Accessibility links

Нарымбаев-Мәмбеталин ісінде куәгерлер жауап берді


«Араздық қоздырды» деп айыпталған Ермек Нарымбаев (үстіңгі қатарда, сол жақтан екінші) пен Серікжан Мәмбеталин (үстіңгі қатарда, оң жақтан екінші) сотта тұр. Алматы, 8 қаңтар 2016 жыл.

«Араздық қоздырды» деп айыпталған Ермек Нарымбаев (үстіңгі қатарда, сол жақтан екінші) пен Серікжан Мәмбеталин (үстіңгі қатарда, оң жақтан екінші) сотта тұр. Алматы, 8 қаңтар 2016 жыл.

Мәмбеталин мен Нарымбаев сотына шақырылған куәгерлер белсенділерді айыптауға себеп болған кітап үзінділеріне қатыстары жоқ екенін айтты. Айыпталушыларды сотқа қатаң күзетпен әкелді.

Даулы кітап үзінділерін жариялағаны үшін «араздық қоздырды» деп айыпталған азаматтық белсенділер - Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталиннің Алматыда өткен бүгінгі сотында куәгерлерге сұрақтар қойылды.

Серікжан Мәмбеталин және Ермек Нарымбаев ісіндегі куәгер Александр Ляхов. Алматы, 8 қазан 2016 жыл.

Серікжан Мәмбеталин және Ермек Нарымбаев ісіндегі куәгер Александр Ляхов. Алматы, 8 қазан 2016 жыл.

Нарымбаев пен Мәмбеталин айыптың тағылуына себеп болған даулы кітаптың үзінділерін Мұрат Телібековтікі деген кітаптан алғандарын айтады. Олар үзінділерді Александр Ляховтың lyakhov.kz сайтынан көшіріп, әлеуметтік желіге жариялаған.

АЙЫПТАУШЫ ЖАҚТЫҢ КУӘГЕРЛЕРІ

Сотқа айыптаушы жақтан шақырылған куәгерлер - Телібеков пен Ляхов өздерінің даулы үзінділерге қатыстары жоқ екенін айтты.

Lyakhov.kz сайтын ашқан және осы сайттың иесі Александр Ляхов Мұрат Телібековтің «Ветер с улицы» кітабының интернетте жарияланған нұсқасында даулы үзінділердің болмағанын мәлімдеді. Ляхов сотта lyakhov.kz сайтына Мұрат Телібековтің «Ветер с улицы» кітабы 2002 жылы шыққанын, екі-үш жыл бұрын ол кітапты дау шыққан соң сайттан жойғанын, бірақ 2015 жылы техникалық қателіктен кітап сайтқа қайта шығып кеткенін айтты. Куәгер даулы кітапты 2015 жылы қыркүйекте қайта жойғанын баяндады.

Ал айыпталушы Мәмбеталин "былтырғы 8 қазан күні ол үзінділердің lyakhov.kz сайтында болғанын, оны сол жерден көшіріп Facebook парақшасына жариялағанын" айтты. Бірақ Ляхов Мәмбеталиннің бұл сөзін үзілді-кесілді теріске шығарды.

Айыпталушылар Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) сарапшыларының қорытындысы мен сайттан алынған скриншоттарды көрсетті. Ляхов скриншоттарды қолдан жасауға болатынын, олардың пленкалы фотоаппаратқа түсірілмегенін айтты. Ляховтың сөзіне қарағанда, скриншоттар дәлел бола алмайды.

Серікжан Мәмбеталин және Ермек Нарымбаев ісіндегі куәгер Мұрат Телібеков. Алматы, 8 қазан 2016 жыл.

Серікжан Мәмбеталин және Ермек Нарымбаев ісіндегі куәгер Мұрат Телібеков. Алматы, 8 қазан 2016 жыл.

Сотқа шақырылған ҰҚК сарапшылары Серікжан Мәмбеталиннің Facebook парақшасына жариялаған "үзіндінің" Телібековке телініп жүрген кітаптың lyakhov.kz. сайтындағы нұсқасынан көшіріп алынғанын мәлімдеді. Судья Ляховтың сөздеріндегі қайшылықтарды атап, жалған куәлік берсе, жауапқа тартылатынын ескертті.

Мұрат Телібеков сотта «Ветер с улицы» деген кітабында сотта қаралып жатқан даулы үзіндінің болмағанын мәлімдеді. Өзін «Қазақстан мұсылмандары одағының жетекшісі» ретінде таныстыратын Телібеков Алмалы аудандық сотына 1993 жылы Алматыда шыққан сол кітаптың түпнұсқа үлгісін алып келіп, іс материалдарына қосуды өтінген. Мұрат Телібеков бұған дейін 1990 жылдары аталмыш кітапты сол күйі баса алмай қойғанын, ал интернетте таралған нұсқасына өзінің қатысы жоқ екенін айтқан болатын.

Нарымбаев пен Мәмбеталин сотында куәгерлерді тыңдау:

«КҮШЕЙТІЛГЕН» КҮЗЕТ

Үлкен қоғамдық пікірге ұласқан іс бойынша желтоқсанда басталған сот отырыстарында тараптар талай рет тәжікелесіп қалған. Сотталушылар мен олардың адвокаттары судья Марал Жарылғасоваға бірнеше мәрте қарсылық танытқан, бірақ олардың мәлімдемелері қанағаттандырылмады. Сотталушылардың денсаулық жағдайы нашарлап кеткені жайлы шағымына қарамастан, Марал Жарылғасова қамау түріндегі бұлтартпау шарасын ешқайда кетпеу қолхатына немесе кепілге босатуға ауыстыру туралы өтініштерді орындаудан бас тартты.

Ермек Нарымбаевқа шақырылған жәдел жәрдем дәрігерлері сот залында жүр. Алматы, 6 қаңтар 2016 жыл.

Ермек Нарымбаевқа шақырылған жәдел жәрдем дәрігерлері сот залында жүр. Алматы, 6 қаңтар 2016 жыл.

Қан қысымы көтеріліп кетуіне байланысты процесс басталған кезде Ермек Нарымбаевты сот ғимаратынан екі рет жедел жәрдем көлігімен ауруханаға әкеткен, бірақ оны ауруханаға жатқызудан бас тартып, дәрігерлер қан қысымын дәрі егіп түсіргеннен кейін қайтарып жіберген.

Сотталушылардың жақтастары «істі біржақты қарап жатыр» деген уәжбен судьяның әрекеттеріне ашық наразылық білдірген. Судья мұның қарымтасы ретінде өткен сәрсенбіде жергілікті БАҚ журналистері мен жұртшылық өкілдерінің сот залында отыруына тыйым салды. Процесс барысын бақылағысы келгендерге сот залынан хабар тарататын монитор орнатылған арнайы бөлме бөлінді. Бірақ журналистер монитор дұрыс жұмыс істемейді деп шағымданды.

Нарымбаев пен Мәмбеталин сотындағы дау (6 қаңтарда түсірілген):

​Жұма күні Мәмбеталин мен Нарымбаевты сот залына «күшейтілген күзетпен» әкелді. Бұрын екеуінің қолдарын бірге кісендеп әкеліп жүрген. Енді әр сотталушыны екі жағынан полицейлерге кісенмен қосақтап қоятын болған.

Сотталушылар орындығына жайғасқан Мәмбеталин мен Нарымбаевты полицейлер қоршап тұрды. Екеуінің қолындағы кісенді сот басталып кеткеннен 20 минут өткенде шешті. Судьяның сотталушылардың қан қысымы көтерілгеніне қарамастан әрі қоғамдық қорғаушының судьяға қарсылығын елеместен сот отырысын жалғастыру шешіміне наразы болған Мәмбеталин мен Нарымбаев біраздан кейін судья Жарылғасованы ауыстыруды тағы талап етті. Сотталушылар «Қарсылық» деген жалғыз сөз жазылған А4 форматты қағазды көтеріп, орындарынан тұрды. Судья Жарылғасова Мәмбеталин мен Нарымбаевты сотталушыларға арналған бөлмеге әкетуді бұйырды. Бірақ үзілістен кейін екеуін сот залына қайта әкелді.

Жұма күні сотталушылардың жақтастары үзіліс кезінде судья Жарылғасоваға қарсылық таныту туралы қоғамдық өтініш пен Қазақстан жоғарғы соты төрағасы Қайрат Мәмидің атына жазылған ұжымдық шағымға қол жинады.

Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталин судья Марал Жарылғасоваға қарсылық білдіріп тұр. Алматы, 8 қаңтар 2016 жыл.

Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталин судья Марал Жарылғасоваға қарсылық білдіріп тұр. Алматы, 8 қаңтар 2016 жыл.

Былтыр қазан айынан бері қамауда отырған Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев тағылған айыптарды жоққа шығарады. Полицияға әлдекім құпия телефон шалғаннан кейін белсенділердің үстінен іс қозғалған. Хабарласқан адам «біреулер ұлтаралық, діни және әлеуметтік араздықты қоздыратын материалдар таратып жүр» деп мәлімдеген.

Мәмбеталин мен Нарымбаев сол қоңыраудан кейін ұсталған. Белсенділер іс материалдары «ойдан құрастырылған» деп мәлімдеп, қылмыстық қудалауды тоқтатуды талап етеді.

Human Rights Watch халыралық құқық қорғау ұйымы «белсенділерді қамау үкіметті сынаушыларды басып-жаншуға биліктің мүдделі екенін көрсетеді» деген мәлімдемемен Астананы Мәмбеталин мен Нарымбаевты босатуға шақырған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG