Accessibility links

Жұмбаққа толы «Халықтық IPO»


Халықаралық сауда биржасы. (Көрнекі сурет)
Халықаралық сауда биржасы. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда «Халықтық IPO» бағдарламасын халыққа түсіндіру науқаны басталды. Алайда бұл мәселенің төңірегінде жауабы жоқ сұрақ көп.

Биліктің түсіндіру жұмысы туралы ақпарат арнайы ашылған Halyk-ipo.kz интернет-сайтына жарияланған. Жұрттың «Халықтық IPO» акциясына онша қызыға қоймауын сарапшылар түсіндіру жұмыстарының әлсіздігінен көріп келген еді. Енді билік сол олқылықтың орнын толтырмақ.

БАҒДАРЛАМА ҚАЛАЙ ІСКЕ АСАДЫ?

Қазақстандық БАҚ, қоғамдық ұйымдар, билікке бүйрегі бұратын үкіметтік емес ұйымдардың белсенділері халық арасында түсіндіру жұмысын жүргізе бастады. Елдің барлық аймақтарындағы еңбек ұжымдарында, қоғамдық лекцияларда «Халықтық IPO» бағдарламасының тұсаукесері өтіп жатыр. Маусым айынан бастап Қазақстанның 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларында «промопункт» деп аталатын ақпарат тарату орындары ашылды.

«Халықтық IPO» бағдарламасын билік өкілдері жұртқа бірегей жоба ретінде таныстырады. Бағдарлама ел азаматтарына ірі компаниялардың акцияларын сатып алып, компания табысынан үлес алуды ғана ұсынып қоймай, оларды дамытуға да қатысуы мүмкін екенін түсіндіріп жүр.
Астанадағы "ҚазМұнайГаз" компаниясының ғимараты. (Көрнекі сурет)
Астанадағы "ҚазМұнайГаз" компаниясының ғимараты. (Көрнекі сурет)

Бағдарлама шарты бойынша, 2012 жылы өз акцияларын алғашқы жария сатылымға «ҚазТрансОйл» компаниясы шығарады.

2013 жылы — KEGOC, «Эйр Астана», «ҚазТрансГаз», «Самұрық-Энерго», «Қазақтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы», 2014 жылы — «Қазақстан темір жолы», «Қазтеміртранс», 2015 жылы — «Қазатомөнеркәсібі», «ҚазМұнайГаз» компаниялары қатысады.

Tengrinews агенттігі «Самұрық-Қазына» қоры басқарма төрағасының орынбасары Қуандық Бішімбаевтың «Халықтық IPO» аясында сатылатын бір акцияның бағасы 10 мың теңгеден аспайды» деген сөзін келтірген.

Акция сатып алуға болатын ең жоғары ақша көлемін теория жүзінде эмитент компаниялардың өздері, яғни өзінің құнды қағаздарын шығаратын ұйымдар белгілейді. Бұл туралы ақпарат компаниялардың сайттары мен таныстыру материалдарында жариялануы тиіс. Азаматтардың бағдарламаға қатысу тәртібі туралы ақпаратты halyk-ipo.kz сайтынан тауып, брокерлердің тізімімен kase.kz, afn.kz сайттары мен «Қазпошта» компаниясының филиалдарынан танысуға болады.

«ШАРЫҚТАУҒА ДА, ҚҰЛДЫРАУҒА ДА БОЙ ҮЙРЕТУ»

Нарықтық қатынастар мемлекеттік меншік үлесін азайтуды талап ететіні түсінікті. Мемлекет үлесі кеміп, елде экономиканың қозғаушы күшіне айнала алатын әлеуметтік топ өсіп шығуы тиіс. Егер билік шынымен де экономикалық байлықты халықтың игілігіне жарату мен елдің өндірістік қуатын жаңғырту мақсатында бөліске салуға пейілді болса, бұл қадамды тек құптаған жөн.
Теңге. (Көрнекі сурет).
Теңге. (Көрнекі сурет).

Алайда бұл мәселенің басқа қырлары да бар. Мысалы, азаматтардың банктер мен зейнетақы қорларындағы депозиттік салымдары, дағдарысқа қарамастан, жыл сайын өсіп келеді. Ұлттық банктің, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитетінің статистикасына жүгінсек, егер 2005 жылғы қаңтардың 1-інде жеке тұлғалардың депозиттерінің сомасы 252,29 миллиард теңге болса, 2012 жылдың басында бұл сома 1 571,7 миллиард теңгеге дейін, яғни 6,2 есеге өскен.

Зейнетақы салымдары бұдан да тез өсіп келеді. Бұл саладағы қаржы көлемі аталған кезеңде 380 миллиард теңгеден 2 651,3 миллиард теңгеге немесе 6,9 есеге өскен.

Сонымен бірге азаматтардың салымдарының кірісі төмен. Егер бұл жағдай өзгермесе, мемлекеттің қаржы құрылымдарына деген халық сенімі жоғалуы мүмкін.

Билік сәтсіздіктің алдын алу үшін бұл шараға абайлап кірісіп жатыр. Сөйтсе де бұл мәселе төңірегінде жауаптан гөрі сұрақ көп. Қысқа мерзім ішінде қазақстандықтарды қор нарығы жайлы хабардар ету қолдан келе ме? Қазақстандық қор биржасы (КАSЕ) жұмыс істей бастағанына жиырма жылға жуықтағанына қарамастан, оның жұмыс ерекшелігін қазақстандықтардың бәрі бірдей түсінбейді.

Сарапшылар «Халықтық IPO» бағдарламасын нарық құралдарының бірі ретінде пайдалану керек деп ескертеді. Инвесторлар да тәуекелге барып отыр.

Tengrinews агенттігі премьер-министрдің орынбасары Қайрат Келімбетовтің: «Акциялардың бағасы шексіз өсе береді деп ойлайтын халықтың психологиясын өзгерту қиын. Біздің мақсатымыз – олай болмайтынын, акцияның бағасы қаншалықты тез шарықтап өссе, соншалықты тез құлдырауы мүмкін екенін түсіндіру» деген пікірін мысалға келтіріпті.
Қазақстан үкімет басшысының орынбасары Қайрат Келімбетов.
Қазақстан үкімет басшысының орынбасары Қайрат Келімбетов.

KASE деректері бойынша, 1999 жылы «Қазақтелеком» компаниясының қарапайым акцияларының орташа бағамы 2,5 мың теңге, ал 2007 жылы баға шарықтау шегіне жетіп, 50 мың теңге болды. Қазір бұл компанияның акциялары 15 мың теңгеге сатылады. Жалпы, әлемдік дағдарыс салдарынан соңғы жылдары KASE-нің өз индексі мен капиталы да әлсіреген.

Оның үстіне, құнды қағаздарды сатып алушы қарапайым азаматтар бұл IPO-ның нағыз халықтық болып, акциялардың бай қазақстандықтардың немесе шетелдік компаниялардың қолында кетіп қалмасына сенімі жоқ.

ЖАРИЯЛЫЛЫҚ ҚАЖЕТ

Былтыр Қазақстан үкіметі халықтың акция сатып алуға деген ағымдық сұранысын 100-200 миллион доллар, зейнетақы қорларының сұранысын 200-300 миллион доллар деп бағалаған. Биыл осы екеуін қосып, шамамен жарты миллиард доллардың акциясы сатылымға шығарылмақ. Егер қазір халықтың депозиттері мен зейнетақы салымы 30 миллиард доллардан асатынын ескере отырып, мұның аз не көп екенін бағалауға болады. Сірә, аз болар, бірақ бұл бастамасы ғана.

Ендігі мәселе мынада – үкімет әлдебір зерттеулерге сілтеме жасағанымен, оларды неге жарияламайды? «Халықтық IPO» бағдарламасын насихаттау науқаны аясында халық арасында әлеуметтік сауалнама неге жүргізілмейді? Азаматтар акция сатып алуға қаншалықты мұқтаж, қарапайым халық бағдарламаның мән-маңызы мен жұмыс істеу тетігін қаншалықты жетік түсінеді, қолында жеткілікті қаржысы бар ма?
Қара базарда отырған халық. (Көрнекі сурет)
Қара базарда отырған халық. (Көрнекі сурет)

Эмитенттер туралы инвесторларға ұсынылатын ақпараттың аздығы да түйткілді мәселе. Мысалы, эмитент компаниялардың соңғы бес жылдағы шаруашылық қызметінің нәтижесі мен кірісі қандай? Жария есеп берудің, ішкі қадағалау жүйесінің, дивиденд төлеу, басқару жүйесі, шешім қабылдау жөніндегі түсініксіз мәселелер инвесторларды үркітуі мүмкін.

Егер бұл бағдарлама аясында эмитенттің 15 пайыз акциясын ғана сату жоспарланса, азаматтар компанияларды басқару құқығын қалай жүзеге асырмақ? Бұл жағдайда дауыс салмағы мемлекетте қалады. Егер билік бұл ақпараттың барлығын «Халықтық IPO» сайтында жарияласа, инвесторлар тиісті ақпаратты эмитенттердің сайттарынан іздеп әуреге түспес еді. Оның үстіне, Қазақстандағы ірі компаниялардың сайттары кәсіби халықаралық деңгейде жасалған деп те айту қиын.

(Редакциядан: Дерья Атабаев – Азаттық радиосының экономика бойынша шолушысы)
XS
SM
MD
LG