Accessibility links

Назарбаев «Қазақстанда автократия орныққан» дегенге таңырқады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Астанада Қазақстан конституциясының 20 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция басталды. Жиында президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанда автократия орныққан» деген пікірлерге таңғалатынын білдірген.

Қазақстандағы жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан Қазақстан конституциясының 20 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференцияға БҰҰ, ЕҚЫҰ (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы) және басқа да халықаралық ұйым өкілдері қатысып жатыр. Осы жиында сөйлеген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанда автократиялық билік орныққан» дейтін пікірлерге таңғалатынын білдірген.

Нұрсұлтан Назарбаев «Бізді «Қазақстанда автократиялық билік орнықтырды» деп айыптаушылар бар екенін білемін. Әрбір 4-5 жыл сайын бүкілхалықтық дауыс беру арқылы азаматтар президент пен парламентті сайлап отыр. Балама кандидаттары бар бұл сайлаулар еркін өтеді, сонда қалайша автокртиялық билік орныққан деуге болады? «АҚШ-тан бастап Еуропаға дейін өмір сүріп келе жатқан қазіргі демократиялық жолмен тезірек жүріңдер» дейді. Біз оны өте жақсы түсінеміз. Демократия – адамзат дамуының ортақ жолы, біз де сол жолмен жүреміз. Бірақ өзіміздің «азиялық қоғам» екенімізді естен шығармауымыз қажет, мәдени, діни көзқарастарымыз да, дәстүріміз де Батыстан өзгеше, сондықтан барынша сақ қимылдауымыз керек» деген.

Нұрсұлтан Назарбаев «Оның үстіне басқа елдерден өзгешелігі - мұнда соңғы 300 жыл бойы ешқандай демократия, саяси мәдениет болмаған. Сондықтан, біздің қызметімізді бағалағанда, біздің достарымызға азиялық қоғам жүйесімен, тарихы, мәдениеті және дәстүрімен тереңірек танысу керек деген кеңес берер едім» дейді.

Қазақстан президентінің айтуынша, «елді құрдымға жіберуі мүмкін асығыс қимылдар мен саяи абстрактілі схемалардың мысалын» көршілес елдерден көруге болады.

Назарбаев жиында сәуірде мерзіміне бұрын өткен президент сайлауын «халықтың сұрауымен» болған шара ретінде түсіндірген. Ол «Сіздер менің неше жаста екенімді, қанша жыл қызметте екенімді жақсы білесіздер. Мен мүлде басқа нәрсе туралы ойлаған едім. Бірақ келе жатқан жаһандық саяси жағдайға қарай, бес миллион сайлаушы, яғни олардың 70 пайызы маған жалғастыру жайында үндеу жолдады. Қазақстанның көпұлтты мұқым халқы, 98 пайыз сайлаушы бірауыздан бір адамға дауыс берді» деген.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президенті болған 26 жылда елде алты рет президент сайлауы өтті. ЕҚЫҰ бақылаушылары биылғы президент сайлауының әділ өткеніне күмән келтіреді.

XS
SM
MD
LG