Accessibility links

Ғалым Байназаров: "Теңгеге сенім – патриоттықтың белгісі"


Қазақстанның ұлттық валютасы - теңге алғаш айналымға енгізілгенде қолданыста болған қағаз ақша үлгілері. Алматыдағы Ұлттық банк мұражайында түсірілген сурет.

Қазақстанның ұлттық валютасы - теңге алғаш айналымға енгізілгенде қолданыста болған қағаз ақша үлгілері. Алматыдағы Ұлттық банк мұражайында түсірілген сурет.

1993 жылы қарашаның 15-сі күні Қазақстан ұлттық валютасы – теңге алғаш айналымға енді. Кейін бұл күн ұлттық валюта күні ретінде аталатын болды. Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Ғалым Байназаров Азаттыққа сұхбатында теңгенің қазіргі жағдайы мен перспективасы туралы айтады.

Азаттық: – Ғалым мырза, көршілес Ресейде рубль бағамы мен әлемдік базарда мұнай бағасы арзандап жатыр. Қазақстан ұлттық валютасын алда не күтіп тұр?

Ғалым Байназаров: – Біріншіден бүгінгі мереке – ұлттық валюта күнімен барлығымызды құттықтаймын. Теңге осы күнге дейін экономикамызды басқару құралы есебінде өзінің тарихи функциясын жақсы атқарып келеді. Қазіргі жағдайға келсек, 2008-2009 жылдары дүние жүзінде басталған дағдарыстан әлемдегі алпауыт елдер де әлі толық шыға қойған жоқ. Батыс елдері тарапынан cанкциялар салынған Ресейде орталық банк ұлттық валютасын еркін жіберіп, интервенция жасауды тежеп отыр. Осы жайттардың барлығы олардың рубліне кері әсерін тигізді.

Қаржы маманы Ғалым Байназаров. Жеке мұрағаттан сурет.

Қаржы маманы Ғалым Байназаров. Жеке мұрағаттан сурет.

Орыс рублінің бағамы төмендеп, мұнай бағасы арзандаса «ертең бізде девальвация болады» деушілерге қазір бізге ондай қауіп жоқ деп нық айта аламын. Мысалы, ақпандағы девальвация кезінде ұлттық валютамыздың 1 АҚШ долларына шаққандағы бағамы 150 теңгеден 184 теңгеге дейін күрт төмендегені мәлім. Қазір енді 1 доллар 180,87 теңге, яғни 3 теңгеден артық ұтып тұрмыз. Ақпанда біздің ақшамызбен 5,01 теңге болған рубль қазір – 3,90 теңге, яғни 1,11 теңге ұтыстамыз. Ал енді үш валютадан тұратын мультивалюталық себетте Ресей рублінің үлесі 10 пайыз болса, 20 пайызы – еуро, қалған 70 пайызы – доллардың үлесінде. Мұнда да еш қауіп жоқ. Егер ақпандағы девальвацияда мультивалюталық себет 137,67 теңге болса, қазір біз одан 8,87 теңге ұтып тұрмыз. Сондықтан, жағдайымыз жаман емес. Тіпті, мұнай бағасы жыл аяғына шейін 60-70 долларға түсіп кеткен күннің өзінде, біздің ортақ бір жылдық көлемдегі есеппен санағанда биылғы жылдың ортақ көрсеткішінде мұнай бағасының 1 баррелі 90 доллардан төмендемейді, бюджетке осы межемен салынған. Сондықтан девальвация қаупіне негіз жоқ.

Азаттық: – Ұлттық банк біраздан бері экономиканы долларға тәуелділігінен арылту қажеттігін айтып келеді. Бірақ, ақпандағы девальвациядан соң шетел валютасындағы салымдар күрт өскен. Бұл тұрғындардың теңгеге деген сенімсіздігін байқатпай ма?

Қазақстанда кезекті девальвациядан соң теңгенің жаңа бағамы жазылған электронды тақта. Алматы, 11 ақпан 2014 жыл.

Қазақстанда кезекті девальвациядан соң теңгенің жаңа бағамы жазылған электронды тақта. Алматы, 11 ақпан 2014 жыл.

Ғалым Байназаров: – Ұлттық валютаға сенбеген адам Қазақстанның патриоты емес, ол басқа құндылықтарға тәуелді адамдар. Доллар, әрине, үлкен күшке ие, дегенмен адам өзіне, еліне, өз валютасына сенуі керек. Долларизация бізде 2007-2008 жылдары үлкен қарқынмен жүрген болатын. Ал қазір теңгенің үлесі басымдау. Сондықтан жұрт жапа-тармағай долларды таңдап отыр деп айта алмаймын.

Азаттық: – Қазақстан президенті «банк секторын сауықтыру» үшін 250 миллиард теңге бөлінетінін, одан проблемалық несиелер қорына ақша берілетінін мәлімдеді. Сіздіңше, мемлекеттің бұлмәселеге араласуы орынды ма?

Ғалым Байназаров: – Бұл бәрімізді толғандыратын жағдай, өйткені бұл – халықтың ақшасы. Бірақ, мысалы, Америкада 2008-2009 жылдары үлкен дағдарыс болған кезде үкімет арнайы бағдарлама аясында бөлген 750 миллиард доллардың дені банктерге берілді, тіпті Citi bank сияқты банктерде мемлекеттен көмек алды. Сондықтан бұл әлемде бар тәжірибе. Тек ақшаны дұрыс пайдалану керек.

2000-2008 жылдары аралығында біздің банктер Еуропаның қаржы рыногынан көптеген несиелер алды. Бірақ, сол ақшаның ауқымды бөлігі кейбір ірі банктер арасында шашылып кетті. Соңғы 9 айдың қорытындысы бойынша, екінші деңгейлі банктер портфелінде қайтпай қалған несиелер үлесі 32 пайызды құраған. Әрине, банктер кінәлі екені рас, олардың иелеріне Ұлттық банк «ақша салыңдар, жарғылық капиталды ұлғайтыңдар» деп жатыр. Бірақ, қалай болғанда да елдегі барлық экономикалық кредиттердің 90 пайызын сол банктер береді. Экономиканың өсуі я өспеуі берілетін несиелердің көлеміне де тығыз байланысты. Соның бәрін таразылай келе осындай шараға баруға тура келеді.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG