Accessibility links

Қазақстандық журналист Украинадан баспана сұрады


Қазақстандық журналист Наталья Садықованың күйеуі Айдос және баласымен Киевте түскен суреті.
Қазақстандық журналист Наталья Садықованың күйеуі Айдос және баласымен Киевте түскен суреті.

Қазақстанда қудаланған оппозициялық журналист Наталья Садықоваға БҰҰ босқын мәртебесін берді. Енді ол Украинадан саяси баспана алу үшін құжаттарын әзірлеп жатыр.

Оппозициялық журналист Наталья Садықова қазір отбасымен Киев қаласында тұрады. Жуырда БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі бас комиссарының Киевтегі басқармасы оның отбасы мүшелерін босқындар ретінде тіркеген.

Бірақ БҰҰ босқын мәртебесін бергенімен, оның отбасы саяси баспана әлі алған жоқ. Адамды босқын ретінде танитын ұйым бөлек те, саяси баспана беретін институт басқа.

Босқын мәртебесін БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі бас комиссарының Киевтегі басқармасы берді, ал саяси баспана алу үшін мамырдың 15-інде Украинаның көші-қон қызметінің Киевтегі кеңсесіне құжаттарымызды өткіздік. Ереже талаптарына сәйкес сұхбатқа бүкіл отбасымызбен бардық. Күйеуім Айдос екеуміз жеке-жеке өтініш бердік. Балаларымыз менің құжаттарымда жазылған, - дейді журналист Наталья Садықова Азаттық тілшісіне.

Бір бума құжат толтырды. Бұл процедурадан оңай өттік.

Қазақстандық босқын келіншектің Украина көші-қон қызметіндегі шенеуніктер жайлы пікірі жақсы.

- Бәрі бірнеше тіл білетін, шетінен сауатты әрі сыпайы жастар екен. Құжаттарды украин тілінде толтыру керек. Сұрақтарға орыс тілінде жауап бердік. Олар біздің жауаптарымызды украин тіліне аударып, құжаттарға енгізді. Бір бума құжат толтырды. Бұл процедурадан оңай өттік, - дейді Наталья.

ОТАНЫНДАҒЫ ІС

Биыл наурыз айының 5-і күні «жала жабу» айыбы бойынша ақтөбелік журналист Наталья Садықоваға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Парламенттің бұрынғы депутаты Марат Итеғұловтың мәлімдеуінше, Наталья Садықова «Республика» веб-сайтында Бақыт Ілиясова деген лақап есіммен бұрынғы депутатқа қасақана жала жауып, іскерлік беделіне нұқсан келтірген «Тендер жұрттың бәріне жетпейді» деген мақаласын жариялаған.

Қазақстан прокуратурасы сайтындағы журналист Наталья Садықоваға жарияланған іздеу. 1 шілде 2014 жыл.
Қазақстан прокуратурасы сайтындағы журналист Наталья Садықоваға жарияланған іздеу. 1 шілде 2014 жыл.

Наурыздың 17-сі күні Ақтөбе қалалық соты Наталья Садықоваға іздеу жариялау туралы сырттай қаулы шығарған. Наурыздың 9-ы күні Қазақстаннан отбасымен жолға шығып кеткен Наталья ол кезде Украинада болатын. Қазір күйеуі Айдос Садықов және кішкентай екі баласымен Украинада тұрып жатыр. Ол «елге оралсам, бірден қамауға алып, тергеу абақтысына қамайды» деп қауіптенеді.

Қазақстан бас прокуратурасы сайтында Наталья Садықова іздеу салынғандар тізімінде екені туралы ақпарат жарияланған.

СЕРГЕЛДЕҢ

Наталья Садықованың Қазақстандағы мүддесін қорғаушы адвокат Снежанна Ким Азаттық тілшісіне «клиентімнің ісіне қатысты материалдармен таныса алмай жүрмін» дейді. Ақтөбе соты қызметкерлерінің айтуынша, іс материалдары прокуратураға жолданған. Ал прокуратура «іздеу жариялануына байланысты Садықованың ісін полицияға өткіздік» деп хабарлаған. Снежанна Кимнің айтуынша, полиция Наталья Садықованың ісіна қатысты материалдарды түрлі сылтаумен сол күйі бермеген.

Бұл айтқандарын растау үшін Снежанна Ким Азаттық тілшісіне сотқа, прокуратура мен полицияға жолдаған өтініштерінің көшірмесін көрсетті.

Құзырлы органдардың бұл қылығын Наталья Садықова «менің ісім халықаралық қауымдастыққа жария болып, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың беделіне нұсқан келді. Енді мені жанын салып қудалағандардың өздерінің бастары бәлеге қалуы мүмкін» дейді.

Оппозиция белсендісі Айдос Садықов. Сурет белсендінің жеке архивінен алынды.
Оппозиция белсендісі Айдос Садықов. Сурет белсендінің жеке архивінен алынды.

Журналист Наталья Садықованың есімі жұртқа оппозициялық басылымдарда билікті сынап жазған мақалаларымен ғана емес, қылмыстық қудалауға ұшыраған оппозициялық журналист, әрі белсенді Айдос Садықовтың әйелі ретінде де таныс. 2010 жылдың шілдесінде Айдос Садықов «Бұзақылық» бабы бойынша айыпталған әрі «полицейлерге қарсылық көрсетті» деп танылып, екі жылға сотталған. Айдос Садықов жаза мерзімін отбасының тұрғылықты жері Ақтөбе қаласындағы түрмеде өтеп шыққан.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG