Accessibility links

Келімбетов «девальвация қаупі жоғын» айтты


Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов. Алматы, 11 ақпан 2014 жыл.

Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов. Алматы, 11 ақпан 2014 жыл.

​Ұлттық банк төрағасы «әлемдегі кез-келген дағдарыс Қазақстан экономикасына әсер етпесін» мәлімдеді. Бірақ биыл ақпанда теңге девальвациясын бастан кешкен ел оның сөзіне илана қоймайды.

Қазанның 21-і күні ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов Астанадағы Орталық коммуникация қызметінде баспасөз-мәслихатын өткізіп, «Қазақстанның кез-келген қаржы дағдарысына мойымасын» жариялады.

«МЫҚТЫ ЭКОНОМИКА, ШЫДАМДЫ ТЕҢГЕ»

Ұлттық банк төрағасы мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасының арзандағаны, Ресей рублінің долларға шаққандағы бағамының түскені қазақстандықтардың девальвация жайлы қаупін тудырғанын айтты.

– Мұнай бағасы одан әрі төмендеген күннің өзінде Қазақстанның ұлттық банкіндегі 28 миллиард доллар, ұлттық қорындағы 76 миллиард доллар – барлығы 104 миллиард доллар резерв кез-келген дағдарыстан оңай өтуге толық мүмкіндік береді. Сондықтан кез-келген дағдарыстан емін-еркін шығып қана қоймай, әрі қарай белсенді экономикалық саясат жүргізіп, елбасының тапсырмаларын жүзеге асыруға мүмкіндік жетеді, – деді Қайрат Келімбетов.

Полиция теңгенің девальвацияға ұшырауына наразы азаматтарды ұстап барады. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл.

Полиция теңгенің девальвацияға ұшырауына наразы азаматтарды ұстап барады. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл.

Ұлттық банк төрағасы теңгенің биыл ақпанда девальвацияға ұшырағаны «Ресей рублінің одан әрі әлсірейтіні және Ресей төңірегіндегі геосаяси жағдай күрделенетіні ескеріле отырып жасалған іс» екенін айтты.

– Украина төңірегіндегі жағдайдың шиеленісе түсетіні, Еуропа мен Қытай және Ресей экономикасының әлсірейтіні бізге биыл ақпанда-ақ түсінікті болған. Еуропа мен Қытай экономикасы әлсіреген соң мұнай бағасының арзандайтыны мәлім. Сондықтан ақпандағы девальвация кезінде теңгенің 1 долларға шаққандағы бағамын 180-188 теңге деп белгіледік. Қазір осы меже әрі қарай да шыдас бере алады, – деді Қайрат Келімбетов.

Ұлттық банк төрағасы баспасөз мәслихатына қатысып отырған журналистердің «бірақ қазір Ресей рублінің құны әлі де түсіп бара жатыр ғой» деген уәждеріне:

– Ресей рублінің құнсыздануы экономикалық санкцияларға байланысты. Ал Қазақстанда ондай жағдай жоқ, – деп жауап берді.

«КЕЛІМБЕТОВ ҚАЛАЙ АЙТСА ДА, ДОЛЛАР ҚЫМБАТТАЙДЫ»

Қоғамдық белсенді, ақпанда теңге құнсызданған кезде ұлттық банк алдына барып наразылық танытқан азаматтардың бірі Қанағат Тәкеева Қайрат Келімбетовтің «теңге құнсызданбайды» деген сөзіне сенбейді. Тәкеева Келімбетовтің биыл ақпанда дәл осындай мәлімдеме жасағанын, іле-шала теңге девальвацияға ұшырағанын еске сала келе:

Азаматтық белсенді Қанағат Тәкеева.

Азаматтық белсенді Қанағат Тәкеева.

– Қайрат Келімбетовтің мәлімдемесіне жұртшылық тарапынан реакция болуы екіталай. Өйткені ақпандағы девальвациядан кейін билік қаржыгерлеріне сенуден қалған қарапайым жұртшылық тәуелсіз сарапшылардың пікірі мен өз болжамдарына көбірек сенеді. Келімбетов қалай айтса да доллардың бағасы өседі, – дейді.

Ал парламент мәжілісінің қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Тұрсынбек Өмірзақов ұлттық банк төрағасының «Ресей рублінің құнсыздануы Қазақстанға әсер етпейді» деген пікірімен келіспейді.

– Қайрат Келімбетов қазіргі қаржылық жағдайға баға беріп отырған болар. Бірақ Қазақстан экономикасы шикізат экспортына тәуелді болып тұрғанда девальвация болмайды деп біржақты айта алмаймыз. Әуелі ішкі өндірісті көтеру керек. Қазақстан экономикасы қазір рецессияда тұрған Ресей экономикасымен тығыз байланысты, – деді Тұрсынбек Өмірзақов.

Депутаттың пікірінше, «экономика заңы бойынша, 20 жылдан бері құлдырап келе жатқан теңге алдағы уақытта осы қалпында тұра береді деп айту қиын».

Теңге девальвациясы мен қымбатшылыққа наразылық шеруін полиция қуып таратқанда жылап тұрған бойжеткен. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл. (Фото авторы - Азиз Мамиров).

Теңге девальвациясы мен қымбатшылыққа наразылық шеруін полиция қуып таратқанда жылап тұрған бойжеткен. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл. (Фото авторы - Азиз Мамиров).

Ақпан айында Қазақстан ұлттық банкі теңгенің айырбас бағамын бұрынғы деңгейде ұстаудан бас тартып, 1 АҚШ доллары 185 теңгеге дейін қымбаттаған еді. Ұлттық банк теңгені девальвациялауға «әлемдік қаржы және тауар нарығындағы қиын жағдай, Ресей рублінің құнсыздануы, елдегі девальвациялық алғышарттар себеп болды» деп түсіндірген.

Биылғы теңге девальвациясы кезінде шығын шеккен, бұған дейінгі екі девальвацияны (1999 және 2009 жылғы) да ұмытпаған жұртшылық арасында содан бері ұлттық валютаның «тағы да құнсызданатыны» жайлы қауесет жиі айтылатын болды.

Шілденің соңына таман әлеуметтік желілерде «Батыстың Ресейге қарсы санкциялары кесірінен теңге тағы да девальвациялануы мүмкін» деген хабар тарап, тамыздың 1-і күні бірнеше ірі қаладағы кейбір ақша айырбастау орындары доллар мен еуроны сатуды доғарған. Іле-шала тамыздың 1-і күні «Қазақстан ұлттық банкі» теңгенің долларға шаққандағы құны арзандауына негіз жоқ екенін мәлімдеп, «тексерілмеген ақпарат мен сыбыстар таратпауға» шақырған. Сол күні Қазақстан бас

Ақша айырбастау пунктіндегі доллар бағамы. Алматы. 21 қазан 2014 жыл.

Ақша айырбастау пунктіндегі доллар бағамы. Алматы. 21 қазан 2014 жыл.

прокуратурасы да «халық арасында айтарлықтай шу шығарып, ішкі валюта нарығындағы жағдайдың тұрақсыздану қаупін туғызған», «теңге бағамы туралы уәкілетті мемлекеттік органдардың ресми деректеріне негізделмеген ақпарат таратқан» азаматтар қылмыстық кодекс бойынша жауапқа тартылатынын ескерткен.

Бірақ Қазақстан экспортының басым бөлігін құрайтын мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасы арзандауы, елдің Кеден Одағы мен Еуразия экономикалық одағындағы (ЕАЭО қызметіне 2015 жылы 1 қаңтарда кіріседі – ред.) ірі әріптесі Ресейге Батыстың экономикалық қысымы артқаны қазақстандықтардың девальвация жайлы қауіптерін қоюлата түсті.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG