Accessibility links

Назарбаев «мәселенің қайда жатқанын» көрсетті


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. (Көрнекі сурет)

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. (Көрнекі сурет)

Ақпанның 14-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Оған депутаттар, облыс әкімдері мен мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Қазақстанның жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, үкімет отырысында президент жолдауына байланысты 2014 жылы атқарылатын шаралар талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев «экономикалық өндірісті 6-7 пайызға өсіру үшін шетелден де, іштен де инвестиция тарту керек» деп мәлімдеді.

«ИНВЕСТОР ТІЛІН ТАППАСА, ҮКІМЕТ КЕТЕДІ»

Үкімет басшысы Серік Ахметов 2013 жылы "негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 6,5 пайыз болғанын" айтты. Бұған қатысты Назарбаев «Қазақстанды инвесторларға арналған жұмақ деп айта алмаймын» деп, жұмыс дұрыс атқарылмаған жағдайда үкіметті отставкаға жіберетінін мәлімдеді.

«Инвесторлардың тілін табуымыз керек. Мұны жасай алмасаңдар, бұл жұмысты басқа үкімет іске асырсын. Бұл - сендерге жасаған ескертуім» деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев инвестиция өңдеуші салаға, орта және шағын бизнеске қажет екенін айтты.

Қазақстан премьер-министрі Серік Ахметов. (Көрнекі сурет)

Қазақстан премьер-министрі Серік Ахметов. (Көрнекі сурет)

Қазақстан президенті бұған қоса, «Трансұлттық компаниялар келген кезде ғана индустриализация жүреді, солармен бірігіп ірі өндіріс орындарын ашамыз. Бірақ бізде шетелдіктермен түсінісіп, осы мәселені шеше алатын адам жоқ. Міне, мәселе қайда жатыр?» деді.

Президент Назарбаев «нақты сұраққа жалпылама жауап берген» экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаевты сынады.

Президент Назарбаев министр Досаевқа «Эзоп тілінде сөйлемей, адам тілінде сөйле. Нақты сұрақ қойып отырмын. Ешкім түсінбейтін лекция оқығанша, шетелдік инвесторлар неге келгісі келмейді, оларға не керек - соның тізімін жаса, болды» деді.

ЖАЛАҚЫ ЖӘНЕ ДЕВАЛЬВАЦИЯ

Нұрсұлтан Назарбаев «Үкіметке азаматтық мемлекеттік қызметкерлердің айлығын сәуірдің 1-інен бастап 10 пайызға көтеруді тапсырамын. Олар - бірінше кезекте білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және спорт саласы қызметкерлері. Тау-кен және металлургия кешені, мұнай-газ және ұлттық компаниялар басшыларына айтарым - жұмысшылар жалақысын 10 пайызға көтеру мәселесін қарастырыңыздар» деді.

Үкімет отырысында сейсенбі күні жасалған теңгенің девальвация мәселесі де айтылған. Девальвациядан кейін қазақстандықтардың кейбірі теңгемен жинаған ақшаларының 20 пайызға құнсызданып қалғанына, азық-түлік және тұтыну тауарларының бағасы өсе бастағанына, несиелерін қайтарудың қиындай түсетініне наразылық білдірген.

Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов отырыста «ақшаны теңгемен жинау пайдалы екенін айтқан». Ол бұдан өзге ұлттық банктің «қайтарылмайтын тұтыну несиелерінің көлемін азайту» мақсатында жұмыс істей бастағанын мәлімдеген. Ол үшін ай сайынғы несие төлемінің көлемі несие алушы айлығының 50 пайызынан аспауы керек деген ереже енгізіліп отыр.

«23 ЖЫЛДАН БЕРІ ОСЫЛАЙ ҚОРҚЫТАДЫ»

Қазақстан президентінің кеңейтілген үкімет жиынын өткізетіні туралы ақпарат тарағалы Facebook әлеуметтік желісінде қилы пікірлер айтылды.

Кей пікірлерге қарағанда, «президенттің үкіметке не айтатыны алдын ала белгілі». Мысалы, әлеуметтік желі қолданушысы Қасым Аманжолұлы «Назарбаев бүгін үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізбек. Ызбарланып ұрысқан болады. Жарайды, мұның барлығы белгілі сценарий ғой, менің ойлап отырғаным - кешеден бері премьер Базарда сауда жасап тұрған қазақстандық. (Көрнекі сурет)

Базарда сауда жасап тұрған қазақстандық. (Көрнекі сурет)

бастап «жергілікті әкімдер бағаны қадағаласын, тексерсін, жазаласын» деп нұсқаулатты. Енді мынаны қараңыз: біріншіден, жергілікті әкімдер базар жағалап орта бизнесті қыспаққа алса, президенттің тікелей бұйрығын, яғни «кәсіпкерлерді тексеруді доғару» бұйрығын бұзады ғой? Сосын базар жағалаған әкімнің тәбеті ашылып кетпесіне қандай кепілдік бар?» деп жазады.

Осыған орай әлеуметтік желі қолданушы Нұржан Наурызов «Ұрысу емес, спектакль емес пе» десе, үкімет жиыны туралы алғашқы ақпараттар шығысымен «Қатты ашуланып жатырмыз! Шынымен сеніп қалып жүрмеңдер» деп кекетті.

Әлеуметтік желі қолданушылардың бірі Асхат Оразаев президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «23 жылдан бері осылай қорқытып келе жатқанын» айтады.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG