлар ретінде таныстырып, оларды партиялық дисциплина бұзды деп айыптаған. Мұсағали Дуамбеков 2012 жылғы ақпанның 1-і zonakz.net басылымына берген сұқбатында Төлеген Сыдықты "Астана арқылы" партия төрағасы болуға ұмтылып жүрген адам ретінде сипаттаған еді. Мақсұт Нәрікбаевтың партия басшысы қызметінен кететіні туралы ақпарат дәл осы сұқбат кезінде айтылған. Бірнеше күннен кейін баспасөз мәслихатын өткізген Төлеген Сыдық бұл мәліметті жоққа шығарып баққан еді.

ТРАНСФОРМАЦИЯ: "ҚАРА ЖОРҒА" МЕН НАМАЗ

Партиядағы қызметі түсініксіз күйде қалған орынбасарлардың бірі Уәлихан Қайсар, tengrinews ақпарат агенттігінің хабарлауынша, СТВ телеарнасына Нәрікбаевсыз партияның болашағы бұлыңғыр деген мазмұнда комментарий айтқан. "Нәрікбаев болса, бұл партияның мүмкіндіктері бар еді. Бірақ, енді ол (Нәрікбаев - ред.) бұл [саяси] ойыннан шығып қалды. Нәрікбаев біржола кетті, "Әділетке" қайта жандану енді қиын" деп мәлімдеген Қайсаров СТВ телеарнасына.
"Әділет" партиясының төрағасы, Қазақ гуманитарлық-заң университетінің ректоры Мақсұт Нәрікбаев "Қара жорға" билеп тұр. Астана, 21 қыркүйек 2010 жыл. Astana, 21Sep2010.

"Әділет" партиясының төрағасы, Қазақ гуманитарлық-заң университетінің ректоры Мақсұт Нәрікбаев "Қара жорға" билеп тұр. Астана, 21 қыркүйек 2010 жыл. Astana, 21Sep2010.


Парламенттік сайлау алдында Азаттық радиосына берген сұқбаттарының бірінде Уәлихан Қайсар "Әділетке" келу туралы ұсынысты қабыл алу себебі - Мақсұт Нәрікбаевтың "дін жолына бет бұрып, намаз оқитын адам" екендігі деп мәлімдеген болатын. "Ол кісінің (Нәрікбаевтың - ред.) өзі - бес уақыт намазға жығылған адам. Бізде намазға жығылған тағы қай партияның көсемін айта аласыз? Ешкім жоқ. Бұрыннан бері намазға жығылған адамға бірден сеніп отырмын. Меніңше, «Әділетке» келуіме осы да үлкен себеп болған шығар" деп мәлімдеген еді Қайсар.

Қазақстандық БАҚ 72 жастағы саясаткердің "намазға жығылудан" басқа да көптеген сипаттарына назар аударып келген еді. Екі жыл бұрын Мақсұт Нәрікбаев "Қара жорға" биін бүкіл Қазақстан болып билеуге шақырған болатын. Бірақ, саясаткердің биографиясын өзгелерден ерекшелеп тұрған маңыздырақ деталь - оның кезінде Украинадағы Днепродзержинск техникалық училищесінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бір сыныпта оқығаны.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG