Accessibility links

Жұмысшылар сыйлығы мен арнайы сайт арқылы құттықтау


Букингем сарайына келген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Лондон, 4 қараша 2015 жыл.

Букингем сарайына келген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Лондон, 4 қараша 2015 жыл.

Қазақстанның тұңғыш президенті күні - жуырда пайда болған мереке. Алғаш 2012 жылы желтоқсанның 1-і күні мерекеленген. Биылғы мерекелік шаралардың көлемі бұрынғыдан ауқымдырақ.

Биылғы желтоқсанның 1-і күні, яғни сейсенбі - Қазақстанда үшінші жыл мереке саналып келеді. Бұл – тұңғыш президент күні. Соңғы бірнеше апта бойы қилы жарыс, көрмелер өткізу қарбаласымен айналысқан жүздеген, мыңдаған оқушылар, жұмысшылар, түрлі сала менеджерлері мен мемлекеттік қызметшілер бұл күні демалуға әбден лайық. Тұңғыш президент күніне орай өтуі тиіс мерекелік шаралардың саны мен тақырыптарына қатысты нұсқаулар Астанадан түскен.

АЛЖИР: «КЕМЕҢГЕР КӨШБАСШЫ»

Өткен аптаның аяғында ел астанасында тұңғыш президент күніне арналған «Тарихи таңдау» жобасының жалғасы - «Тарихи таңдау. Өрлеу» тақырыптық көрмесі ашылды.

Демалыс күндері Астанада көркем гимнастикадан «Астана-Бәйтерек» республикалық жарысы өтті. Сыртқы істер министрлігінде ашылған кітап көрмесіне көбінесе президент Назарбаевтың кітаптары мен Қазақстан елшіліктерінің оған арнап әр кезеңде, түрлі тілдерде шығарған кітап, журналдары мен фотоматериалдары қойылған.

Жоғарыда аталған іс-шаралар - Астанада өтіп жатқан мерекелік шаралардың аз ғана бөлігі.

Ақмол ауылы тұрғындары Сталин репрессиялары құрбандары ескерткіші жанында карта ойнап отыр. 14 сәуір 2011 жыл.

Ақмол ауылы тұрғындары Сталин репрессиялары құрбандары ескерткіші жанында карта ойнап отыр. 14 сәуір 2011 жыл.

ГУЛАГ-тың Астана іргесіндегі АЛЖИР (отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері) мұражайында қарашаның 30-ынан желтоқсанның 7-сіне дейін «Мемлекет басшысы – кемеңгер көшбасшы» тақырыбында көрме өтеді.

Биыл «Хан шатыр» сауда және ойын-сауық орталығы алдындағы алаңда орнатылған елдің бас шыршасын желтоқсанның 1-інде президент Назарбаев жағады деп жоспарланған. Ал «Қазақстан» орталық концерт залында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Тұлға. Елбасы.Тарих» концерті өтеді.

ҚҰЙМАЛАР, ФЛЕШМОБ ЖӘНЕ ИНТЕРНЕТТЕГІ ҚҰТТЫҚТАУЛАР

Тұңғыш президент күні елдің бүкіл аймағында тойланады. Мысалы, Алматыдағы ұлттық мұражайда «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» кітап көрмесі және мектеп оқушылары арасында «Менің тұңғыш президентім» республикалық конкурсы өтті.

Мереке қарсаңында Маңғыстау облысында әскери-теңіз күштерінің шығармашылық ұжымдары Ақтау гарнизонына қарасты әскери бөлімдермен бірлесіп патриоттық әндер айтты. Талдықорғанда Назарбаев зияткерлік мектебі оқушылары би флешмобын өткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев мектепте жүр. Алматы, 8 сәуір 2015 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаев мектепте жүр. Алматы, 8 сәуір 2015 жыл.

Шығыс Қазақстан облысында «Ақ тілекпен, Елбасыға!» акциясы басталды. Аймақ тұрғындары Кz1.kz арнайы веб-сайтына кіріп, өз тілек-құттықтауларын жолдай алады. Сайтта жарияланған жарты миллионға жуық құттықтау-тілектер төмендегі сарында жазылған:

Нина Колесниченко: «Елдегі келісім мен бейбітшілік үшін мен Сізге ризамын!»

Қуаныш Әлиханов: «Мейрамыңызбен, құрметті Елбасы!»

Тұңғыш президент күні қарсаңында Павлодар қаласындағы Қазақстан электролиз зауыты жұмысшылары әрқайсысының салмағы бір тонна болатын 74 алюминий құйма-блоктан ұзындығы 15 метрге жететін «Елбасы» сөзін мерекелік тарту ретінде құрастырған. Жұмысшылар сыйының фотосуреті жергілікті ақпарат құралдарында жаппай жарияланды.

ПАТРИОТИЗМ, ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЖЕКЕ БАСҚА ТАБЫНУ

Қарағанды облысы білім басқармасының Кrg-edu.kz сайтында тұңғыш президент күніне орай «мектеп оқушылары бойында қазақстандық патриотизм сезімін, көшбасшылық қасиеттерді тәрбиелеуі тиіс» іс-шаралар өтетіні туралы ақпарат жарияланған.

Сайтта «Аудан-қалалардың білім беру бөлімдері мен облыстағы білім беру мекемелеріне Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Қарағанды облысы Ішкі саясат басқармасының мерекені ұйымдастыру жөніндегі Концепциясы жолданды. Ұйым-мекемелерді безендіру менТәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы ҚР Тұңғыш Президентінің рөлі туралы ақпараттық стендтерді безендіру кезінде алдағы мерекенің идеялық мазмұнын ескеру тапсырылды. Тұңғыш президент күніне арналған ұрандардың мәтіні жіберілді» деп жазылған (орфографиясы мен пунктуациясы сақталды).

Назарбаев портреті ілінген Ұлттық музейден шығып келе жатқан студенттер. Алматы, 28 қараша 2012 жыл.

Назарбаев портреті ілінген Ұлттық музейден шығып келе жатқан студенттер. Алматы, 28 қараша 2012 жыл.

«Акмолинская правда» газетінің Apgazeta.kz сайтында «Елбасымыз жасай берсін, Тәуелсіздігіміз мәңгілікке жасасын» интеллектуалдық ойынында «болашақ фермерлер интеллектісі жарқырап көрінді» деп жазылған. Интеллектуалдық ойын Целиоград ауданындағы №9 агротехникалық коллежінде өткен. Колледж оқушылары президент Назарбаевтың өмірбаяны мен қызметіне қатысты білімін таластыруы және Қазақстан тарихы мен мәдениеті бойынша сұрақтарға дәл әрі шапшаң жауап беруі тиіс болған.

Әлеуметтік желілерде жұрт Нұрсұлтан есімін иеленгендердің бәрі қатыса алатын «Менің атым Нұрсұлтан» тақырыбында жазылған эсселер конкурсына назар аударған. Бұл конкурсты қазақстандық интернет-сегментті дамытумен айналысатын «Казконтент» акционерлік қоғамы жариялаған. Конкурс талаптары онша қиын емес. Конкурсанттар бір-екі бет көлеміндегі эссеге өзіне Нұрсұлтан есімін кім және не себепті қойғанын жазып, өзінің жетістіктерін тізіп шықса болды. «Казконтент» компаниясы мамандарының айтуынша, «балалар Қазақстан президентіне деген құрметін білдіре алатын бұл байқау патриотизмге тәрбиелейді».

Әлеуметтік желідегі кейбір бақылаушылар мұндай конкурстар ширек ғасырдан бері Қазақстанның бірінші ғана емес, жалғыз президенті болған Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына табынуды насихаттайды деп санайды.

Мұнда ешқандай жеке басқа табыну жоқ.

Президентшіл коммунистік халық партиясының бейресми жетекшісі Владислав Косарев бұл пікірмен келіспейді:

- Бұл мереке - осы уақытқа дейін халық пен мемлекеттің жауапкершілік жүгін арқалап келе жатқан президент Нұрсұлтан Назарбаевқа деген халық құрметінің белгісі. Мұнда ешқандай жеке басқа табыну жоқ, - дейді ол.

Оппозициялық жалпыұлттық социал-демократиялық партия жетекшісі Жармахан Тұяқбайдың пікірі бұған қарама-қарсы:

Бұл мереке - президент Назарбаевтың айналасындағы жағымпаздар қалыптастырып отырған жеке басқа табынудың көрінісі.

- Бұл мереке - президент Назарбаевтың айналасындағы жағымпаздар қалыптастырып отырған жеке басқа табынудың көрінісі. Бірақ бұл мереке туралы заңға оның өзі қол қойғанына қарағанда, демек олар оны көндіргенәрі бұл мереке оның өзіне де ұнайтын сияқты.

Биыл тұңғыш президент күні сейсенбіге дөп келіп отыр әрі демалыс күні болып жарияланған. Елде бұл мереке 2012 жылдан бері тойлана бастаған. 1991 жылы желтоқсанның 1-і күні алғашқы жалпыхалықтық сайлауда жалғыз кандидат Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ ССР президенті қызметіне қайта сайланған. Елдегі тағы бір мемлекеттік мереке – Астана күнін де Назарбаевтың тұлғасымен байланыстырады. Астана күні мерекесі Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні - шілденің 6-сына белгіленген.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG