Accessibility links

Адам құқығы саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспары талқыланды


"Заң мен соттың алдында бәрі тең!" деген жазуы бар плакат ұстап тұрған құқық қорғаушы Павел Кочетков. Орал, 12 қазан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

"Заң мен соттың алдында бәрі тең!" деген жазуы бар плакат ұстап тұрған құқық қорғаушы Павел Кочетков. Орал, 12 қазан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Астанада сәуірдің 20-сы күні үкіметтік емес ұйым өкілдері Қазақстанның 2009-2012 жылдарға арналған адам құқығы саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспарын талқылап, қорытындысымен таныстырды.


Осыдан екі жыл бұрын бұл жоспар алғаш қабылданған кезде билік өкілдері оның мақсаты – «ұлттық заңнаманы халықаралық стандартқа сәйкестендіру, жетілдіру» деген еді. Алайда сәрсенбілік дөңгелек үстелде қоғамдық ұйым өкілдері жоспарда айтылған басты мәселелердің іс жүзінде шешілмей жатқанын айтып, билік орындарын сынады.

Басты нысана – жоспардағы сөз бостандығы мен қысыммен күрес мәселесі болды.

ҮМІТ ПЕН ЖОСПАР

Президент жанындағы Адам құқығы бойынша комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев жиын барысында биліктің бұл екі саладағы өзекті проблемаларды шешуге күш салып жатқанын, Қазақстанның түзу жолмен жылжып бара жатқанын айтты.

– Ұлттық іс-қимыл жоспарының негізінде қоғамдық ақпараттарға қолжетімділік туралы заң жобасы әзірленген болатын. Алғашында Байланыс және ақпарат министрлігі дайындаған бұл жобаны үкіметтің өзі қайтарып, парламент депутаттары азаматтық қоғамның араласуымен жаңа заң жобасын әзірледі. Бұл алдағы уақытта заң болады деп үміттенеміз, – деді
«Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымының президенті Тамара Калеева. Алматы, 31 наурыз 2011 жыл.
Тастемір Әбішев.

Ол қысым бойынша құқық қорғаушылар тарапынан айтылған ұсыныстардың барлығы орындалмағанын, бірақ қазір соны орындауға күш салып жатқандықтарын да жеткізді.

«СОТТЫҢ МҮЛДЕМ БАСҚА ТАЛАБЫ»

Ал сөз кезегі үкіметтік емес ұйымдарға жеткенде, олар мемлекеттік орган өкілдері айтқандай, мәселенің бәрі керемет шешіліп жатпағанын, екі салада басты мәселелер өзекті күйінде қалып отырғанын айтты.

«Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымының президенті Тамара Калееваның ойынша, бұл тұрғыдан алғанда үкімет «бір адым алға, екі адым артқа» қадам жасап отыр.

Ар-намысқа нұқсан келтіру бабы (Азаматтық кодекстің 143-бабы) бойынша енді заңды тұлғалардың шағымдана алмайтыны туралы жақында ғана Азаматтық кодекске енген өзгерісті оң бағалаған Тамара Калеева мұның «елдегі проблемалармен салыстырғанда тарыдай ғана оңды іс» екенін айтады.

Оның айтуынша, журналистердің, ақпарат құралдарының жұмысына кедергі келтіретін түрлі тосқауылдар сеңі қозғалмай отыр. Мысалы журналистерден өндіріп алынатын моральдық өтемақының мөлшері шексіз күйінде қалды. «Бұл, керек десеңіз, БАҚ туралы заңға қайшы» дейді Тамара Калеева.

– Менімше, оны өзгерту жоспарда да жоқ. Соттар моральдық өтемақының мөлшері ретінде ақпарат құралдарына олар ешқашан көрмеген қаржыны
БАҚ туралы заңда «ақпарат құралы өз еркімен жабылады немесе оны сот жабады» деп жазылғанмен, іс жүзінде соттар мүлдем басқа талаптар бойынша жабады
төлеуге міндеттеп, орындалмайтын шешім шығарады. Осының кесірінен көп жағдайда ақпарат құралдары жабылып жатады. БАҚ туралы заңда «ақпарат құралы өз еркімен жабылады немесе оны сот жабады» деп жазылғанмен, іс жүзінде соттар мүлдем басқа талаптар бойынша жабады, – дейді Тамара Калеева.

Оның айтуынша, заңнамалық тұрғыда мұндай қарама-қайшылықтар тым көп. Сөз бостандығы аясында көптеген мәселелерді санамалап үлгермеген қор жетекшісі бағдарлама авторларын осыған мән беруге шақырды.

«10 АЙДА – ҚЫСЫМ ЖАСАҒАН 4 АДАМ ЖАЗАЛАНҒАН»

Елдегі қысым мәселесіне тоқталған Құқықтық саясатты зерттеу орталығының атқарушы директоры Назгүл Ерғалиеваның айтуынша, қысыммен күрес саласында да теория мен практика қабыспайды.

– 2010 жылы Қысымға қарсы коалицияға қысым және қатыгез әрекеттердің қолданылуына қатысты азаматтар тарапынан 263 шағым түскен. Осыған орай коалиция Бас прокуратураға арнайы сауал жолдады. Осылайша прокуратурадан мынадай ақпарат алдық: 2009 жыл тек бір адам ғана қысым жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылса, 2010 жылы 10 айдың ішінде 4 адам жазаға ұшыраған. Бұл көрсеткіштерді түскен шағымдар санымен салыстырсаңыз, өте аз екенін байқайсыз, – деді Назгүл Ерғалиева.

Назгүл Ерғалиева Адам құқығы комиссиясына іс жүзінде орындалмай жатқан көптеген проблемалардың (қамақта отырған кезде қысым қолдану, қысым күтіп тұрған елге азаматтарды қайтару, қысымды бақылаудың тиімді механизмдерінің жоқтығы, т.б.) шешілмей отырғанын айтып, комиссияның назарын соларға аударуға тырысты.

Дөңгелек үстел барысында жоспар авторларына «жоспардың қалай іске асырылып жатқаны турасында жауапты органдардың толық ақпарат таратпауы», «оның азаматтық қоғамның араласуынсыз біржақты жасалуы», «кейбір орынсыз мәселелердің көтеріліп, керісінше өзекті проблемалардың тасада қалуы» туралы сын айтылды.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG