Accessibility links

Назарбаев «өзгеше жоспары» жайлы айтты


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Алматы, 25 ақпан 2015 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Алматы, 25 ақпан 2015 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаев алдағы сайлауға түсетініне «күмәні бар» екенін мәлімдеді. Ол «декорацияны өзгертетін уақыт келген шығар» деген

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Халықаралық әйелдер мерекесі (8 наурыз) қарсаңында қазақстандық әйелдермен кездесуінде өзінің алдағы президент сайлауына түсетініне "күмәні бар екенін" айтты.

Назарбаев "Қазір сайлау науқаны басталды. Бұл туралы идеяны негізінен әйелдер қолдаған. Маған қазір сайлауды қолдаған, кандидатурамды ұсынуды сұраған мыңдаған адамнан хаттар келіп жатыр. Шынымды айтайын, менің жеке жоспарым мүлдем басқа болатын. Мен тәуелсіздіктің бастауында тұрдым. Театрда айтатындай, декорацияны өзгертетін уақыт келген шығар" деген.

Жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, Назарбаев кезінде Сингапур басшысы Ли Куан Юден не себепті отставкаға кеткенін сұрағанын айтқан. Ол "Ли Куан Ю маған Сингапурды 31 жыл басқарғанын, соңғы жылдары телевизордан көргенде өзіне-өзі ұнамағанын айтты. Мен "мүмкін телевизор бұзып көрсететін шығар" дедім. Менің да жоспарым сондай. Бірақ қазір халықтың бірігуі, қалауы, ұмтылысы ерекше. Бүгін Сіздермен бұдан ары не істегенім жөн деп ақылдасқалы отырмын" деген.

Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауы 26 сәуір күні өтетін болып белгіленді. Әзірге сегіз адам өз кандидатураларын, Қазақстанның халықтық коммунистік партиясынан бір кандидатура ұсынды.

Орталық сайлау комиссиясы кеше өзін-өзі ұсынған бір үміткердің мемлекеттік тіл емтиханынан өте алмай қалғанын хабарлаған.

Нұрсұлтан Назарбаев әзірге кандидатурасын ұсынған жоқ. 11 наурыз күні Астанада Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясының кезекті съезі өтеді.

XS
SM
MD
LG