Accessibility links

Жаңаөзенді айтқан БҰҰ өкілі Тунисті де еске алды


БҰҰ бас хатшысының орынбасары, адам құқықтары жөніндегі бас комиссары Нави Пиллэй, Астана, 12 шілде 2012 жыл.

БҰҰ бас хатшысының орынбасары, адам құқықтары жөніндегі бас комиссары Нави Пиллэй, Астана, 12 шілде 2012 жыл.

Шілденің 12-сі күні БҰҰ бас хатшысының орынбасары, адам құқықтары жөніндегі бас комиссары Нави Пиллэй Астанада Қазақстанның үкімет өкілдерімен кездесіп, арнайы мәлімдеме таратты.

БҰҰ өкілі ресми кездесулерден кейін жазбаша таратқан арнайы мәлімдемесінде "Қазақстан өзі ратификациялаған Адам құқықтары туралы халықаралық заңды орындауы керегін" ескерте келе, Жаңаөзен оқиғасына тоқталды.

Жаңаөзендегі оқиғаға жергілікті билік орындарының жемқорлығы себеп болғанын айтқан өкіл "оқиға кезінде билік өз өкілетін асыра пайдаланып, күш қолданғанын" ескертті.

"Тергеу кезіндегі азаптау мен күшпен мойындату деректері толық тексерілмеді, сот барысында да күмәнді жағдайлар көп болды" деп мәлімдеген Нави Пиллэй "атыңдар" дегенді бұйрықты полицияға кім бергені анықталмай қалғанын да айтты.

Өкіл Жаңаөзен сотына байланысты мұндай деректер Қазақстанның беделіне нұқсан екенін ескертті. "Бұл іске байланысты егжей-тегжейлі жауап берудің жалғыз жолы - тәуелсіз халықаралық тергеу жүргізу" деген кеңес берді өкіл ел үкіметіне.

БҰҰ өкілінің пікірінше, "Жаңаөзен қаласында болған оқиғаны тексерудің қате тұстары болды, толық қамтылмады, әділ сот тергеуі жүрмеді" деген сөздің өзі елдегі құқық қорғау және сот жүйесі заңдарын реформалау қажеттілігін білдіреді.

Нави Пиллэй елдің тыныштығы үшін "тек экономикалық өсім мен қарқынды даму ғана жеткіліксіз" екеніне Жаңаөзенде 2011 жылы желтоқсанда болған оқиғаны мысал ретінде айтты.

Өкілдің пікірінше, халықтың азаматтық, мәдени, саяси және әлеуметтік құқықтарын елемей, елдің экономикалық көрсеткішін ғана есепке алу бұрыс екенін Тунистегі оқиға дәлелдеді.

БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Нави Пиллэй Қазақстанға Орталық Азия елдеріне жасаған ресми сапары аясында келді. Ол бұған дейін Қырғызстанға барған.

БҰҰ комиссары Нави Пиллэй 11 шілде күні Алматыда қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездескен. Кездесуде елдегі сөз еркіндігі, діни сенім, ар-ұждан бостандығы мәселелері, Жаңаөзен оқиғасы талқыланған еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG